Жаңа оқу жылының жақындауымен бірге елімізде балалардың мектепке толық дайындықпен баруын қамтамасыз ететін дәстүрлі игі шаралар басталады. Осы орайда, елімізде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Бала қуантқан бақытты» тақырыбында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіледі.
Акцияның негізгі мақсаты – көп балалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға материалдық қолдау көрсету. Білім бөлімінің басты міндеті – материалдық жетіспеушілік пен әлеуметтік себептерге байланысты бірде-бір баланың сабақтан тыс қалмауын қатаң бақылауға алу.
Осы мақсатта білім бөлімі тарапынан тиісті санаттағы балалардың тізімдерін нақтылау және мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар білім беру ұйымдары жанынан демеушілер мен жанашыр азаматтардан мектеп формасы, аяқкиім, сөмке мен кеңсе тауарларын қабылдау нүктелері ұйымдас- тырылады.
Мектеп табалдырығын аттайтын әрбір баланың жүзінде күлкі, көңілінде қуаныш болуы – барша қоғамның ортақ міндеті. Осыған орай, білім бөлімі барлық жергілікті кәсіпкерлерді, мекеме басшыларын, волонтерлерді және жүрегі жомарт әрбір азаматты бұл қайырымдылық іс-шарасына белсенді қатысуға шақырады.
Бірлескен игі ісіміздің арқасында талай баланың жүзіне қуаныш сыйлап, олардың білімге деген құлшынысын арттыра аламыз. Ендеше, қайырымдылық керуеніне үн қосып, әр балаға бақытты балалық шақ пен жарқын болашаққа жол ашайық!
Сіздердің бұл қадамдарыңыз – өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған үлкен қамқорлық. Жақсылық жасап жарысайық!
Тараз қалалық білім бөлімі