Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жас ақынмен жылы жүздесу

0 68

Айтыс – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті сөз өнері, ұлт руханиятының алтын арқауы. Домбыраның күмбірімен көмкерілген айтыс – ақындардың тапқырлығы мен шешендігін, білім-парасатын сынға салатын ерекше өнер. Бұл киелі өнер халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, елдің рухын көтеріп келеді. Бүгінде осы дәстүрді лайықты жалғастырып жүрген жас айтыскерлердің бірі – Алина Айдаралы.

Ұлты балқар болса да, қазақтың төл өнерін жүрегімен қабылдап, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген дарынды қыз. Ұшқыр ойы, өткір тілі, суырыпсалмалық қабілеті мен сахнадағы мәдениеті арқылы ол аз уақыттың ішінде айтыссүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерген жас шайырмен кеше облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Әулиеата» клубы аясында «Өнерге ғашық жүрек» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Ғасырлар қойнауынан жеткен айтыс өнерінің өміршеңдігін дәріптеп, оның рухани құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру, қасие- тті Әулиеата өңірінен түлеп ұшқан айтыс өнері өкілдерінің есімін ұлықтау және Жамбыл жерінен шыққан жас ақындардың шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсету мақсатында өткен кеш барысында қонақпен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы жанынан құрылған «Ақберен» айтыс үйірмесі мен «Қаратау» жыр үйірмесінің шәкірттері еркін форматта сыр-сұхбат құрып, шығармашылық жолы, өнердегі ізденісі, айтыстың қыр-сыры мен ақындық мектеп жайында ой бөлісті.
Кездесу аясында дәстүрлі әнші, орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Бекарыс Көштаев Жамбыл Жабаевтың «Төгейін жырды халқыма» шығармасын орындаса, жыршы Әбілқайыр Сәрсен Махамбет Өтемісұлының «Жекпе-жек» жырын нақышына келтіре орындап, көпшілікке жырдан шашу шашты.
– Айтыс – мен үшін жай ғана өнер емес, халқымның рухы мен тарихын, ұлттық болмысын танытатын киелі мұра. Домбыраны қолға алған сайын қазақтың қасиетті сөз өнеріне деген жауапкершілікті сезінемін. Менің мақсатым – жеңіс қуу ғана емес, айтыс арқылы елдің мұңын айтып, ұлттық ықыласы мен батасы – мен үшін ең үлкен марапат, – дейді жас ақын.
Алина Жамбыл ауданына қарас- ты Айшабибі ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қасиетті Әулиеата топырағында өтіп, қазақы ортада тәрбиеленді. Қазақ тілін жетік меңгеріп, ұлттық өнерге ерте жастан қызығушылық танытқан ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ айтысқа бет бұрды. Оның өнер жолына түсуіне Айшабибі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құралай Райымбекованың еңбегі зор. Ұстазының бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында Алина алғашқы сөз сайыстарына қатысып, талантымен көзге түсе бастады.
Алина Айдаралының жетістіктері де аз емес. Ол Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Жамбыл облысының абыройын асқақтатты. Кейін Алматы облысының Ұзынағаш ауылында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбындағы республикалық дәстүрлі ақындар айтысында тамаша өнер көрсетіп, Бас жүлдені иеленді. Ал 2023 жылы Астана қаласында өткен республикалық қорытынды «Алтын домбыра» айтысында да Алина өз өнерін жоғары деңгейде көрсетіп, арнайы жүлдеге ие болды. «Алтын домбыра» – айтыс әлеміндегі ең беделді дода болғандықтан, бұл байқауға қатысудың өзі үлкен мәртебе.
Өнер жолы – үздіксіз ізденісті талап ететін қиын да қасиетті жол. Осы жолда табандылық танытып келе жатқан Алинаның алдағы уақытта да талай биікті бағындырып, қазақ айтысының абыройын асқақтата беретініне сенім мол.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.