Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараздың жас футболшылары екі дүркін чемпион атанды

0 52

Жеңіс – қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі. Осыны тағы бір мәрте дәлелдеген Тараз қалалық №5 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер командасы Қостанай қаласында 23-30 маусым аралығында өткен футболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, екінші рет ел чемпионы атанды.

Ел біріншілігі екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде 7 команда бақ сынаса, екінші кезеңде 8 команда жасыл алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Осындай бәсекесі жоғары додада тараздық жас футболшылар ұйымшылдығымен, техникалық шеберлігімен және жеңіске деген қайсар мінезімен ерекшеленіп, тұғырдың биік сатысынан көрінді.
Команданың жарқын жеңісіне ойыншылардың әрқайсысы өз үлесін қосты. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан чемпионаттың «Үздік ойыншысы» және «Үздік сұрмергені» атанып, өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді. Ал команданы жеңіске жетелеген білікті бапкер Ерқасым Ешенқұл «Үздік жаттықтырушы» номинациясына ие болды.
– Бұл жеңіс – балалардың бір жыл бойы төккен маңдай терінің жемісі. Чемпионат өте тартысты өтті. Екі кезеңде де еліміздің мықты командаларымен кездесіп, әр ойында бар күшімізді салдық. Шәкірттерім тәртіп пен жауапкершілікті бірінші орынға қойып, өздерінің мінезі мен шеберлігін көрсете білді. Елбасы Нұрсұлтанның «Үздік ойыншы» және «Үздік сұрмерген» атануы – бүкіл команданың еңбегінің нәтижесі. Біз бұл жетістікпен тоқтап қалмаймыз. Алда бұдан да биік белестерді бағындыру үшін еңбек ете береміз. Бізге қолдау көрсеткен ата-аналарға, спорт мектебінің басшылығына және жанкүйерлерімізге шынайы алғысымды білдіремін, – дейді бапкер.
Бұл жеңіс – Тараз футболының әлеуеті жоғары екенін көрсететін үлкен жетістік. Жас чемпиондардың жеңісті жолы жалғасып, көк Туымызды халықаралық ареналарда да абыроймен желбірете беретініне сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.