Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздың аграрлық әлеуеті артуда

0 73

Ауыл шаруашылығы – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Бұл сала халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді.

Осы бағыттағы Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі биылғы қаңтар-шілде айларында маңызды жұмыс атқарып, ауыл шаруа- шылығы өндірісінің көлемін арттыру, инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Бүгінде Әулиеата ауданында – 256, ал Жібек жолы ауданында 499 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биылға жоспарланған егістік жер көлемі 6 968 гектарды құраса, нақты егілетін алқап көлемі 5 449 гектар болып белгіленген. Дәнді және бұршақты дақылдар 423 гектарға орналас- тырылған. Оның ішінде бидай – 33 гектар, арпа – 90 гектар, дәндік жүгері 300 гектар алқапқа егілді. Қант қызылшасы – 76 гектарға, картоп 350 гектарға орналастырылды.
Сонымен қатар көкөніс шаруашылығы қаладағы ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі саналады. Биыл көкөніс дақылдары 2 677 гектарға егілді. Оның ішінде пияз – 397 гектар, қырыққабат – 210 гектар, сәбіз – 410 гектар, бақша өнімдері 30 гектар жерді алып жатыр. Сонымен қатар мал азығы дақылдары 1 893 гектарға орналастырылды. Оның ішінде сүрлемдік жүгері – 156 гектар, көпжылдық шөп 1 737 гектар жерге егілді.
Қала аумағындағы суару жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде каналдардың атқаратын рөлі ерекше. Бүгінде олардың техникалық мүмкіндігі мен су өткізу қуаты егістік және бау- бақша алқаптарын сумен қамтуда маңызды қызмет атқарып келеді. Осыған байланысты «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалымен 2026 жылға ірі шаруа қожалықтары келісімшарт жасасты. Суармалы егістіктер «Аса-Талас» каналы арқылы келетін бес канал және «Сол жағалау айналма каналы» арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы суармалы жер көлемі 1 122 гектарды құрайды. Атап айтқанда «Тасшабақ» каналының ұзындығы – 1,4 шақырым, су өткізу мүмкіндігі – секундына 0,5 текше метр, суармалы жер көлемі – 256 гектар. «Бошмойын» каналының ұзындығы – 28,5 шақырым, су өткізу мүмкіндігі – секундына 1,0 текше метр, суармалы жер көлемі – 390 гектар. «Кіші тоған» каналының ұзындығы – 1,8 шақырым, су өткізу мүмкіндігі – секундына 2,0 текше метр, суармалы жер көлемі – 178 гектар. «Қаржаубай» каналының ұзындығы 1,732 шақырымды құрайды. Каналдың су өткізу мүмкіндігі секундына 1,0 текше метр болса, ол 233 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Ал ұзындығы 1,123 шақырым болатын «Бақытжан» каналы секундына 0,5 текше метр су өткізіп, 65 гектар суармалы алқапқа тіршілік нәрін жеткізеді. Ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын «Сол жағалау айналма каналының» су өткізу мүмкіндігі секундына 16 текше метрді құрайды.
Қаладағы негізгі су арналарының бірі – «Аса-Талас» каналы. Оның жалпы ұзындығы 25,6 шақырым болса, соның 2 шақырымы Тараз қаласының аумағы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта каналдағы су шығыны секундына 7,0 текше метрді құраса, маусымдық су өткізу мүмкіндігі секундына 6,65 текше метрге жетеді.
Сондай-ақ «Сол жағалау айналма каналының» қала аумағындағы ұзындығы 6,3 шақырымды құрайды. Оның су өткізу мүмкіндігі секундына 3,5 текше метр. Ал жалпы ұзындығы 30,2 шақырым болатын «Базарбай» каналының 3,44 шақырымы қала аумағы арқылы өтеді. Қазіргі су шығыны секундына 8,46 текше метр болса, маусымдық су өткізу көлемі секундына 3,85 текше метрді құрайды. Аталған канал арқылы «Тараз Аква» ЖШС «Қант зауыты» алқабындағы тұрғындардың бау-бақша жерлерін суаруды ұйымдастырып, вегетациялық кезеңде оларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Тараз қаласы аумағындағы су шаруашылығы нысандарының техникалық жағдайы тұрақты бақылауда. Жалпы алғанда каналдардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Су ресурстарының қозғалысына келсек, «Киров» су қоймасына тәулігіне 467 мың текше метр су келіп түседі. Ал қоймадан тәулігіне 3 миллион 715 мың текше метр су жіберілуде. Сонымен қатар «Талас» су торабындағы су көлемі секундына 36,68 текше метрді құрайды. Қала аумағындағы бір гидротехникалық құрылыс «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының теңгерімінде.
