Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Адал еңбек иелерінің мерейі асқан күн

0 71

Бұл транзиттік саланың негізгі күретамыры саналатын теміржол бойында тер төгіп, еңбек етіп жүрген адал еңбек иелерінің мерейі асқан күн болды. Теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, жыл ішінде табысты жұмысымен көзге түскен сала мамандары марапатталды.

Биыл «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Жамбыл филиалына қарасты құрылымдық бөлімшелерде қызмет атқаратын аймақ теміржолшылары «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Достық үйінде» бас қосты. Мерекелік жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Әлі қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Сондай-ақ салтанатты шарада «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Асқар Жексенбиев, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл филиалының бас инженері Дүйсенбек Сыдықов, «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев саланы дамытудағы теміржолшылардың еңбектеріне тоқталып, ортақ мақсат-міндеттерді жүзеге асырудағы құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері жұмысының ерекшеліктері мен оларға жүктелетін жауапкершілікті атап өтті. Жыл ішінде табысты еңбек еткен мамандарды «Құрметті теміржолшы», ІІІ дәрежелі «Теміржол даңқы» медальдары, «Адал еңбегі үшін», «Үздік вагоншы», «Үздік энергетик», «Үздік жас маман» сынды жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілетін және кәсіподақ саласының төсбелгілерімен марапаттады.
Табандылық табысқа жеткізеді. Адал еңбектің ақталып, лайықты бағалануының тағы бір айқын көрінісі 2025 жылғы «Үздік рационализатор» байқауының жүлдегері, «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» «Түлкібас» жол дистанция- сының бас инженері Шәмшидин Дадабаевтың «Құрметті теміржолшы» атануы болды. Ал сала ардагері Жұмағали Мұқашұлының ІІІ дәрежелі «Теміржол даңқы» медалімен марапатталуы теміржол саласындағы еңбек тәжірибесі және ұрпақтар сабақтастығы, аға буынға деген құрметтің сақталуының белгісіндей жылы қабылданды.
Жалпы, бұл күні талапшылдығы мен табандылығының арқасында көзге түскен 100-ден астам жамбылдық теміржолшы түрлі марапатқа ие болды. Салтанатты жиынға шақырту алғандардан бөлек, бөлімшелерде өткен мерекелік шараларда көптеген қызметкерге салалық құрылым басшыларының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары тапсырылды.
Салтанатты шара К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әншілерінің мерекелік концертіне ұласты. Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай кәсіподақ филиалы ардагер теміржолшыларға арнап ақ дастархан жайып, құрмет көрсетті.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.