Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Түрік этносының дәстүрі мен отбасылық құндылықтары дәріптелді

0 31

Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің филиалы дәстүрлі «Пастила» (кептірме) күзгі мейрамын атап өтті. Аймақтағы этносаралық татулық пен мәдени сабақтастықты паш еткен бұл тағылымды шара Отбасы күніне арнайы орайластырылды.
Жиынды ұйымдастырған Аналар кеңесінің мүшесі Лейла Музафарова бұл шараның тізгінін де өз қолына алып, бағдарламаны жоғары деңгейде жүргізді. Кеш барысында арнайы құттықтаулар айтылып, концерттік бағдарлама мен лотереялар ойнатылды. Аталған ерекше бастаманы облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі толықтай қолдап, жүзеге асуын қамтамасыз етті.
Берекелі басқосуға аймақтағы басқа да этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері мен қала қонақтары қатысты.
Шара барысында шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толған Хамдиевтердің үлгілі отбасы ерекше құрметке бөленді. Отағасы Бинали Хамдиевке бірлестіктің республикалық ұйымы атынан «Қазақстан Республикасы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігіне 35 жыл» мерекелік медалі мен бағалы естелік сыйлық тапсырылды.
Мерекелік кеште түрік халқының ежелден келе жатқан «Хна кеші» той салты көрсетілді. Сонымен қатар, терең мағыналы қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Соның бірі – моншақтармен өрілген сахналық көрініс. Бұл қойылымның басты идеясы – еліміздегі барлық этностардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айшықтау еді. Ал «Әйелдерге гүл сыйлаңыздар» деп аталған әсерлі қойылым нәзік жандылардың болмысы бөлек сұлулығы мен қоғамдағы орнының жоғары екендігін тағы бір мәрте айқындағандай.
Сондай-ақ меймандарға пастила дайындаудың шеберлік сырлары баяндалған арнайы бейнеролик көрсетіліп, жиналған қауымға дәмді тәттілер тартылды.
Мерекелік жиында Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі» филиалының төрағасы Махмуджон Давришев, этномәдени бірлестік жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Роза Изьятова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және басқа да қонақтар сөз сөйледі. Спикерлер өз сөзінде отбасы институтының қоғамдағы ерекше орнын, шаңырақтағы өзара түсіністік пен сыйластықтың, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығын баса айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.