Биыл Жамбыл ауданы баспасөзінің қарашаңырағы – «Шұғыла-Радуга» газеті 60 жылдық белесіне қадам басты. Осыған орай мерейтойға арналған салтанатты шаралар легі бастау алған болатын. Солардың қатарында басылымның өнегелі тарихымен таныстыру әрі сыр шерту мақсатымен газет редакциясында «Шежірелі шаңырақ» атты «ашық есік күні» өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова бастаған топ әуелі басылым ауласында ұйымдастырылған фотокөрмеге зер салып, киіз үйде арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Жергілікті ақын Нұрлыбек Құрмановтың мерекелік арнауын тыңдап, қошемет көрсетті.
Келесі кезекте меймандар күрделі жөндеуден өткен заманауи кейіптегі ғимараттың ішіне кіріп, «60 жыл елмен бірге» атты «Шұғыланың» шекпенінен шыққан ақын-жазушылардың кітап көрмесімен, газеттің әр жылдардағы сандары қойылған «Газет – халықтың шежіресі» атты экспозициямен етене танысты.
Келесі кезекте болашағынан зор үміт күттіретін жергілікті жас ақын қыздардың өлеңнен шашу шашса, айшабибілік Мерей Жамалбек басылымда бас редактор қызметін атқарған ақын Базар Қилыбаевтың «Мен өмірді сүйемін» атты өлеңін, ерназарлық Кәусар Бейсенбек бір кездері газеттің жауапты хатшысы болған ақын Совет Әлімқұловтың «Туған жер» атты өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды.
Содан соң редакцияның бөлмелерін аралап көрген топ мәжіліс залына бас сұғып, газеттің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін тағылымды бейнебаянды тамашалады. Басылымда бірнеше буын қалыптасқанын, редакцияның табалдырығы қасиетті, шаңырағы киелі екенін ұғынды.
Соңынан сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, ардагер журналист Байтанағали Төлентаев газет ұжымдық жұмысты қажет ететінін, журналистердің көтеріп жүрген жүгі жеңіл емес екенін сөз етіп, редакция ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
журналист