Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Batyr Team» тәртіп пен төзімге тәрбиелейді

0 38

Әлемде сын сағатта басын бәйгеге тігіп, зардап шегушіні құтқару үшін қауіп-қатердің ортасында жүретін мамандықтар бар. Кез келген кездейсоқ адам бұл мамандықтың иесі бола алмайды. Солардың бірі – өрт сөндірушілер. Оларға жүректілік пен батылдық, қайсарлық пен батырлық тән. Себебі өмір мен өлімнің ортасында, күннің ыстығы мен суығына қарамастан өрттен адам өмірін арашалап жүрген абыройлы мамандық иелерінің жұмысы тәуекел мен қатерге толы.

Құтқарушы мамандығын игерген адамның ең басты міндеті – азаматтарды қауіп-қатерден арашалау. Тәуліктің қай кезінде болмасын өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Сол себепті олардың физикалық дайындығы әрдайым жоғары деңгейде болуы аса маңызды.
Жалпы, жылына өрт сөндірушілер үшін екі рет физикалық дайындық сынағы өткізіледі. Дайындықта арнайы тәртіп сақталады. Олардың күнделікті өмірінің өзі – спорт. Төтенше жағдайлар орын алмаса да, өрт сөндірушілер денесін шынықтырып, дайындық жұмысын жүргізіп отыруға тиіс.
Бұл ретте Тараз қаласында аталған бағыттағы жұмыстарға ерекше ден қойылған деп айтуға болады. Соңы бір дәлелі – облыс орталығындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында заманауи «Batyr Team» спорт залының ашылуы. Жаңа спорт зал қызметкерлердің жаттығу өткізуіне, спортпен шұғылдануына және дене дайындығын жетілдіруіне арналған алаңға айналады.
Залда жеке құрам үшін денсау- лықты нығайтуға, төзімділікті арттыруға және жауынгерлік әзірлікті сақтауға ықпал ететін қолайлы жағдайлар жасалған. Аталмыш залдың ашылуы азаматтық қорғау органдары қызметкерлері арасында спорт мәдениетін дамытудың тағы бір маңызды қадамы болды. Себебі дене дайындығы – құтқарушы мен өрт сөндіруші мамандығының ажырамас әрі маңызды бөлігі.
Өрт сөндірушілердің жұмысы ауыр, зиянды, әрі қиын. Өмірлеріне үнемі қауіп төніп тұрады. Қысқы уақытта 5-6 сағат өрт сөндіреді, терлейді. Өрт толық сөндірілгенге дейін қалады. Кейін пневмония, өкпенің қабынуы, омыртқа жарығы (позвоночная грыжа), бел аурулары пайда болады, бұл – өрт сөндірушілердің кәсіби аурулары десек те болады. Кейде жарақаттар алып жатады, жұмыс барысында күнделікті адам құтқару үшін көп нәрсеге барады. Соған қарамастан, мамандар спортпен белсенді айналысады, салауатты өмір салтын ұстанады, өз қызметіне адал.
Жалпы, «Batyr Team» спорт клубы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бастамасымен құрылған. Бұл Төтенше жағдайлар министрлігі қыз- меткерлерінің имиджін нығайту, қызметкерлерді кәсіби және спорттық қызметте ілгерілету, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарында спортты дамыту үшін маңызды қадам болды.
«Batyr Team» қызметкерлердің дене бітімін сақтауға және бірлік рухын қалыптастыруға арналған платформаға айналды. Клуб тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, сондай-ақ батылдық, күш пен патриотизмнің символы.
Бүгінгі таңға дейін Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Өскемен қалалары мен Батыс Қазақстан облысында 8 ересек және 2 балалар «Batyr Team» клубы болған. Негізгі бас кеңсесі Астана қаласында орналасқан. Енді олардың қатарына Тараз қаласы да қосылып отыр.
Бұл клубтар дене шынықтыру мен денсаулықтың маңызды орталықтарына айналды. Мұнда әркім өзінің спорттық дағдыларын дамытып, жаттығуларға қатыса алады. Сондай-ақ жастарды патрио- тизм мен батылдық рухында тәрбиелейді. Болашақта ТЖМ спорт клубтарының желісін кеңейтуді және республиканың әрбір өңірінде осындай орталықтар құруды жоспарлап отыр. Бастама қызметкерлердің дене дайындығын жақсартып қана қоймай, жастарды спортпен шұғылдануға тартуға мүмкіндік береді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, төтенше жағдайлар саласында жұмыс істейтін мамандардың ішінде 250-ге жуық спортшы-қызметкер бар екен. Олардың ішінде «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Спорт шебері», «Спорт шеберіне кандидат» және өзге де спорттық разрядтарға ие қызметкерлер бар. Бұл көрсеткіштер жарыстарға үнемі қатысатын, жүлделі орындарға ие болатын және ұлттық және халықаралық аренада Төтенше жағдайлар министрлігі имиджін арттыруға ықпал ететін азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің даярлығы мен кәсібилігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Клубтың қызметі Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері үшін тұрақты жаттығулардан бастап, «Қазақ күресі» және қоян-қолтық ұрыс бойынша чемпионаттар сияқты спорттық жарыстарға қатысуды ұйымдастыруға дейінгі көптеген бағыттарды қамтиды. «Batyr Team» ММА, Джиу-джитсу және басқа да күштік спорт түрлерінен халықаралық турнирлерге белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жүлделі орындарға ие болды.
«Batyr Team» клубының спортшылары жекпе-жек, грэпплинг, кикбоксинг және гір көтеру спорты бойынша әлем және Азия чемпионаттарын қоса алғанда, ұлттық және халықаралық жарыстарда түрлі дәрежедегі медальдарға қол жеткізіп келеді.
«Batyr Team» – бұл жай ғана спорттық бастама емес, дағдарыс- тық жағдайлардың әртүрлі түрлеріне ден қою үшін ТЖМ жеке құрамының моральдық және физикалық әлеуетін нығайту жөніндегі жалпы стратегияның бір бөлігі. Біздің қызметкерлеріміздің Қазақстанда да, шетелде де спорттық ареналардағы жетістіктері барлық қазақстандықтарды мықты, ұйымшыл және кез келген сын-қатерлерге дайын болуға шабыттандырады.
«Batyr Team» спорт клубы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби өсуі мен патриоттық тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашып, өсіп, дамуын жалғастыруда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.