Бүгінгі таңда мемлекет отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғау- ға, көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағына бағытталған маңызды мемлекеттік саясаттың бірі. Өйткені ұлттың ертеңі – тәрбиелі ұрпақта, ал тәрбиелі ұрпақтың алтын бесігі – өнегелі отбасы.
Осы игі мақсаттың жарқын көрінісі ретінде Жібек жолы ауданында «Ана – елдің тірегі» атты салтанатты жиын өтіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 шілдедегі №1363 Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
«Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығында өткен шараға ауданның құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, аналар кеңесінің белсенділері және көпбалалы аналар қатысты. Жиынды ашқан Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова көпбалалы аналардың қоғамдағы рөліне тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларының маңызын атап өтті. Өз сөзінде ол ұрпақ тәрбиелеу – ең жауапты әрі ең қадірлі міндет екенін айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген аналарға алғысын жеткізді.
– Ана – отбасының жүрегі, бірліктің бастауы. Көпбалалы ана болу – үлкен жауапкершілік әрі үлкен абырой. Сіздердің әрбіріңіз еліміздің ертеңіне өз үлесін қосып, болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырсыздар. Сондықтан бүгін табысталатын марапат – сіздердің еңбектеріңіздің лайықты бағасы.
Бүгін марапатталатын әрбір ана – отбасының тірегі, қоғамның қайраткері, болашақ азаматтарды тәрбиелеген асыл жан. Олардың еңбегі – біздің ортақ елдік мұратымыз бен ұлттық құндылықтарымыздың асқақ көрінісі. Алдағы уақытта тағы 15 ананы – «Алтын», 54 ананы «Күміс алқамен» марапаттау туралы ұсыныс енгізілді.
Бұл жоғары мемлекеттік наградалар – аналарымыздың табандылығы, шексіз мейірімі және ұрпақты тәрбиелеуде көрсеткен өзіне тән қажыр-қайраты үшін берілетін ерекше белгі. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттары еліміздің демографиялық өсімін қолдауда, отбасы институтын нығайтудағы ана еңбегінің маңыздылығын паш етеді, – деді аудан әкімі Қарлығаш Әмірқызы.
Сонымен қатар аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Карима Исаева сөз сөйлеп, көпбалалы аналардың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Ол отбасы құндылықтарын сақтау, ұлттық тәрбиені дәріптеу, бірлік пен татулықты нығайту жолындағы аналардың еңбегіне жоғары баға берді.
Президент Жарлығына сәйкес, жеті және одан да көп бала тәрбие- леп өсірген 14 ана «Алтын алқа» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Ал алты бала тәрбиелеген 53 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Әрбір марапат иесіне төсбелгі тағылып, гүл шоқтары ұсынылды. Зал толы көрерменнің ыстық ықыласы мен ұзақ қол шапалағы аналардың еңбегіне деген халықтың зор құрметін айқын көрсетті.
Жібек жолы ауданындағы көпбалалы аналардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде аудан бойынша 776 «Алтын алқа», 1 646 «Күміс алқа» иегері бар. Сонымен қатар 75 «Батыр ана» және 86 І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері өмір сүріп жатыр. Бұдан бөлек, төрт және бес бала тәрбиелеп отырған 7 464 көпбалалы ана бар. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының отбасы құндылықтарына деген ерекше құрметін, ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін және мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған демографиялық саясаттың нәтижелілігін көрсетеді.
Әрбір ана – бір әулеттің шамшырағы. Ол өз балаларына ғана емес, тұтас қоғамға қызмет етеді. Ана тәрбиелеген ұл мен қыз ертең ел игілігі үшін еңбек етеді, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан ана еңбегі – өлшеусіз еңбек, ал оны құрметтеу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Қазақ халқы ананы қастерлеуді ешқашан ұмытқан емес. Бүгінгі марапаттау рәсімі де сол ізгі дәстүрдің жалғасы болды. Бұл шара аналардың қоғамдағы орны мен мәртебесін тағы бір мәрте айқындап, отбасы институтының маңызын кеңінен насихаттады.
– Ана – мейірімнің бастауы, тіршіліктің тұғыры, ұлттың рухани тірегі. Ананың ақ сүтімен дарыған тәрбие, жүрек жылуымен берілген тәлім – мемлекеттің ең қымбат байлығы. Сондықтан көпбалалы аналардың еңбегін ұлықтау – елдің ертеңіне көрсетілген құрмет. Марапат иелері үшін бұл күн өмірлеріндегі ең жарқын белестердің бірі болып есте қалары сөзсіз. Өйткені бұл марапат – тек олардың ғана емес, тәрбие- леп өсірген ұл-қыздарының, бүтіндей отбасының қуанышы. Анаға көрсетілген құрмет – ұлтқа көрсетілген құрмет. Ана қадірленген елдің болашағы да баянды, келешегі де кемел болмақ. Барлық құрмет қошемет үшін барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді «Алтын алқа» иегері Мөлдір Айтбаева.
Салтанатты жиын соңында құшақтары гүлге толған аналар суретке түсіп, мәз-мейрам болып тарасты.
Арайлым ШАБДЕНОВА