Теміржол саласының құрылымдық бөлімшелерінде қолданыстағы технологияны жетілдіру арқылы қалыптасқан жұмыс жүйесіне өзгеріс енгізіп қана қоймай, өндірісте экономикалық тиімділікке қол жеткізіп жүрген мамандар бар. Олар енгізген рационализаторлық ұсыныстар тәжірибеде шығындарды азайтып, процесті жеделдетіп отыр. Сондай жобаның бірі «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалына қарасты «Луговой» рельс дәнекерлеу кәсіпорында табысты жүзеге асуда.
Еңбек процесін оңтайландырған бұл идея жақында «Үздік рацио- нализатор» конкурсы бойынша бірінші орынға ие болды. Мамандардың айтуынша, «РВС-100» және «РВС-120» 5 қабатты тасымалдаушы құрамдарынан рельстерді түсіруге арналған құрылғыны рельс төселетін жерде ұзын өлшемдерді рельс плетін дәнекерлеудің жаңа технологиясын ұйымдастыру үшін қолдану» тәсілінің экономикалық тиімділігі 215 571 000 мың теңгені құраған.
– Астана қаласында өткен «Рационализаторлық – техникалық дамудың негізі» рационализаторлар конференциясында «Үздік рацио- нализатор» конкурсының қорытындысы шығарылып, озық идеялардың авторлары марапатталды. «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның бас инженері Рамазан Садырқұлов, «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығының бас директоры Төлеген Орашев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық саясат департаментінің директоры Дмитрий Потлов, Техникалық орталықтың директоры Жандос Мусин қатысқан жиында барлық өңірден келген теміржол саласының қызметкерлері бас қосты.
Осы конкурста біздің кәсіпорын І дәрежелі Дипломмен марапатталып, 389 250 теңге ақшалай сертификатқа ие болды. Үздік атанған рационализаторлық ұсыныстың авторлары – зейнеткер Алтай Оңлабаев, Павлодар конс- трукторлық-эксперименттік орталығы директорының орынбасары М.Макимов және «Луговой» рельс дәнекерлеу кәсіпорнының бас механигі Жанат Беспаев.
Рационализаторлық ұсыныстың сипаттамасына тоқталсам, рельс дәнекерлеу кәсіпорны бұрын қолданыстағы 25, 100, 120 метрлік рельстерді дәнекерлеп келген. Кейін Ақтөбе рельсаралық зауыты ұзындығы 100 және 120 метрлік рельстерді шығара бастаған соң, РСП-1 және РСП-2 кәсіпорындарында стационарлық жағдайда рельстерді дәнекерлеп, қайта платформаларға тиеп, тасымалдайтын болды. Жұмыс процесін жеңілдету әрі тасымалдау шығынын азайту үшін біз Ақтөбеден келетін рельс- терді кәсіпорынға әкелмей, жөндеу жүргізіліп жатқан учаскелерге бірден апарып, сол жерде жылжымалы рельс дәнекерлеу машинасымен алюмотермиттік әдіс бойынша рельстерді төсеу орнында дәнекерлеп, біріктіруді ұсындық, – дейді «Луговой» рельс дәнекерлеу кәсіпорнының инженер-метролог-эколог-рационализаторы Дәулетхан Шүкеев.
Мамандар жүргізген есептерге жүгінсек, бұл жағдайда РСП базасында РВС-100, 120 құрамынан рельсті қайта түсіру және РВС-800 бір деңгейлі рельс тасымалдаушы құрамымен тасымалдау шығындары едәуір қысқарған. Осы тәсіл тәжірибе жүзінде тиімділігін көрсеткеннен кейін РВС-100 5 қабатты құрамынан 100 метрлік рельс- терді шеткі әдіспен түсіру үшін екі төмендеткіш тіректен және қосымша бөлшектерден тұратын рационализаторлық ұсыныс әзірленген.
Дәулетхан Жүнісәліұлының сөзіне сүйенсек, осы тәсілді енгізу арқылы рельстерді төсеу орнында түсіру кезінде тасымалдау тарифтері бойынша айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізіліп, жұмыс процесі жеделдеген. Өз кезегінде үздіксіз өндіріс еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Луговой» рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры Бахтияр Түлеков барлық рационализаторлық ұсыныстарды өндіріске енгізіп, тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік беріп келеді. Әр уақытта мамандарға қолдау көрсетіп отырады», – деп түсіндірді инженер.
Иә, расында бұл кәсіпорында өндіріске енгізіліп, үздік деп танылған алғашқы жоба емес. 20 жылдан бері үздіксіз осы қызметті атқарып келе жатқан инженер-метролог- эколог-рационализатор, техникалық информатор Дәулетхан Шүкеевтің өзі де үш жыл қатарынан рационализаторлық ұсыныс бойынша жүлделі орындарға ие болған. Бірнеше рационализаторлық ұсыныстардың авторы.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА