Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Туризмнің тынысын ашқан «Zerbulaq»

0 57

Таразда шаһардың туристік әлеуетін арттырып, тұрғындар мен қала қонақтарына заманауи демалыс мәдениетін ұсынатын тағы бір маңызды нысан ел игілігіне берілді. Қалада салтанатты түрде ашылған «ZERBULAQ» қонақүйі – өңірдегі туризм саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың жарқын көрінісі.

Тарихы терең Тараз бүгінде тек көне шаһар ретінде ғана емес, заманауи туристік орталық ретінде де қарқынды дамып келеді. Қалада жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, туристер үшін де қолайлы орта қалыптастыруға жол ашуда. Соның бір дәлелі – құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын «ZERBULAQ» қонақүйінің пайдалануға берілуі.
Салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова қатысып, жиналған жұртшылықты жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп, өңірлердің туристік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
– Тараз – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһар. Бүгінде тарихи мұрамызды сақтай отырып, заман талабына сай туристік инф- рақұрылымды дамытуға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде өткен жылы қалаға келген туристер саны 117 мыңнан асып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Осындай оң өзгерістердің жалғасы ретінде бүгін «ZERBULAQ» қонақүйі пайдалануға беріліп отыр. Бұл – қаланың туристік әлеуетін арттыратын маңызды қадам.
Қонақүй кешені құрамындағы аквапарк, демалыс аймақтары мен ойын-сауық нысандары қаламыздағы заманауи туристік ортаның қалыптасуына серпін береді. Ең бастысы, қала қонақтарына халықаралық талаптарға сай сапалы қызмет көрсетіп, олардың жайлы демалуына мүмкіндік жасайды.

Осы маңызды жобаны жүзеге асырып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция салған азаматтарға және кәсіпкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді әкім орынбасары.
Жаңа қонақүй – тек жолаушылар аялдайтын орын ғана емес, көпфункционалды демалыс кешені. Оның құрамында заманауи аквапарк, ойын-сауық және демалыс аймақтары, түрлі қызмет көрсету орындары орналасқан. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және өңірге келетін туристердің сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.
–2023 жылы Тараздағы Зербұлақ көлінің жағасында құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын заманауи мәдени-сауықтыру демалыс кешені пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 1,9 гектарды алып жатқан нысан бір мезетте екі мыңға жуық адамды қабылдай алады. Мұнда халықаралық стандарттарға сай аквапарк, толқынды бассейн, түрлі аттракциондар мен отбасылық демалыс аймақтары салынды. Жоба өңірдегі туризмді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Соңғы 3 жылдың ішінде аквапарк- ке келушілер тек еліміздің ғана емес, өзге мемлекеттерден де көбейді. Келушілердің сұранысы бойынша қонақүй ашуды жоспарлап, бүгін сол күнге жеттік, – дейді құрылтайшы Айбек Оршубеков.
Халықаралық талаптарға сай жабдықталған қонақүйде жайлы бөлмелермен қатар аквапарк, ойын-сауық және демалыс аймақтарына кіру құны тегін қарастырылған. Төрт қабатты қонақүй 37 бөлмеден тұрады. Мұнда стандартты бөлмелерді жалға алу құны 30 мың теңгеден басталады. Құрылтайшының айтуынша, арнайы сарапшы мамандар қонақүйді 4 жұлдызға теңепті. Сондай-ақ нысанның 1 қабатында келушілерге арналған «Келін» кофеханасы да қызмет көрсетеді. Ұлттық және еуропалық тағамдарды ұштастыратын демалыс орнында барлығы 12 адам жұмыс істейді екен. «Зербұлақ» аквапаркі – Орталық Азиядағы ең үлкен парктердің бірі. Мұнда алдағы уақытта SPA орталығы, түрлі сервистік және ойын-сауық нысандары іске қосылып, Зербұлақ маңында толыққанды туристік кластер қалыптаспақ. Бұл өз кезегінде Таразды еліміздің ғана емес, Орталық Азиядағы тартымды туристік бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұл маңызды жоба «South Holiday» ЖШС құрылтайшысы Айбек Оршубековтің жеке инвестиция- сы есебінен жүзеге асырылған. Жеке кәсіпкерліктің осындай әлеуметтік маңызы бар бастамаларға үлес қосуы өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң ықпал етеді.
Бұл аймақта «Балбұлақ» демалыс аймағы да тұрғындар игілігіне жұмыс істеп тұр. Мұнда келушілер отбасылық демалыспен қатар балық аулап, оны сол жерде әзірлеп жеуге немесе өзімен бірге алып кетуге болады.
– Форель шаруашылығында екі түрлі балық бар. Бірі форель болса, екіншісі – сазан. Қысы-жазы жұмыс істейтін болғандықтан, бізде жазғы алаңшамен қатар жабық нысанымыз да бар. Балықтарды арнайы маман қоректендіріп, суын ауыстырып тұрады. Балық аулау үшін қармақты 500 теңгеге ала аласыз. Сондай-ақ күнделікті кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары дәмханаға кірмей-ақ шаруашылықтың маңында демалуға келеді. Мұнда 30-дан астам адам жұмыс істейді, – дейді «Балбұлақ» демалыс орнының қызметкері Әйгерім Абдуалиева.
Бүгінде Таразда туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Заманауи қонақүйлердің, демалыс орындарының және қызмет көрсету нысандарының көбеюі қаланың келбетін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға, ал туристер үшін тартымды бағытқа айналуына негіз болуда.
«ZERBULAQ» қонақүйінің ашылуы – көне шаһардың жаңа даму кезеңін айқындайтын тағы бір маңызды белес. Туризмнің өркендеуі – өңір экономикасының нығаюына, кәсіпкерліктің дамуына және Тараздың халықаралық деңгейдегі беделінің артуына қыз- мет ететін маңызды бағыт. Ал мұндай жобалар көне қаланың келешегіне салынған сенімді инвестиция екені анық.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.