Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Әділет» партиясының сайлауалды керуені Жамбыл облысының алыс ауылдарына жетті

0 32

Жеңілдетілген несие жамбылдықтарға тұрақты кәсіп ашуға түрткі болған. «Әділет» партиясы өңірде қалыптасқан осы үрдістің ауқымын одан әрі кеңейткісі келеді. Облысқа барған партияның автобустар керуені ең шалғай деген ауылдарына дейін барып, жергілікті жұртшылықпен дидарласты. Астанадан жолға шыққалы екі аптадан бері бес мың шақырымды артқа тастаған керуен сапары сәтті болды. Айбек Дәдебай жетекшілік ететін Республикалық сайлауалды штаб өкілдері де облысқа керуенмен қатар жеткен.
Көшпелі форматтың үлгісіндегі үгіт-насихат тобы дәстүрлі кездесулер сирек өтетін ауылдарға дейін жетіп, тұрғындарды «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының басымдықтарымен таныстыра бастады.
Керуеннің алғашқы аялдамаларының бірі Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында болды. Мұнда партия өкілдері «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жеке шаруашылығын дамытып отырған Қайрат пен Сая Дүйсеқұловтардың отбасымен жүздесті. Қазір олар 14 бас ірі қара бағып, күніне шамамен 50 литр сүт өндіріп, өнімдерін жергілікті кооперативке өткізеді.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, мұндай мемлекеттік қолдау ауыл жастарына туған жерден кетпей-ақ кәсіп бастап, тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.
«Ауылда да жақсы табыс табуға болады. Осы бағдарламаның арқасында біз сияқты жас отбасылар өз кәсібін бастап, тұрақты табыс тауып, өз күнін өзі көре алады. «Әділет» партиясының бұл жобаны әрі қарай да дамытуды көздеп отырғаны қуантады. Сондықтан 23 тамызда отбасымызбен сайлауға барып, партияны қолдаймыз», – деді олар.
Одан кейін керуен «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен ашылған ALI-KO SUT сүт өңдеу кооперативіне барды. Бүгінде кәсіпорында он адам тұрақты еңбек етеді. Сонымен қатар маңайдағы ауылдардың екі жүзге жуық тұрғыны күн сайын өз сүтін осы жерге өткізеді. Соның арқасында кооператив жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің тұрақты тетігіне айналған.
Кооперативте өткен кездесуде ауылдағы жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және халық табысын арттыру мәселелері талқыланды.
«Бүгінде ел халқының шамамен 37 пайызы ауылдық жерде тұрады. Соған қарамастан қала мен ауыл тұрғындарының табыс деңгейіндегі айырмашылық әлі де сол қалпы. Біз үшін адамның жай ғана жұмысы болғаны жеткіліксіз. Әр азамат тұрақты табыс тауып, өз еңбегінің қадірін сезініп, ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Сондықтан «Әділет» партиясы «Ауыл аманаты» жобасын кезең-кезеңімен дамытып, оның аясын кеңейтуді және бір миллион ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруды мақсат етеді», – деді партия өкілдері.
Керуеннің келесі бағыты Нұрлыкент ауылы болды. Мұнда кездесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, тұрғындар партия өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізді. Әсіресе азаматтардың қарыз жүктемесі мен қаржылық қиындықтары кеңінен сөз болды.
Штаб өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның мүмкіндіктерін түсіндіріп, қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтардың заң аясында өз мәселесін шешу жолдарына тоқталды.
Сонымен қатар тұрғындарға «Қарызсыз қоғам» жобасы таныстырылды. Жоба аясында азаматтарға қарыздарын реттеу бойынша тегін қаржылық және құқықтық кеңес беріліп, жеке қаржыны тиімді басқару дағдылары үйретіледі.
Партияның сайлауалды бағдарламасында бұл бастаманы одан әрі дамыту көзделген. Атап айтқанда, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту, несие беру жүйесінің ашықтығын арттыру және қиын жағдайға тап болған азаматтардың берешегін реттеу тетіктерін жеңілдету ұсынылады. Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы миллионнан астам адамды қамтыған, ал бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, әлеуметтік көмек мәселесі де қалыс қалмай, Құрылтай кандидаттары енді оны жаңа форматқа көшіруге күш салатындарын айтып өтті.
«Бұл не үшін керек? Қазір белгілі бір категориялар бар, соған енген азаматтар осы көмекті ала алады. Бірақ, оған кірмейтін өздеріңіз сияқты қаншама адамға көмек беріліп жатқан жоқ, жетпей қалады. Олар нағыз мұқтаж адамдар. Сондықтан, біз көмекті категорияларға қарамай, нағыз мұқтаж жандарға береміз», – деді «Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері.

Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.