Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Кітап оқитын ұлт»

Жаңа жоба Жамбыл жастарына серпін берді

0 189

«Бүгінгі жастар кітап оқымайды» деген пікірді жиі естиміз. Бірақ бұл – жартылай ғана шындық. Шын мәнінде, жастар кітаптан емес, ескірген кітап насихатынан алыстап барады. Олар оқиды. Тек бұрынғыдай шаң басқан сөрелерден емес, смартфоннан, планшеттен, аудиокітаптардан, әлеуметтік желідегі кітап клубтарынан оқиды. Сондықтан бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты сұрақ – «Жастар кітап оқи ма?» емес, «Жастар қандай кітап оқып жүр және оларды қалай қызықтырамыз?» деген сауал.

«Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі бүгінде тек үндеу ғана емес, мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Соның заңды жалғасы ретінде биылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы «Оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптас- тыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжаттың басты мақсаты – кітап оқуды жеке адамның әдетінен қоғамдық мәдениетке айналдыру.
Осы міндетті жүзеге асыру үшін елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынды. Жоба барлық өңірде бірыңғай оқу экожүйе- сін қалыптастыруды көздейді. Жуырда Жамбыл облысының аталған жобаға қосылуы өңірдегі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болды. Осыған орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков кездесіп, өңірде оқу мәдениетін дамыту бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жастар мәселесі бұл кездесудің негізгі өзегіне айналды деуге болады. Себебі бүгінгі күні кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ең алдымен жас буыннан басталады.
Жамбыл облысында бүгінде 275 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Кітап қорында 3 миллион 876 мыңнан астам кітап болса, оның 2 миллионнан астамы – қазақ тіліндегі әдебиет. Ең бастысы, облыс кітапханаларында тіркелген 224 мыңнан астам оқырманның 130 мыңнан астамын жастар құрайды екен. Бұл көрсеткіш жастардың кітаптан алыс- тап кеткені туралы қалыптасқан пікірдің шындыққа толық сәйкес келмейтінін аңғартады.
Өткен жылы өңірде жүзеге асқан «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы да жастар арасында ерекше сұранысқа ие болды. Жоба аясында 7 мыңнан астам мәдени-танымдық іс-шара өткізіліп, 210 мыңнан астам адам қамтылған. Оның басым бөлігінің жастар болуы – кітапқа қызығушылықтың жаңа форматта жанданып келе жатқанын көрсетеді.
– Кітап оқу – бос уақытты өткізудің ғана емес, ой-өрісті кеңейтудің, сыни ойлауды қалыптастырудың және тұлғалық дамудың маңызды құралы. Президент бастамасымен қолға алынған жаңа жобалар Жамбыл облысында жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, өңірде оқырман мәдениетінің жаңа кезеңін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Зерделі ұлт – кітаппен тәрбие- ленеді. Ал Жамбылдың білімді, белсенді және жаңашыл жастары осы игі бастаманың басты қозғау- шы күшіне айналса, өңірдің ғана емес, еліміздің интеллектуалдық әлеуеті де жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз. Жоба біздің өңірде енді бастау алып жатыр. Алдағы уақытта Жамбылдың жастары бұл жобада өз белсенділіктерін көрсететініне күмәнім жоқ, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айбек Кадралиев.
Бүгінгі жастардың кітап оқу дағдысы бұрынғыдан өзгеше. Олар кітапханаға тек кітап алу үшін емес, білім алатын, пікір алмасатын, шығармашылық жобалар әзірлейтін орта ретінде келеді. Осы үрдісті ескерген облыста 32 коворкинг орталығы ашылып, кітапханалар біртіндеп заманауи зияткерлік кеңістікке айналып келеді. Бұл жерде студенттер жобаларын қорғайды, кітап клубтарының жиындары өтеді, пікірталастар ұйымдастырылады.
Жастардың цифрлық ортада өмір сүретінін ескерсек, кітап оқуды да заман талабына сай ұйымдас- тыру маңызды. Осы бағытта іске қосылған «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы өңірдің оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Қосымшада Жамбыл облысының 133 авторының 347 кітабы элект- ронды форматта жинақталған. Енді жастар кітапханаға бармай-ақ, смартфон арқылы кітап оқи алады.
Алдағы уақытта бұл мүмкіндіктер одан әрі кеңейе түспек. «Кітап оқитын ұлт» жобасының технологиялық серіктесі – «Яндекс кітаптар» сервисі арқылы облыс тұрғындары мыңдаған электрондық және аудиокітапқа тегін қол жеткізеді. Әсіресе, шалғай ауылдағы жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Интернеті бар кез келген жерде әлемдік және отандық әдебиетті оқу немесе тыңдау қолжетімді болады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жоба алғашында пилоттық режимде Шымкент қаласы мен Қарағанды және Қостанай облысында жүзеге асырылған. Бастап- қыда әр өңірден 25 мың адамнан қатысады деп жоспарланғанымен, жоба іске қосылғаннан кейін қатысушылар саны әлдеқайда артқан екен. Бүгінде жобаға қатысушы өңірлер қатары біртіндеп толықтырылуда.
