Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір

Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

0 39

Қазіргі таңда ақпарат қоғамның қозғаушы күшіне айналып, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық әрі тиімді байланысты қамтамасыз етудің маңызы артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік мекемелердің жұмысы бұрынғыдан да ашық, қолжетімді және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталуда. Бұл тұрғыда билік пен бұқараның арасына дәнекер болып жүрген баспасөз қызметінің рөлі айрықша зор.

2020 жылы ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру, тұрғындарды шаһардағы жаңалықтармен дер кезінде қамту, мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогты нығайту мақсатымен Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Содан бері аталған орталық көне шаһардың ақпараттық кеңістігін қалыптастыратын маңызды құрылымдардың біріне айналды. Ендеше, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында күнделікті жұмысын журналистер қауымымен сабақтастырып отырған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігін осы мақаламызға арқау еткенді жөн көрдік.
Қазіргі таңда орталықта қазақ және орыс тілді журналистер, SMM, дизайнер және бейнеқұрастырушы мамандар жұмыс істейді. Олар күн сайын қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттық тұрғыдан сүйемелдейді. Бұл күні орталықтың тізгіні жас та болса бас бола білген Назерке Болаттың қолында.
– Медиа орталық – қала әкімдігінің ақпараттық саясатын жүзеге асыратын басты мекемелердің бірі. Оның негізгі мақсаты – тұрғындарды шаһар өміріндегі жаңалықтармен уақытылы таныс- тыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын түсіндіру, қоғамдық пікірді зерделеу және азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел жауап беру. Бүгінде заманауи технологиялардың дамуы нәтижесінде жаңалық тарату тәсілдері түбегейлі өзгерді. Бұрын ақпараттың негізгі көзі газет-журналдар мен телеарналар болса, қазір әлеуметтік желілер мен интернетресурстар алғашқы орынға шыққаны белгілі. Осы өзгерістерге бейімделген медиа орталық ұжымы жергілікті атқарушы органның ресми ақпараттық ресурстарын тиімді пайдаланып, тұрғындарға қажетті мәліметтерді жедел жеткізуге күш салып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың шаһардағы ілкімді істер мен жаңалықтардан дер кезінде хабардар болуына толықтай мүмкіндік береді, – дейді орталық директорының міндетін атқарушы Назерке Манатқызы.
Назерке Болаттың өзі де бұл ұжымға сырттан келген басшы емес. Ол – осы мекемеде баспасөз саласының қыр-сырын меңгеріп, кәсіби тұрғыда шыңдалған маман. Жылдар бойы орталықтың жұмысын жүйелеуге, әрбір істің сапалы жүзеге асуына және мекеменің заманауи талаптарға сай дамуына өз үлесін қосып келеді. Орталықтың күнделікті жұмысын үйлестіру, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысты нығайту, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың жұмысын жандандыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту бағытында атқарылған жұмыстарда оның қолтаңбасы анық байқалады. Сондықтан да тәжірибесі мол білікті маманға осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын мекеме басшысының міндетін атқару сеніп тапсырылды.
– Басшылық қызметке тағайындалған сәтте жауапкершіліктің жүгі ауыр болатынын жақсы түсіндім. Әсіресе, жас маман ретінде маған деген талаптың да жоғары боларын сезіндім. Дегенмен, әріптестерім немесе әкімдік тарапынан «жас екен» деп жатсыну болған жоқ. Керісінше, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков үлкен сенім білдірді. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары, кеңесшісі Нұрдос Сембек және бөлім басшылары әрдайым қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келеді. Бұл менің жігерімді жанып, қанатымды қатайта түсуде. Бүгінде осы сенімнің үдесінен шығып, өзіме жүктелген қызметті абыроймен атқаруға барынша тырысып келемін, – деп ағынан жарылды Н.Болат.
Әрине, орталықтың нәтижелі жұмысы тек шығармашылық ұжымның ғана емес, мекеменің ішкі тұрақтылығы мен қаржылық тәртібін қамтамасыз етіп отырған мамандардың да еңбегімен тығыз байланысты. Солардың бірі – орталықтың есепшісі Мұхан Есентайұлы. Өз ісінің білікті маманы саналатын ол мекеменің қаржылық есеп-қисабын талапқа сай жүргізіп, бюджеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалап келеді. Қаржылық құжаттардың заңнамаға сәйкес рәсімделуі, есептердің уақытылы тапсырылуы және бухгалтерлік жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы – оның күнделікті қызметінің маңызды бөлігі.
