Жастар – елдің ең белсенді, жаңашыл әрі жасампаз күші. Кез келген мемлекеттің бүгіні мен болашағы жастардың білім деңгейіне, азаматтық ұстанымына, еңбекқорлығына және қоғамдық белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан жас буынды қолдау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, сапалы білім мен тұрақты жұмыспен қамту, патриоттық рухын қалыптастыру және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Бүгінде елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, білімді, жауапты әрі ел дамуына өз үлесін қоса алатын жаңа буын қалыптастыру. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлікті дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, еріктілік мәдениетін қалыптас- тыру және рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Бұл бағытта Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Меркі ауданында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытындағы жұмыстар 2026 жылдың І жартыжылдығында жоспарлы түрде жүргізіліп, жастардың жан-жақты дамуына, жұмыспен қамтылуына, құқықтық сауаттылығының артуына және қоғамдық белсенділігінің өсуіне бағытталған бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізілді.
Бүгінде аудан халқының 26 мыңнан астамы немесе 30,4 пайызын 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл көрсеткіш жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын арттыра түседі. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, білім алуға және қоғамдық өмірге белсенді тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деген сөзінде терең мағына бар. Ал жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болу керектігі күмән тудырмайды. Бүгінгі таңда қоғамда жас болса да талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік. Жетістікке жетудің басты кілті ол әрине білім мен жұмыс. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету ең маңызды мәселелердің бірі. Себебі жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Бұл ретте ауданда жыл басынан бері 433 жас тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналас- тырылды. Оның ішінде жастар практикасына – 40, қоғамдық жұмыстарға – 58, ал бос жұмыс орындарына 335 жас еңбекке тартылды. Сонымен қатар аудандық «Мансап» орталығымен бірлесіп 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 250-ге жуық тұрғын мен жұмыссыз жастар қатысты. Жәрмеңке нәтижесінде көптеген жастар тұрақты жұмыспен қамтылып, кәсіби оқыту мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес- тер алды.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары да өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 65 жас маусымдық жұмыспен қамтылып, аудан аумағында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 22 800 шаршы метр аумақ тазартылып, 38,9 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Қай мемлекетте болсын құқықтық мәдениетті қалыптастыру сол қоғамды құрайтын қауымға байланысты. Қоғам өз мәдениеті мен руханиятын өскелең ұрпаққа аманаттайды. Кез келген ұрпақ келешектің моральдық және құқықтық кеңістігін құрады. Бүгінгі таңда технологиялық өзгерістердің жеделдеуі, жаһандану және қоғамдық қатынастардың күрделенуі құқықтық сауаттылықты өмір сүру қажеттігіне айналдырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғамның тұрақты дамуы мен демократиялық құндылықтардың орнығуына негізгі алғышарт болмақ. Осы орайда жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жыл басынан бері 95 іс-шара өткізіліп, оған 3 383 жас қатысты. Сонымен қатар «Қоғам сақшысы» жобасы аясында полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының мамандары бірлесіп 32 түнгі рейд ұйымдастырды. Атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 2025 жылғы 27 жағдайдан 2026 жылы 17 жағдайға дейін азайды.
Нашақорлықтың, лудоманияның және өзге де зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында өткізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жылдық жоспардың алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіші артығымен орындалды. Бұл бағыттағы іс-шаралармен 3 346 жас қамтылып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы азаматтардың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға да серпін беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифр- лық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұл бағытқа ерекше тоқталып: «Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеология- ның өзегі болуы керек.
Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда.
Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық.
Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін.
Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет», – деген болатын.
Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оның ішінде Меркі ауданында экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 109 түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Тазалық акциялары, ағаш отырғызу, бұлақ көздерін ашу, ардагерлердің аулаларын абаттандыру және экологиялық челлендждерге 1 949 ерікті жас қатысты. Ауданның экологиялық бастамалары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, «Таза аудан – таза болашақ» байқауы өңірлік телеарнадан көрсетілді.
Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамб- леясы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлық қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді, еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосады.
Бұл ретте Президент Қасым- Жомарт Тоқаев елімізде волонтерлік қызметті дамытуға ерекше мән беріп, оны Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі деп санайтын үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысының пікірінше, еріктілер – өз елінің шынайы патриоттары, адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін атап өткен ҚР Президенті бұл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңірудің маңыздылығын бірнеше рет баса айтты.
Аталған жыл аясында Меркі ауданында Жастар ресурстық орталығы жанындағы «Merki eriktileri» волонтерлық қозғалысы 14 бағыт бойынша 404 іс-шара өткізіп, оған 8 328 ерікті жас жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан 2026 жылдың І жартыжылдығында түрлі бағыттар бойынша 725 іс-шара ұйымдастырылып, оған 19 592 аудан тұрғыны мен жастары қатысты.
Орталықтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Игі іс», «Бабалар салған ізбенен» және «Жастарға кеңес» жобалары да өз тиімділігін көрсетуде. Қайырымдылық акциялары арқылы әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетілсе, тағылымдық кездесулер жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етті. Ал кеңес беру алаңдарында жастар тұрғын үй, жұмыспен қамту, құқықтық, психологиялық және діни мәселелер бойынша кәсіби мамандардың кеңестеріне ие болды.
Жастар саясатының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де белсенді ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері облыс- тық және аудандық басылымдарда 53 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 2 113 ақпараттық жарияланым орналастырылды. Сонымен қатар облыстық телеарналарда жастар саясатына арналған арнайы 7 бейнематериал эфирге шықты.
Жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған бұл жұмыстар Меркі ауданында мемлекеттік жастар саясатының тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, қоғамдық белсенділігі мен патриоттық рухын нығайтуға бағытталған жобалар мен бастамалар өз жалғасын табады.
Нұрбек ЖҰМАНАЗАРОВ,
Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры