XXI ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялардың дәуірі. Озық технологиялар жылдан-жылға жетіліп, әлемде үлкен жаңалықтар болуда. Сондай жаңалықтардың бірі де бірегейі – зор қарқында дамып жатқан жасанды интеллект. Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.
Жасанды интеллект соңғы уақытта өміріміздің ажырамас бөлігіне айнала бастады. Ол кез келген тапсырманы бұлжытпай орындап отырады. Қазіргі таңда ең танымал ЖИ чат-боттары – ChatGPT, Gemini және Midjourney. Үздіксіз даму үстіндегі бұл жүйенің мүмкіндіктері адамды таңғалдырмай қояр емес. Алайда осы ЖИ бізге пайдасымен қатар зиянын да тигізіп жатқан жоқ па?
ЖИ, әсіресе, оқушылар арасында кеңінен танымал. Себебі, ChatGPT сынды боттар кез келген мектеп тапсырмасын аздаған минутта орындап, дайындап береді. Осылайша «дайын асқа тік қасық» болатын жастар өз интеллектілерін дамытудың орнына жасанды интеллектіге жүгінеді. Мұның адамның ойлау жүйесіне, ми жұмысының әлсіреуіне әсері орасан зор. Яғни, өзіне тиесілі жұмыстың бәрі дайын екеніне көз жеткізген ми жұмысын бәсеңдетіп, артық күш жұмсамайды.
Осыған сәйкес, Массачусетс институтының зерттеушілері қызықты тәжірибе жүргізген. Тәжірибе арқылы олар ЖИ-ді белсенді пайдалану адамның қабілетіне қалай әсер ететінін анықтамақ болған. Әуелі қатысушыларға тапсырмалар беріліп, олар тапсырманы ChatGPT-дің көмегімен орындаған. Бірнеше аптадан кейін қатысушылар ұқсас тапсырмаларды ChatGPT-сіз орындағанда нәтиже әлдеқайда нашар болған. Яғни, ЖИ-ге артық тәуелділік ойлау дағдыларының төмендеуіне алып келген.
Жасанды интеллектіні шебер меңгеру, дұрыс пайдалану, заман талабына сай бола отыра өз интеллектімізді дамыту арқылы үлкен жетістіктерге жол аша аламыз. Тоқтаусыз дамып жатқан заманға ілесе отыра, өзімізге зиян тигізуге жол бермеу – өз қолымызда.
Нұрым ЕРКІН