Медиа орталық имидж және кері байланыс бағытындағы негізгі екі бөлімнен тұрады. Әсіресе, имидж бөлімі ерекше рөл атқарады. Мұнда қазақ және орыс тілдерінде еркін жұмыс істейтін кәсіби журналистер еңбек етеді. Бөлім мамандары күн сайын әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларды жүргізумен қатар, қала әкімдігінің ресми сайтына ақпараттарды уақытылы жариялап, телеарналар мен өзге де баспасөз құралдарын қажетті мәліметтермен тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Шаһардағы маңызды оқиғалар, инфрақұрылымдық жобалар, қоғамдық-саяси іс-шаралар мен әлеуметтік бастамалар туралы ақпараттар дәл осы бөлімнің үйлесімді жұмысының нәтижесінде тұрғындарға дер кезінде жетіп отырады. Аталған бағытта тәжірибелі журналис- тер – Шолпан Оразбаева, Екатерина Военберг және Назерке Шайзадаева табанды жұмыс істеуде. Олар әр тоқсанға арналған арнайы медиажоспар әзірлеп, ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырады. Сонымен қатар күнделікті жаңалықтар, мақалалар, сұхбаттар мен түрлі ақпараттық материалдарды дайындап, оларды ресми сайт пен әлеуметтік желі платформаларында тұрақты түрде жариялайды. Бұл ретте мамандар графикалық дизайнер Асылай Сейтханмен тығыз байланыста жұмыс істейді. Журналистердің мазмұнды материалы мен дизайнердің шығармашылық шеберлігі өзара үйлесім тауып, нәтижесінде заманауи талаптарға сай, тартымды әрі сапалы ақпараттық өнімдер әзірленеді.
Бүгінде бейнежазба түсіру, оны монтаждап, өңдеу, қысқа форматтағы роликтер әзірлеу және әлеуметтік желілерге бейімделген заманауи контент жасау да орталық жұмысының ажырамас бөлігіне айналған. Осы бағытта Дәурен Нысанбай мен Байжан Жолдыбек кәсіби шеберліктерімен ерекшеленіп келеді. Екеуі күн сайын қала әкімдігінде өтетін аппарат кеңестерін, түрлі деңгейдегі жиындарды, қоғамдық қабылдауларды, мәдени-көпшілік іс-шараларды және шаһардағы маңызды жобалардың жүзеге асу барысын фото және бейне форматта түсіріп, ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
– Мобилографтың жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбек жатыр. Әсіресе, қала әкімінің жұмысын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу барысында әр күн әртүрлі өтеді. Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлының жұмыс кестесі өте тығыз. Кейде жұмыс таңсәріден басталып, түннің бір уағына дейін жалғасатын кездер болады. Мұндай сәттерде біз де оқиғаның ортасында жүріп, әрбір маңызды сәтті назардан тыс қалдырмауға тырысамыз.
Шаһар басшысы қалада атқарылып жатқан әрбір жұмыстың барысын тұрақты бақылауда ұстайды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан шаһар аумағын аралап, нақты жағдаймен танысады. Біз де сол сәттердің барлығын сапалы түрде түсіріп, көпшілікке жеткізу үшін үнемі дайын жүреміз.
Біздің жұмысымыздағы ең маңызды міндеттердің бірі – жай ғана бейне түсіру емес, әр кадр арқылы атқарылып жатқан жұмыстың мазмұнын көрсету. Кейде бірнеше сағат бойы түсірілім жүргізіп, оның ішінен ең сәтті көріністерді таңдап аламыз. Себебі әрбір кадр көрерменге белгілі бір ой жеткізуге тиіс. Қаланың дамуы, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобалар, тұрғындармен ашық диалог алаңдары – мұның барлығы бейнематериал арқылы шынайы әрі әсерлі көрсетілгенде ғана өз нәтижесін береді. Сондықтан біз үшін сапалы кадр алу – басты талаптардың бірі. Әрбір анық түсірілген фото немесе бейне, әрбір сәтті ракурс, әрбір кәсіби дайындалған ролик қала әкімдігі жұмысының ашықтығын көрсетіп қана қоймай, оның оң имиджін қалыптастыруға да ықпал етеді. Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы қабылдайды. Сол себепті ақпараттың мазмұнымен қатар, оның көркемдік және техникалық сапасына да ерекше мән беріледі, – дейді Дәурен Орынбекұлы.
