Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мамандыққа бала кезден машықтанған

0 70

Бұл әулет үшін теміржолшылар күнінің мәні зор. Олар бала кезінен осы мерекеге ерекше дайындалатын. Дәл осы күні бір үйдің бес баласы әкесі Сағындық Қарабековтің алдында «Теміржолшы ең алдымен нені білуі керек?» деген сұрақтан басталатын үлкен сынақ тапсыратын. Емтиханнан сүрінбей өткендері мақтау мен сый-сияпатқа кенеледі.

Жамбыл қалпына келтіру пойызының бульдозер машинисі Серік Қарабеков өз таңдауына, алдағы өміріне бала кезінен теміржолшылардың кәсіби мерекесінің қалай әсер еткенін айтып, сыр шертті. Ағайындылардың ішінде үлкендерінің теміржол саласында еңбек етіп келе жатқанына 40 жылға жуықтаса, кейінгілеріне он жылдан асыпты.
– Әкем зейнетке шыққанға дейін 43 жыл теміржол саласында еңбек етті. Өз ісіне адалдығы сондай, жыл сайын теміржолшылар күнінде әкем бәрімізден емтихан алатын. Бала кезімізден осы саланың қыр-сырын үйретіп өсірді. Содан болар, 1989 жылы желтоқсан айында әскери борышымды өтеп келе саласымен Жамбыл қалпына келтіру пойызына жұмысқа кірдім. Алғашында жүргізуші, одан кейін жүк ілдіруші, бульдозер машинисі болдым. Менен басқа төрт бауырым да осы салада қыз- мет етуде.
Ағам Жетпісбай Қарабеков – Жамбыл вагон пайдалану депосында аға вагон қараушы. Өзімнен кейінгі інім осында, қалпына келтіру пойызының тракторшысы. Берік – жолшы, Руслан – «Қамқор локомотив» ЖШС-інде жұмыс істейді. Біз теміржолшылар әулетінің екінші буыны болсақ, үшіншісі – әкемнің үш немересі Жасұлан, Ерасыл, Арслан да ата жолын жалғастырып келеді, – дейді Серік Сағындықұлы.
Шұғыл шақырту түсіп, рельстен шығып кеткен вагондарды қалпына келтіріп, жолды ашу кезінде әріптестері өз саласының «Үздік маманы» атанған Серік Қарабековтің еңбек тәжірибесіне көбірек сүйенеді. Себебі ол екі бульдозерді қатар пайдалану қажет болғанда техникалық жағдайды жедел бағамдап, қандай әрекет жасау керегін жақсы біледі.
– Бульдозерге тросс ілуде қатаң сақталуға тиіс техникалық талаптар бар. Вагонға трос ілгеннен кейін 20 метр қашықта тұру керек. Алда-жалда дұрыс ілінбей қалса, бульдозермен тартқанда серпіліп, адамға тиіп кетуі мүмкін. Физика заңдылықтары әрқашан есте тұруға тиіс. Жастарға соны көрсетіп, үйретемін. Ең бірінші кезекте – еңбек қауіпсіздігі. Одан кейінгі мәселе – талап бойынша белгіленген уақыт ішінде жолды ашу, – деп өз міндеттерін түсіндірді бульдозер жүргізушісі.
Серік Қарабековтің «Үздік маман» атағынан бастап, көптеген марапаттардың иесі атануының арғы жағында өз ісіне деген жауапкершілікпен бірге, 36 жылдық еңбек тұр. Жұмысын адал атқарып, абырой мен сый-құрметке ие болған маман осы жылдарда білімін жетілдіріп, ізденуін тоқтатқан емес.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.