Тараздық құтқарушылардың тірлігі тәнті етті
Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Мухаммад есімді ерекше бала анасымен бірге экскурсияда болды.
Шара барысында ол өрт сөндіру және құтқару техникаларымен, өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдерімен танысып, жаттығу залын және қызмет тарихын қамтитын мұражайды аралады.
Мухаммадтың көптен бергі арманы – жедел қызметтердің көліктеріне отырып көру еді. Бүгін ол өрт сөндірушілердің арнайы техникасына отырып, олардың қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, тараздық құтқарушылар ерекше баланың армандарының бірін жүзеге асырып, оған көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Тілсіз жау тез арада сөндірілді
Жуырда кезекші «112» пультіне Тараз қаласындағы С.Аққозиев көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері техникалық қызмет көрсету станциясының боксында жеңіл автокөліктің жанғанын, кейіннен өрттің бокс ғимараты мен көршілес асхананың шатырына таралғанын анықтады.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмей, ауыр салдардың алдын алу мүмкін болды. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар көлемі 50 литр болатын 1 газ баллонын және 5 оттегі баллонын дер кезінде қауіпсіз жерге шығарып, жарылыс қаупін болдырмады.
Зардап шеккендер жоқ.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Құтқарушылар 15-22 маусым аралығында жедел кезекшілік желі бойынша 14 төтенше жағдай және 2 оқиға тіркеді. Оның ішінде табиғи сипаттағы – 1, техногенді сипаттағы – 13 жағдай бар. Аталған оқиғалар нәтижесінде зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Осылайша мамандар 134 рет шығуды жүзеге асырды. Атап айтсақ, өрт сөндіру бөлімдері 13 өртке, 70 жану оқиғаларына, 6 авариялық-құтқару жұмыстары және басқа да түрлі сипаттағы 2 шақыруға барған. Ал жедел-құтқару жасағымен 37 авариялық-құтқару жұмыстарына, 6 іздеу-құтқару жұмыстарына, жалпы саны 43 шақыруға барған.
Жалпы, аталған уақыт ішінде «101» және «112» желісіне жалпы 7 421 қоңырау түскен. Оның ішінде жедел сипаттағы – 3 788, жедел сипаттағы емес 3 633 қоңырау бар.
Жастар жауапты мамандықты меңгеруде
Біле білген адамға, ең қауіпті деген мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға ғана тән жұмыс жүректілік пен батылдықты талап етеді. Сондай-ақ білім мен білек күші де құтқарушылар қатарына қабылдануда маңызды рөл атқарады.
Осыған орай М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының студенттері Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өндірістік тәжірибеден өтті.
Тәжірибе барысында олар Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен психологиялық тренингтер мен сергіту жаттығуларын өткізіп, эмоционалдық қысымды төмендету және ұжымдық бірлікті нығайтуға үлес қосты. Бұл тәжірибе студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, құтқарушылардың психологиялық тұрғыдан сергіп, демалуына мүмкіндік берді.
Дайындаған Еркін САЙЫН