Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сөндірмей жырдың шырағын…

0 316

5 – желтоқсан қазақтың дара ақыны, поэзия падишасы, өмірін өлеңмен кестелеген қайраткер тұлға Фариза Оңғарсынованың туған күні. Көзі тірі болғанда ақын биыл 80 жасқа толар еді. Шоқан Уалиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Кенен Әзірбаев атындағы филармония ұжымының ұйымдастыруымен «Жыр маржаны – Фариза» тақырыбында әдеби сазды кеш өтті.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Фариза Оңғарсынова – «Сандуғаш», «Асау толқын», «Дауа», «Жүрек күнделігі» секілді көптеген өлең жинақтарының авторы. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Студенттер мен мектеп оқушылары қатысқан әдеби-сазды кеш жас ұрпақты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығымен жақынырақ таныстырып, оқырмандардың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды.

Кеш басталысымен оқырмандар назарына «Ақиық ақын – Фариза» бейнефильмі ұсынылды. Онда ақынның шығармашылық ізденісі, өлеңге деген ізгі махаббаты баяндалған. Ізінше «Қаламгер» клубының жас мүшелері ақынның қаламынан туған жырларды жатқа оқып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.
ҚР Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева оқырмандар алдында Фариза Оңғарсынова туралы естелігін баяндап берді.

– Мен Фариза апамызбен бірнеше мәрте кездестім. Ол кісі әрдайым өнерлі қыз-жігіттерге қолдауын аямайтын. Оның мейірімі мен қамқорлығы көп азаматтарға үлгі болды. Апамыздың шығармашылығындағы бірнеше ән менің, менің замандастарымның репертуарынан ойып тұрып орын алды. Апамыз менің талабыма әрдайым ризашылық білдіріп отыратын. «Әннің құдіретін жақсы сезінеді екенсің» деп арқамнан қаққан еді. Қазаққа Фариза апамдай тұлғалар керек. Апамыз өмірден қайтқан соң орыны ойсырап, күллі қазақ даласы ақын жырларына шөліркеп қалғандай, – деді өнерпаз.

Әдемі естелігінен соң өнерпаз ақын сөзіне жазылған «Өмір деген махаббат» туындысын шырқады. Кеш барысында бұдан өзге «Әйел монологы», «Жақсы көру», «Ұстазым», «Қыз Махаббаты» әндерін мәдениет саласының үздіктері Жандос Омаров, Торғын Орынбекова, Мадина Сағынбековалар нақышына келтіре орындады.
Кеш барысында сөз алған Шоқан Уалиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Эльмира Елеусізқызы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына сусындағысы келген әрбір оқырман ақын еңбектерін осы кітапханадан таба алатынын жеткізді.

Әуезді әндер мен естеліктерден соң кезек жас ақындарға берілді. Өңірге есімі етене таныс Марал Хантөреқызы ақын апасына арнаған жыр шумақтарын оқып берді. Биыл Атырау қаласында өткен «Жыр менің жалғыз тарланым» республикалық мүшайрасында Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдені иеленген Арайлы Жақсылық ақын рухына арнаған «Аңсар» атты өлеңін оқып, естелігімен бөлісті.

Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетіндегі алып толқынның соңғы өкілдерінің бірі еді. Ақынның өмірден озғанына қаңтар айында 6 жыл толады. Ақын өмірден қайтқанда қазақ әдебиетіндегі үлкен бір дәуірдің парағы жабылғандай болды. Ендігі ұрпақ ақын қалдырған мұралармен сусындап, ел жадында Фариза Оңғарсынова есімін жаңғырта бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.