Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

СӘУЛЕТТІ ҚАЛА – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

0 52

Сәулет және құрылыс саласы – кез келген мемлекеттің дамуының негізі мен жүрегі. Сәулетшілер қаланың келбетін, ыңғайлылығын ойластырса, құрылысшылар сол жобаны нақты өмірге айналдырады. Осы екі сала бірлескенде ғана берік үйлер, заманауи мектептер, ауруханалар, мәдени орталықтар мен жолдар пайда болады. Міне сондықтан да мемлекетімізде құрылыс саласына ерекше көңіл бөлініп, әр жылдың тамыз айының екінші жексенбісінде Құрылысшылар күні атап өтіледі. Биылғы жылы бұл мереке 9 тамызға сәйкес келіп отыр.

Қазіргі таңда шаһарда бұл саланы реттеп, қаланың бас жоспарын жүзеге асыруда Тараз қаласы әкімдігінің Сәулет және құрылыс бөлімі маңызды рөл атқарады. Бөлім мамандары қаламыздағы жаңа тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, саябақтар мен жолдардың құрылысына сәулеттік бақылау жүргізіп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысып келеді. Соңғы жылдары Таразда бой көтерген жаңа ықшам аудандар, балабақшалар, мектептер мен спорт кешендері – осы бөлімнің және қала құрылысшыларының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексін іске асыру аясында әзірленген Қазақстан Республикасы қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары қолданысқа енгізілді. Құжат елді мекендерді абаттандыруға қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыруға, мемлекет, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері, кәсіпкерлік субъектілері мен азаматтар арасындағы жауапкершілікті нақты бөлуге, сондай-ақ қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған.
Бұрын қолданыста болған қағидалармен салыстырғанда жаңа редакция кешенді сипатқа ие және абаттандыру саласындағы талаптардың аясын едәуір кеңейтеді. Ең алдымен абаттандыруға деген көзқарас өзгертілді. Бұрын негізгі назар аумақтардың санитариялық жай-күйін сақтауға, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге аударылса, енді абаттандыру қауіпсіз, жайлы, заманауи әрі эстетикалық тартымды қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешені ретінде қарастырылады.
Жергілікті абаттандыру қағидаларында өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушыларына объектінің периметрі бойынша бес метр шегіндегі іргелес аумақты күтіп-ұстау міндеті жүктелді. Бұл ретте жер учаскесін меншікке немесе жер пайдалануға беру туралы сөз болып отырған жоқ. Меншік иелері мен пайдаланушылар аталған аумақтың санитариялық жай-күйін өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге міндетті.Тұрғын аумақтарды күтіп-ұстауға қойылатын талаптар күшейтілді. Жеке тұрғын үй құрылысы аумағында құрылыс және өзге де материалдарды жер учаскесінен тыс жерде жинап қоюға тыйым салынды.
Сондай-ақ құрылыс материалдарын уақытша орналастыруға тек құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ғана жол беріледі. Бұл ретте олардың жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі, қауіпсіздікке қатер төндірмеуі және жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақтың тиісті санитариялық жағдайға келтірілуі міндетті. Сонымен бірге көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында бөлшектелген немесе жарамсыз көлік құралдарын орналастыруға, сондай-ақ автотұрақ орындарын ортақ пайдалануға кедергі келтіретін өз бетінше орнатылған тұрақ шектеуіштерін және басқа да құрылғыларды орналастыруға тыйым салынады.
Сонымен қатар көлік құралдарының көгалдар мен жасыл аймақтарға кіруіне жол бермейтін шектеу элементтерін орнату көзделген. Көгалдандыруға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленді. Үлгілік қағидаларда жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты субъектілер айқындалған.
Саябақтарды, гүлзарларды, бульварларды және жалпыға ортақ пайдаланылатын өзге де аумақтарды күтіп-ұстауды жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласын көгалдандыруға мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) мен басқарушы компаниялар жауапты болады.
Жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушылары жергілікті абаттандыру қағидаларында көзделген жағдайларда өздеріне бекітілген және іргелес аумақтардағы жасыл желектерді күтіп-ұстауға міндетті.
Сонымен қатар бүгінгі таңда қалалық ортаның сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Қағидаларда көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына, балалар және спорт алаңдарына, сыртқы жарықтандыруға, шағын сәулет нысандарына және қоғамдық кеңістіктерге қойылатын нақты талаптар белгіленген. Ерекше назар кедергісіз ортаны қалыптастыруға, жасыл желектерді сақтауға, энергия үнемдейтін технологияларды қолдануға, қауіпсіз жабдықтарды пайдалануға және елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға аударылған. Ал үй жануарларын ұстау мәселелері реттелді.
