Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құрылтай сайлауына дайындық пысықталды

0 34

Елімізде бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі – Құрылтай құрылды. Елдегі маңызды саяси өзгерістерге сәйкес, алдағы 23 тамызда қазақстандықтар алғаш рет Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлайды.

Осыған байланысты Тараз қаласында қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес және қалалық штаб отырысы өтті.
Кездесу барысында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов Қазақстан Респуб- ликасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және өзге де заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндама жасап, олардың құқықтық негіздері мен практикалық қолданылуына тоқталды.
– Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Респуб- ликасының жоғары өкілді органы. Құрылтай жалпыға бірдей, тең және төте сайлау негізінде жасырын дауыс беру арқылы біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалдық өкілдік жүйе бойынша (партия- лық тізім бойынша) сайланатын 145 депутаттан тұрады. Жиырма бес жасқа толған, ҚР азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он бес жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады. Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланған Төраға басқарады.
Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Респуб- ликасы Құрылтай және мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткiзу кезінде, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi және Республика азаматтарының ерiк бiлдiру бостандығын қамтамасыз ететiн кепiлдiктердi белгiледi.
Бұрынғы заңда сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайтыны айқындалған болатын. Бұл тармаққа қосымша сыбайлас жемқорлық қылмысын немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәсі заңда белгіленген тәртіппен сот арқылы танылған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайтынмен толықтырылды. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар азамат сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды, – деді комиссия төрағасы.
Штаб отырысында сайлауға дайындық барысы, ақпараттандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы, сайлау учаскелерінің дайындығы, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселелері қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес, жауапты сала басшылары өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасап, сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру жөніндегі дайындық барысы талқыланды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.