Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адал қызмет – лайықты құрмет

0 186

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалалық әкімдіктің мәжіліс залында қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып, қажырлы еңбегімен үлкен жетістіктерге қол жеткізген азаматтарды марапаттады.

Арайлым Шабденова

Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі осымен екінші жыл тапсырылды. Салтанатты іс-шарада қала әкімі Айтқазы Қарабалаев он үш азаматқа арнайы төсбелгіні табыс етті

– Сіздерді барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария етіп, Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 28 жылда бағындырған белестері орасан. Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткендей, тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Осы мереке қарсаңында өңірдің, шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттау – мен үшін үлкен қуаныш, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Сондай-ақ бұл күні еліміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың ішінде «Арнайы рәсімдік қызмет атқару орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қадырхан Абдуллаев, зейнеткер, қаланың құрылуына үлес қосқан құрылысшы Сергей Айтышев, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Қатира Аққұлиева, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының кеңесші-инспекторы Рахманқұл Байтелиев, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің бас директорының кеңесшісі Досымжан Бержанов, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Таймас Сағынтаев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сейітқасым Түктібаев бар. Сонымен қатар салтанатты жиында облыс, қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары азаматтарға табыс етілді. Марапат төрінен көрінген азаматтар атынан Тараз қаласының Құрметті азаматтары Қатира Аққұлиева мен Болат Бекжанов мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін айтып, көпшілікке алғыс білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.