Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана – басты бақыт

0 240

Тараздық тұрғындар көптен күткен қоныс тойдың куәсі болды. Сәтпаев көшесінде құрылысы жүріп жатқан «Нұрлы таң» кешенінің 9 қабатты 90 пәтерлі тұрғын үйі пайдалануға берілді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

«Тараз құрылыс дизайн» компаниясы құрылыс жұмыстарын бір жыл ішінде тәмәмдап, пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысты.
– Бүгін қаламыздың 44 жанұясы жаңа үйдегі өз пәтерлерінің табалдырығын аттайды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті, біздің саясатымыздың негізі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын назарға ала отырып, жыл басынан бері 10 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жаңа жылға дейін жаңа 15-ші шағын ауданда тағы төрт бірдей жалға берілетін және үш несиелік үй пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы әзірленді. Оның шеңберінде кезекте тұрғандарға 146 пәтердің кілті берілді, сондай-ақ «Арай» және «Қарасу» алқаптарында 360 пәтерлік сегіз жатақхана құрылысын аяқтау жоспарлануда. Біз көріп отырғанымыздай, тұрғын үй мәселесі уақытылы және сапалы шешіліп келеді, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Ерекше үлгідегі тоғыз қабатты монолитті үйлер Тараз мемлекеттік университетінің «Гидро» кешенімен көршілес орналасқан. Салтанатты түрде кілт табыстау рәсімінде құрылысы аяқталған екі тоғыз қабатты үйге тұрғындар қоныстандырылды. Ал үшінші көп қабатты үйдің құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жаңа пәтер иелерінің өздері айтып өткендей, үйлер қаланың экологиялық таза ауданында орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысынан, тұрғын үй кешенінің айналасы толықтай қоршалған. Бұл әсіресе көп балалы отбасылар үшін өте қолайлы болып отыр. Сонымен қатар аулада тұрғындардың ыңғайлылығы үшін ойын алаңдары, демалуға арналған жасыл желекті аумақтар бар. Тұрғын үй кешенінің маңында орта мектеп пен «Дарын» мектебі орналасқан. Жаңа нысанның аумағына 150 орындық балабақша салу жоспарланып отыр.
– Кешен құрылысы кезінде энергия үнемдейтін технологиялар қолданылды, ғимараттар сейсмикалық төзімді және барлық стандарттарға сәйкес келеді. Айта кету керек, біз қауіпсіздікті ғана емес жайлылықты да ескердік. Мысалы екі үй де Fuji SL жапондық маркалы шусыз лифтілермен жабдықталған. Қазіргі уақытта мұндай ұсақ-түйектер сатып алушылар үшін маңызды. Тұрғындар үшін жеке көлік тұрағы, денсаулық орталығы, сауда орталықтары, футбол алаңы бар, – деді «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС басшысы Ғазизбек Бекбердиев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.