Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мектепке керек-жарақ, тегін стоматологиялық көмек және инватакси: Жамбылда балаларға қатысты өтініштер бойынша нақты шаралар қабылданды

0 19

«Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясындағы республикалық Ашық есік күнінде 18 азаматтың өтініші қабылданды
Баланың мектепке баруына қажетті киімі мен оқу құралдарының болуы, стоматологиялық көмекке қол жеткізуі немесе ерекше қажеттілігі бар баланың қала ішінде еркін қозғала алуы — отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты мәселелер. Жамбыл облысында өткен республикалық Ашық есік күні дәл осындай нақты мәселелерге арналды.
Қабылдау барысында 18 азаматтың өтініші тыңдалды. Олардың арасында балалардың денсаулығы, алимент, отбасылық қатынастар, әлеуметтік қолдау, мектеп пен балабақшаға орналастыру, ПМПК-ға қажетті құжаттарды рәсімдеу және банк шоттарына қатысты мәселелер болды.
Кездесуде бірқатар өтініш бойынша нақты нәтижеге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, бір отбасының балалары жаңа оқу жылына қажетті мектеп құралдары мен киім-кешекпен қамтамасыз етілетін болды.
Балаларының оқу орнын ауыстыру мәселесін көтерген отбасы бойынша каникул кезінде №5 мектепке ауысу мүмкіндігі келісілді.
Ал стоматологиялық көмекке мұқтаж балаға тісін тегін емдеу ұйымдастырылатын болды.
Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған екі отбасы үшін инватакси қызметін ұйымдастыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Бұл балалардың медициналық және әлеуметтік нысандарға қатынауын жеңілдетуге бағытталған.
Қалған өтініштер бойынша азаматтарға құқықтық түсіндірулер беріліп, мәселелерді шешуге жауапты органдар мен одан әрі атқарылатын жұмыстар айқындалды.
Ашық есік күніне білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, бала құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл, отбасын қолдау орталықтарының мамандары, заңгер және психолог қатысты.
«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімованың айтуынша, балаға қатысты мәселелерді шешуде әр саланың мамандарының бірлескен жұмысы маңызды.
«Ата-ананың бір өтінішінің артында тұтас отбасының жағдайы тұруы мүмкін. Сондықтан мұндай қабылдауларда мәселені тыңдап қана қоймай, оны шешуге қажетті мамандарды бір жерге жинаудың маңызы зор. Бүгін бірнеше отбасы нақты қолдауға ие болды, қалған өтініштер бойынша жұмыс жалғасады», — деді Айман Әшімова.
Республикалық Ашық есік күні азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін мәселелерді тиісті мамандармен тікелей талқылауға мүмкіндік берді. Ал қабылдау барысында белгіленген шаралардың орындалуы партия филиалының назарында болады.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.