Алғаш рет Үлгілік қағидалар деңгейінде ит серуендетуге арналған арнайы алаңдарды жабдықтау талаптары белгіленді. Жануарлардың иелеріне үй жануарларының тіршілік әрекетінің қалдықтарын дереу жинау міндеті жүктелді. Сонымен қатар балалар ойын және спорт алаңдарының аумағында үй жануарларын серуендетуге тыйым салынады. Абаттандыруға қатысушылардың жауапкершілігі нақты бөлінді. Қағидаларда абаттандыруға қатысушылардың міндеттері нақты айқындалған.
Қағидалардың талаптарын сақтауға жергілікті атқарушы органдар, жылжымайтын мүлік объектілерінің меншік иелері мен пайдаланушылары, мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), кооперативтер және басқарушы компаниялар, кәсіпкерлік субъектілері, коммуналдық кәсіпорындар, инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымдар, мердігер ұйымдар, жеке тұлғалар жауапты. Осылайша, абаттандыру мемлекет, бизнес және тұрғындардың ортақ міндетіне айналады. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері қағидалардың жаңа редакциясында жергілікті атқарушы органдардың рөлі едәуір кеңейтілді.
Ал әкімдіктерге жергілікті абаттандыру қағидаларын әзірлеу және бекіту, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, абаттандыру объектілерін күтіп-ұстауды қамтамасыз ету, көгалдандыру жұмыстарын және жасыл желектерді күтуді ұйымдастыру, мемлекеттік органдардың, коммуналдық кәсіпорындардың және мердігер ұйымдардың қызметін үйлестіру, абаттандыру объектілерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу, халық пен кәсіпкерлік субъектілері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру функциялар жүктеледі.
Сонымен қатар үлгілік қағидалардың қолданысқа енгізілуімен бір мезгілде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабы (абаттандыру қағидаларын бұзу) және 434-2-бабы (ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту өкілеттігі берілді. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 729-бабына сәйкес мұндай істерді тиісті деңгейдегі әкімдер және олардың орынбасарлары қарайды.
Бұл өзгерістер қағидалардың сақталуына бақылауды күшейтуге және абаттандыруға қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Өзгерістердің негізгі мақсаттары қабылданған өзгерістер, қалалық ортаны күтіп-ұстау жөніндегі міндеттерді нақты бөлуге, елді мекендердің абаттандырылу деңгейін, санитариялық жағдайын және сәулеттік келбетін жақсартуға, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне мемлекет, бизнес және тұрғындардың ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында жаңа үлгілік қағидаларды іске асыру мақсатында шаһарды абаттандыру қағидаларын жаңа редакцияда әзірлеп, қалалық мәслихаттың бекітуіне енгізу, қолданыстағы қалалық нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жаңа талаптарға сәйкестендіру. Жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдарының, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру. Жөндеуді, реконструкциялауды немесе ауыстыруды қажет ететін объектілерді айқындай отырып, абаттандыру элементтеріне түгендеу жүргізу.
Қаланың бюджеттік мүмкіндіктерін ескере отырып, қағидалар талаптарын кезең-кезеңімен іске асыру жоспарын әзірлеу, қағидалардың сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастыру. Кәсіпкерлік субъектілерімен, мүлік иелерінің бірлестіктерімен, басқарушы компаниялармен және қала тұрғындарымен бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, әкімдіктің ресми интернет-ресурстары арқылы кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыс- тарын жүргізу. Осылайша, жаңа үлгілік қағидалар бірыңғай талаптарға, жауапкершіліктің нақты бөлінуіне және олардың сақталуына бақылауды күшейтуге негізделген абаттандырудың заманауи жүйесін қалыптастырады.
Қорыта айтқанда Тараздың сәулеттік келбетін заман талабына сай қалыптастыру – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын құрудың басты алғышарттарының бірі. Бұл бағытта қаладағы құрылыс сапасын бақылау, сәулеттік талаптарды сақтау, бас жоспарды жүйелі іске асыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Әрбір бой көтерген нысан мен абаттандырылған аумақ шаһардың ажарын айқындап қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да ықпал етеді. Демек, сәулет пен құрылыс саласындағы жүйелі жұмыстар – Тараздың бүгінгі тынысы мен ертеңгі келбетін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі.

Дина РАМАНКУЛОВА,
Тараз қаласы әкімдігі
сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.