Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді

0 49

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Өз құқығыңды біл» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны Жамбыл облысының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізіп, өңірдегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.

Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті дамыту және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту. Шара барысында тұрғындар мемлекеттік органдар өкілдеріне өздерін толғандырған мәселелер бойынша тікелей жүгініп, білікті кеңестер мен құқықтық түсіндірмелер алды.
– Құқық қорғау органдары үшін азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету – негізгі басымдықтардың бірі. Бүгінгі акция тұрғындардың мемлекеттік органдарға тікелей жүгініп, құқықтық сипаттағы сұрақтарына нақты жауап алуына мүмкіндік берді. Осындай кездесулердің нәтижесінде көптеген мәселе сол жерде түсіндіріліп, кейбір өтініштер тиісті органдардың қарауына жолданды. Біздің мақсат – әрбір азаматтың заң аясында өз құқығын тиімді қорғай алуына ықпал ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сондықтан мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Тараз қалалық прокуратурасының бөлім аға прокуроры Арманжан Әбдібеков.
Ашық диалог форматында өткен қабылдауда әлеуметтік қолдау, жер учаскелерін беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету мәселелері кеңінен қаралды. Бұл азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік берді.
– Мен – Жібек жолы ауданының тұрғынымын. «Сұлутөр» алабындағы жер мәселесіне байланысты кеңес алу үшін келдім. Мамандар мені қабылдап, көтерген сұрағым бойынша заң талаптарын жан-жақты түсіндірді. Қандай құжаттарды рәсімдеу қажет екенін және мәселені заң аясында шешудің жолдарын айтып берді. Осындай «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылған акциялар халық үшін өте пайдалы деп есептеймін. Себебі тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша білікті мамандардан тегін құқықтық кеңес алып, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады, – дейді тұрғыны Айгүл Әбділбайқызы.
Мұндай шаралар халықтың өзекті мәселелерін уақытылы анықтау- ға және шешуге, заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырып, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің дамуына оң әсерін тигізеді.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.