Мекемеде тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету және азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел жауап беруге де айрықша ден қойылған. Бұған жауапты маман Нұрдана Рахметуллаева күнделікті Documentolog, E-Өтініш, еGov және өзге де электрондық платформалар арқылы келіп түсетін сауалдар мен өтініштерді зерделеумен айналысады. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан жолданған тапсырмалар мен тұрғындар көтерген мәселелер бойынша ақпараттарды жинақтап, қала және облыс әкімдіктеріне арналған ақпараттық дайджест әзірлейді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға, атап айтқанда Facebook пен Instagram желілеріне келіп түскен пікірлер мен сұрақтарды тұрақты бақылауда ұстап, оларға тиісті жауаптардың уақытылы берілуін қамтамасыз етеді.
Ал апта және ай сайынғы қорытынды ақпараттарды әзірлеу, талдау жұмыстарын жүргізу Роза Нурсалиеваға жүктелген. Ол қала мен облыс әкімдіктеріне келіп түсетін шаһарға қатысты сан алуан мәселені саралап, олардың орындалу барысын бақылауға атсалысады. Сонымен қатар апта сайынғы және айлық ақпараттық дайджестерді әзірлеп, жауапты тұлғаларға ұсыну жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді.
– Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан келіп түсетін өтініштер мен шағымдардың сипаты әртүрлі. Бірі коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты болса, енді бірі жол, жарық, қоғамдық көлік, абаттандыру немесе басқа да әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Кейде әлеуметтік желілерде нақты жағдай анықталмай жатып сын-пікірлер айтылып, тіпті шындыққа жанаспайтын ақпараттар да тарап кетеді. Осындай жағдайда біздің басты міндетіміз – мәселенің мән-жайын жедел анықтап, тұрғындарға ресми әрі нақты ақпарат ұсыну.
Біз жұмыс барысында «Алтын сағат» қағидасын басшылыққа аламыз. Оған сәйкес, азаматтардың арыз-шағымдары мен сауалдарына жауап алғашқы бір сағаттың ішінде берілуге тиіс. Сондықтан әрбір өтініш пен пікір біздің назарымыздан тыс қалмайды. Тиісті бөлімдермен және жауапты мекемелермен дереу байланысқа шығып, нақты ақпаратты жинақтап, тұрғындарға мүмкіндігінше қысқа мерзімде жауап ұсынуға тырысамыз.
Тараз – аумағы үлкен, халқы тығыз орналасқан қала. Сондықтан кейде коммуналдық желілердегі ақаулар, табиғи құбылыстардың салдары немесе өзге де күтпеген жағдайлар болып жатады. Мұндай сәттерде тұрғындардың алаңдаушылығы артып, түрлі ақпарат көздерінен мәлімет іздей бастайды. Біз дәл осындай кезеңдерде жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге және халықты тек ресми ақпаратпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлеміз. Кейде жұмыс уақытымен шектелмейтін кездер де болады. Кешкі мезгілде немесе демалыс күндері болған оқиғаларға байланысты тұрғындардың сауалдары көбейеді. Осындай уақыттарда тиісті басқармалар мен мекемелерден жедел ақпарат алып, ресми түсініктемелерді әзірлеп, халыққа жеткізу үшін тәулік бойы жұмыс істеуге тура келеді. Өйт- кені тұрғындардың сенімі мен ақпараттық қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – дейді Нұрдана Нұрғалиқызы.
Соңғы жылдардың бедерінде Тараз қаласында көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Жаңа тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, көшелер жөнделді, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, білім және денсаулық сақтау нысандары жаңартылды. Осындай игі бастамалардың барлығы тұрғындарға ашық әрі түсінікті түрде жеткізіліп келеді. Ал мұның артында аядай ғана болса да атан түйеге жүк болар жауапты жұмысты жүргізіп отырған орталық қызметкерлерінің әрқайсысының өлшеусіз еңбегі жатыр. Осы орайда орталық ұжымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, жұмыстарына толайым табыс тілейміз! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз еселеніп, беделдеріңіз биіктей берсін, әріптестер!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.