Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Министрдің құрметі

0 79

Жуырда Астана қаласында «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: жаңа сын-қатерлер жағдайындағы даму. Отбасылық дәрігер практикасындағы дәлелді медицина» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ірі кәсіби алаңға Қазақстан мен шетелден келген 950-ден астам қатысушы офлайн және онлайн форматта жиналды.

Конференцияның жұмысына ҚР Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүние- жүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары, жалпы практика дәрігерлері, мейіргерлер, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Жиын барысында сала басшысы Медицина қызметкерлері күніне орай бірқатар ақ халатты абзал жанға арнайы марапаттарды табыстады. Солардың қатарында жерлесіміз, қалалық №5 емхананың терапевт дәрігері Назгүл Дәулеталдина да бар. Назгүл Дәулеталдықызы саладағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасын иеленді.
Марапат иесі 1986 жылдың 14 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Бала кезінен адам денсаулығын қорғауды басты мақсат еткен ол медицина саласын таңдап, өзінің өмірлік жолын осы жауапты мамандықпен байланыстырды. 2010 жылы Астана медицина университетін табысты аяқтаған соң білімі мен тәжірибесін ұштастырып, кәсіби маманға айналды.
Бүгінде қалалық №5 емханада абыройлы еңбек етіп жүрген дәрігердің еңбегі жастарға үлгі болып, медицина мамандығының қоғам алдындағы маңыздылығын тағы бір мәрте айқындай түскені сөзсіз. Сондықтан адам жанының арашашысы атанған ақ халатты абзал жанның бұл марапаты ұзақ жылғы адал қызметтің, кәсіби біліктілік пен халық денсаулығына деген жанашырлықтың жемісі деуімізге әбден болады.
Назгүл Дәулеталдықызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы қызметіне толайым табыс, зор денсаулық және жаңа жетістіктер тілейміз!

«JT»-ақпарат

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.