– Жоба негізінде жеті бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – «Кітап оқитын мектеп». Бұл жобаға 6-10-сынып оқушылары қатысады. Әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай 15 кітаптан ұсынылады. Қазақ тілінде – 15, орыс тілінде – 15 кітап. Жалпы, қазақ тіліндегі 75 және орыс тіліндегі 75 кітап қамтылған. Бұл кітаптар Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі секілді тиісті министрліктердің қатысуымен бекітілген. Екінші бағыт – «Кітап оқитын колледж», үшінші бағыт – «Кітап оқитын университет». Бұл санаттарға да әр жас ерекшелігіне сай 15 кітаптан ұсынылады. Колледж және жоғары оқу орындары студенттеріне арналған кітаптар мектеп бағдарламасын қайталамайды, олардың танымдық деңгейіне лайықталып іріктелген. Біз бұл санатты енгізуді маңызды деп санадық. Өйткені колледж және университет студенттері – болашақ білікті мамандар, қоғамның белсенді азаматтары. Олардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, жан-жақты білімді болып қалыптасуы маңызды. Төртінші бағыт – «Кітап оқитын педагог». Бұл педагогтар кітап оқымайды деген сөз емес. Алайда арнайы іріктелген 15 кітап педагогика мен психология саласына арналған. Оның бесеуі – қазақстандық авторлардың, бесеуі – шығыс елдері, қалған бесеуі – батыс елдері авторларының еңбектері. Мемлекет басшысы да баланың тәрбиесіне тек мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан бесінші бағыт ретінде «Кітап оқитын әулет» жобасы енгізілді. Мұнда ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты 15 кітап оқу ұсынылады. Алтыншы бағыт – «Кітап оқитын спортшы». Бұл санат биыл Туризм және спорт министрлігінің ұсынысымен енгізілді. Спортшылардың уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау үшін аудиокітаптар да қарастырылған. Жаттығу кезінде немесе жолда кітап тыңдауға жағдай жасалған. Жетінші бағыт – «Кітап оқитын мемлекеттік қыз- метші». Мемлекеттік қызметшілерге басқару, көшбасшылық, мемлекеттік басқару, ел дамуы, тарихи тұлғалардың өмірі туралы әдебиеттер ұсынылады. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және рухани дамуына ықпал ету, – деді Б.Тұрлыбеков.
Соңғы жылдары жастар арасында кітап таңдауда да өзгеріс байқалады. Егер бұрын көркем әдебиет басым болса, бүгінде студенттер мен жас мамандар жеке даму, психология, қаржылық сауаттылық, кәсіпкерлік, цифрлық технология, жасанды интеллект тақырыптарына арналған әдебиеттерді көбірек оқиды. Сонымен бірге қазақ әдебиетіне қызығушылық та артып келеді. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Шерхан Мұртазаның шығармалары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары жастар арасында жиі талқыланатын кітаптардың қатарында екен.
– Бүгінгі буын ақпаратты жылдам қабылдайды. Сондықтан кітап оқуды насихаттау да дәстүрлі әдіс- термен ғана шектелмеуі керек. Әлеуметтік желілердегі кітап марафондары, студенттік кітап клубтары, аудиокітаптар, мобильді қосымшалар, кітап туралы подкаст- тар мен бейнешолулар жастардың қызығушылығын әлдеқайда тиімді оята алады.
Бүгінде жастар арасында психология, жеке даму және мотивациялық әдебиеттерге сұраныс жоғары. Әлемдік бестселлерлермен қатар қазақ қаламгерлерінің еңбектеріне де қызығушылық артып келеді. Жастар жиі оқитын шығармалардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Оралхан Бөкейдің повестері, Төлен Әбдіктің шығармалары, Дулат Исабековтің туындылары бар. Сонымен бірге Джеймс Клирдің «Атомдық әдеттер», Морган Хаузелдің «Ақшаның психологиясы», Робин Шарманың көшбасшылық пен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптары да жастар арасында танымал.
Жамбыл жастары тек көркем әдебиетпен шектелмей, кәсіпкерлік, цифрлық технология, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық, экология және шет тілдерін меңгеруге арналған кітаптарды көбірек оқуға бет бұрып келеді. Бұл олардың заман талабына сай білім алып, бәсекеге қабілетті маман болуға ұмтылысын көрсетеді, – дейді кітапханашы Сәуле Алдаберген.
Президент бастамасымен қолға алынған оқу мәдениетін дамыту саясаты мен Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан жобалар осы өзгерістерді ескеріп отыр. Ең маңыздысы – жастар кітап оқудан алыстап кеткен жоқ. Олар тек кітапқа басқа көзқараспен қарайды. Сондықтан бүгінгі міндет – жастарды кітапқа шақыру емес, кітапты жастарға жақындату. Сонда ғана оқитын ұрпақ қалыптасып, зерделі ұлт құру жолындағы бас- тамалар нақты нәтижесін береді.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.