Қай қоғамның болмасын дамуы еңбекпен өлшенеді. Еңбек бар жерде береке, өндіріс бар жерде өркендеу бар. Әсіресе, ел экономикасының тірегі саналатын шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, тұрғындардың тұрақты табыс көзін табуына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласының Жібек жолы ауданы, «Жалпақтөбе» алабында биылғы сәуір айында жұмысын бастаған «Kezer» тігін фабрикасының маңызы ерекше. Өйткені бұл кәсіпорын тек өнім шығаратын өндіріс орны ғана емес, жаңа кәсіп үйренуге, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін еңбек мектебіне айналғалы отыр.
Бүгінде әлемдік нарықта жеңіл өнеркәсіптің орны ерекше. Киім-кешек өндірісі тек экономикалық табыс көзі ғана емес, халықтың күнделікті сұранысын қамтамасыз ететін маңызды сала саналады. Осыны терең түсінген кәсіпорын басшылығы алғашқы күннен-ақ өндірісті заманауи талаптарға сай ұйымдастыруды мақсат еткен. Қазіргі таңда фабрика дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін 100 дана өнеркәсіптік тігін машинасымен жабдықталған. Бұл құрал-жабдықтар өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндірістің тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Толық қуатына шыққан кезде кәсіпорын 100 адамды тұрақты жұмыспен қамти алады. Қазірдің өзінде мұнда 45 адам еңбек етіп жүр.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі – жұмысқа қабылданатын азаматтардан арнайы тәжірибе талап етілмейді. Көп жағдайда жұмыс іздеушілердің алдынан «тәжірибеңіз жоқ» деген тосқауыл шығатыны белгілі. Ал «Kezer» ұжымы бұл қалыптасқан түсінікті өзгертуді көздеп отыр. Мұнда бұрын-соңды тігін машинасына отырып көрмеген қыз-келіншектер де жұмысқа қабылданады. Ең бастысы – ынта мен еңбекке деген құлшыныс. Арнайы сала мамандары оларды өндірістің қыр-сырына баулып, тігін өнерінің барлық кезеңдерін үйретеді. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификат табысталып, кәсіби маман ретінде еңбек жолын бастауға мүмкіндік беріледі.
Бұл бастама, әсіресе аудан әйелдері үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Себебі көптеген азамат тұрақты жұмыс таппай, өз қабілеттерін толық пайдалана алмай жатады. Ал мұнда олар жаңа кәсіп меңгеріп қана қоймай, отбасылық табысын арттыруға мүмкіндік алады. Кәсіпорын ұсынатын жалақы мөлшері 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл аудан тұрғындары үшін айтарлықтай қолдау екені сөзсіз.
Өндірістің сапалы ұйымдастырылуына халықаралық тәжірибе де өз үлесін қоспақ. Кәсіпорынға Түркиядан арнайы шақырылған технолог Мехмет Дурак өндірістік процестерді жетілдіруге және жұмысшыларды оқытуға атсалысуда. Түркия жеңіл өнеркәсібі әлемдік деңгейде мойындалған салалардың бірі саналады. Сондықтан шетелдік маманның тәжірибесі мен білімі өндіріс сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мехмет Дурактың айтуынша, қазіргі нарықта табысқа жетудің бас- ты шарты – сапа мен тәртіп. Оның пікірінше, қандай өнім болса да, ең алдымен, тұтынушының сеніміне ие болуға тиіс. Сондықтан өндірістегі әрбір тігіс, әрбір бөлшек халықаралық талаптарға сай орындалуы қажет. Түркиялық маман жергілікті жұмысшылардың ынтасы жоғары екенін ерекше атап өтіп, болашақта бұл ұжымның үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
– Соңғы жылдары әлемде түрлі экономикалық және логистикалық өзгерістер болып жатыр. Осындай кезеңде әр мемлекет өзінің ішкі өндірістік әлеуетін күшейтуге басымдық береді. Әсіресе, халық күнделікті тұтынатын тауарларды өз елімізде өндірудің маңызы зор. Тігін өнеркәсібі – жұмыс күшін көп қажет ететін сала. Сондықтан мұндай кәсіпорындар бір мезетте бірнеше мәселені шешеді. Біріншіден, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Екіншіден, жаңа мамандар даярлайды. Үшіншіден, отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттырады. Меніңше, «Kezer» секілді кәсіпорындардың құндылығы да осында.