Жайылымдық жерлерге қатысты мәліметке сәйкес, қала аумағында 21 меншік иесіне тиесілі жалпы көлемі 700 гектар жайылымдық жер тіркелген. Сондай-ақ қала құрамына жаңадан қосылған аумақтарда 13 меншік иесі 78,61 гектар жайылымдық жерді пайдаланып отыр.
Бүгінде Тараз қаласында 6 жылыжай жұмыс істейді. Онда қияр, қызанақ, тәтті бұрыш және басқа да көкөніс түрлері өсіріліп, жылына 61 тонна өнім өндіріледі.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сақтау қоймаларының да маңызы зор. Қаладағы 16 азық-түлік сақтау қоймасының жалпы сыйымдылығы 54 мың 300 тонна болса, бүгінде онда 12 мың 405 тонна өнім сақталуда. Оның барлығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері санатына жатады. Сонымен қатар қалада 52 көкөніс сақтау қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 29 мың 10 тоннаны құрайды. Қоймалардың басым бөлігі «Ақбұлым» және «Жалпақтөбе» алқаптарында орналасқан.
Тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 14 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Оның 13-і – «Жастар» аллеясында, 1-еуі «Алатау» шағынауданындағы «Корзинка» дүкенінің автотұрағында ұйымдастырылды. Жәрмеңкелерде жалпы құны 192,4 миллион теңгенің 241,3 тонна ауыл шаруашылығы өнімі нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылды.
Қалада халықты нан өнімдерімен қамтамасыз ететін 10 наубайхана жұмыс істейді. Олар тәулігіне жалпы 94 мың 880 дана нан өндіреді. Бұл кәсіпорындарда 276 адам еңбек етеді және өнімді тасымалдайтын 112 автокөлік бар.
Макарон өнімдерін шығаратын 4 кәсіпорында 161 адам еңбек етеді. Оның ішінде «Aksarai Export 2012», «Mark of Perfection», «Та-Мак» және «Salangani» кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Кондитерлік өнім өндіретін 10 кәсіпорында 333 адам жұмыс істейді. Жалпы жылдық өндірістік қуаты 3 150,5 тоннаны құрайды.
Қаладағы 6 сүт өңдеу зауыты сүт, айран, сүзбе, ірімшік, құрғақ сүт, йогурт, сары май, нарине және брынза өндіреді. Бұл кәсіпорындарда 70 адам еңбек етеді. Жалпы өндірістік қуаты 28 мың 859 тоннаға жетеді.
Ветеринариялық қауіпсіздік те тұрақты бақылауда. Тараз қаласы аумағында 26 ветеринария- лық пункт қызмет көрсетеді. Қаладағы мал басының жалпы саны 37 мың 339 басқа жетті. Оның ішінде ірі қара 10 мың 531, қой мен ешкі 22 мың 768, жылқы 3059, шошқа 981 бас.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бөлімі тракторлар мен өздігінен жүретін техникаларды мемлекеттік тіркеу, техникалық байқаудан өткізу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуде.
Техникалық жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл «Егізбай» шаруа қожалығы «Беларус МТЗ-952.2» тракторы мен «Tukan 041» пресстергішін лизингке алды. Сонымен қатар «Гүлжан Садырбаева» жеке кәсіпкерлігі – «Беларус-1222.3», «Қуаныш» шаруа қожалығы – «Беларус МТЗ-892», ал «Шавкат» шаруашылығы «YTO-NMF604» тракторларын сатып алды.
Мал шаруашылығындағы тағы бір маңызды бағыт – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу. 2026 жылдан бастап Тараз қаласы эндемиялық аумақ қатарына енгізілді. Осыған байланысты Талас станциясы, «Түрксіб» және «Кемел» алқаптарында дезинсекциялық жұмыс- тар үш кезеңмен ұйымдастырылуда. Бірінші кезең – 20-27 сәуір, екінші кезең 10-20 маусым аралығында өтіп, үшінші кезең 17 мен 25 тамыз шегінде жүргізіледі.
Жалпы, 1 868 бас мал, оның ішінде 817 ірі қара, 998 ұсақ мал, 53 жылқы, сондай-ақ 1 016 қора-жай (жалпы ауданы 95 692 шаршы метр) залалсыздандырылуда. Тараз қаласының ауыл шаруашылығы саласы бүгінде өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Мемлекеттік қолдау мен еңбекқор шаруалардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қала агро- өнеркәсіп кешені тұрақты даму жолына түсіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне елеулі үлес қосуда. Алдағы уақытта да жаңа инвес- тициялық жобалар, өндірістік қуаттардың артуы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін көбейту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны сөзсіз.

Жанболат ТАҢАТАРОВ,
Тараз қаласы әкімдігі
ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.