Құқық қорғау саласы – темірдей тәртіп пен тынымсыз ізденісті, сабыр мен батылдықты қатар талап ететін күрделі сала. Осындай жауапты қызметте өз орнын тауып, кәсіби біліктілігімен көзге түсіп жүрген мамандардың бірі – Жамбыл облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Диана Біләл.
Оның тергеушілік жолындағы есте қаларлық істерінің бірі – Тараз қаласының «Ақбұлым» алқабындағы шаруа қожалығында тіркелген аса ауыр қылмыс. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша іс қозғалған сәттен бастап полиция капитаны тергеуді жеке бақылауына алып, әрбір әрекетті жедел әрі жүйелі түрде ұйымдастырған.
Оқиға орнындағы іздер мен айғақтар мұқият зерттеліп, куәлар мен іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынған. Сараптамалар дер кезінде тағайындалып, жиналған барлық дәлелдер бір-бірімен сабақтастырылған. Нәтижесінде күр- делі қылмыстың барлық мән-жайы небәрі 70 сағат ішінде толық ашылып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Кейін сот үкімімен кінәлі тұлғаға 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұл – жеделдіктің ғана емес, кәсіби дәлдік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Тергеушінің әр қадамы заң талаптарына сай, нақты есеппен жасалғаны істің қысқа мерзімде, бірақ сапалы аяқталуына негіз болды.
Диана Біләлдің айтуынша, тергеу жұмысы – уақытпен жарыс емес, ақиқатқа бастайтын мұқият талдау мен дәлелге сүйенген шешімдер тізбегі.
Қызмет жолында ол тек аса ауыр қылмыстарды ғана емес, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты істерді, сондай-ақ интернет-алаяқтық бағытындағы күрделі қылмыстарды да тергеп, талай істің түйінін тарқатқан. Биылдың өзінде 26 азаматтың қаржысын жымқыр- ған интернет-алаяқтық ісін жан-жақты зерттеп, сотқа жолдаған.
2023 жылы оның еңбегі еленіп, облыс әкімінің «Үздік жас құқық қорғау органының қызметкері» марапатына ие болды. Бұл – оның кәсіби деңгейі мен табанды еңбегінің қоғам тарапынан жоғары бағалануы.
Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