Бүгінде көптеген жұмыс беруші тәжірибесі жоқ азаматтарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Ал мұндағы бастаманың ерекшелігі – адамға мүмкіндік беруінде. Бұрын тігін саласында жұмыс істемеген қыз-келіншектерді оқытып, мамандық үйрету – әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі. Ертең олар тек жұмысшы ғана емес, білікті маман ретінде қалыптасады. Тіпті, болашақта өз кәсібін ашып, шағын өндіріс ұйымдастыруына да негіз қаланады.
Тағы бір маңызды мәселе – сапа. Қазіргі тұтынушы өнімнің сыртқы келбетіне ғана емес, оның ұзақ уақытқа жарамдылығына, тігісінің беріктігіне, матасының сапасына ерекше мән береді. Сондықтан халықаралық тәжірибесі бар мамандарды тарту өте дұрыс шешім деп есептеймін. Түркия жеңіл өнеркәсіпте үлкен тәжірибе жинақтаған мемлекеттердің бірі. Сол тәжірибені жергілікті кадрларды даярлауға пайдалану өндірістің болашағына салынған инвестициямен тең.
Егер кәсіпорын бастапқы мақсатынан айнымай, сапаны басты орынға қойып жұмыс істесе, бірнеше жылдың ішінде тек аудан немесе облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде танылатын бренд қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар. Өйт- кені кез келген табысты өндірістің негізінде кәсіби маман, сапалы өнім және еңбекке деген жауапкершілік жатады, – дейді түркиялық маман.
Кәсіпорын әзірге арнайы формалар мен түрлі үлгідегі ер кісілердің жейделерін тігуді қолға алған. Дегенмен, болашақ жоспарлары бұдан әлдеқайда ауқымды екен. Алдағы уақытта арнайы жұмыс киімдерін өндіру бас- ты бағыттардың біріне айналмақ. Қазіргі таңда арнайы киімдерге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Құрылыс, өндіріс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында сапалы арнайы киімге қажеттілік жоғары. Осы сұранысты отандық өнім арқылы қамтамасыз ету кәсіпорынның негізгі мақсаттарының бірі болып отыр.
Басшылық арнайы киім өндірісін дамытып қана қоймай, оны болашақта танымал брендке айналдыруды көздейді. Бұл – үлкен мақсат. Бірақ кез келген үлкен жетістік осындай батыл қадамдардан басталатыны белгілі. Бүгінде әлемге әйгілі брендтердің барлығы шағын өндіріс орнынан бастау алғанын ескерсек, «Жалпақтөбедегі» бұл бастаманың да келешегінен үлкен үміт күтуге болады.
– Қазіргі таңда нарықтағы басты мәселелердің бірі – сапалы әрі қолжетімді киімнің аздығы. Көп жағдайда тұтынушылар не қымбат шетелдік тауарды таңдауға, не сапасы төмен өнімге қанағат етуге мәжбүр болады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Kezer» ұжымы халыққа сапалы, арзан әрі қолжетімді өнім ұсынуды көздеп отыр. Бұл бастама отандық өндірістің дамуына ғана емес, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына да оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартып, жастардың жұмыссыздық мәселесін азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті өнім өндіру арқылы ішкі нарықтағы импортқа тәуелділік төмендейді. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың тұрақтылығын нығайтады. Айта кететін жайт, бізде арнайы мамандар тігу білмейтін жандарды оқытып, үйретіп, сертификаттар табыстайды. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Асханада үш мезгіл ыстық тамақ та қарастырылған, – дейді кәсіпорын директоры Серікжан Тұрлыбек.
Оның сөзінше, кәсіпорын, ең алдымен, адамдарға мүмкіндік беруді көздейді. Мұнда келген әрбір адам жаңа кәсіп үйреніп, өз болашағына жол аша алады. Сонымен қатар сапалы өнім шығару арқылы халық сеніміне ие болу – ұжымның басты ұстанымы.
Шынында да, бүгінгі таңда өңірдің өркендеуі осындай нақты істерден басталады. Бір жағынан халықты жұмыспен қамтып, екінші жағынан отандық өнім өндіріп отырған кәсіпорындардың еңбегі зор құрметке лайық. Жібек жолы ауданы «Жалпақтөбе» алабында бой көтерген «Kezer» тігін фабрикасы – еңбекке негізделген осындай игі бастамалардың бірі. Бұл кәсіпорынның жұмысы алдағы уақытта кеңейіп, жүздеген адамға нәсіп болып, отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына өзіндік үлесін қосарына сенім мол. Өйткені әрбір жаңа өндіріс орны – өңірдің ертеңіне салынған инвестиция, әрбір ашылған жұмыс орны – бір отбасының әл-ауқаты, ал сапалы отандық өнім – ел экономикасының нығаюына қосылған нақты үлес.
Арайлым ШАБДЕНОВА