Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Әділет» партиясы Таразда дәрігерлермен кездесіп, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылады

0 33

Тараз қаласында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында партия өкілдері «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында көзделген денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамаларын таныстырды.
Бағдарламада профилактикалық медицинаны дамыту, ауруларды ерте кезеңде анықтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы айқындаған денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру міндеттерімен үндес екені атап өтілді.
Жиын барысында дәрігерлер тегін скринингтік тексерулердің аясын кеңейту, аурулардың алдын алу тетіктерін жетілдіру және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов партияның денсаулық сақтау саласындағы бастамаларына қолдау білдірді. Оның сөзінше, бағдарламада ауруларды емдеумен қатар, олардың алдын алу және ерте анықтау бағыттарына басымдық берілген.
«Бұл кездесудің біз үшін маңызы ерекше. Сіздер еңбек етіп жүрген орталық өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буындарының бірі саналады. Ұжымның атқарып отырған жұмысы біздің сайлауалды бағдарламамыздағы мақсаттармен тікелей үндеседі», – деді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина мамандарына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу, профилактикалық медицинаны дамыту және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырудың маңызын айтты.
Партияның сайлауалды бағдарламасында азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа жеткізу мақсаты белгіленген. Осы міндет аясында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету, кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметтерді жаңғырту, ерте диагностика жүйесін дамыту және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту ұсынылады.
Сондай-ақ бағдарламада халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Саламатты шаңырақ» бастамасын жүзеге асыру, білім беру ұйымдарында «Саламатты мектеп» жобасын енгізу және еңбек ұжымдарында денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру шаралары қарастырылған. Бұл бағытта дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі және жұқпалы емес аурулардың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.
Партия өкілдерінің айтуынша, өңірлердегі кездесулер барысында айтылған ұсыныстар алдағы бастамаларды іске асыру кезінде ескерілетін болады.

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.