Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһар күн санап құлпырып келеді

Таразда жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр

0 52

Тасын түртсең, тарихы төгілген Тараз қаласы бүгінде тотыдай таранып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқан өңірлік орталықтардың біріне айналды. Соңғы жылдары шаһарда жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғын үй құрылысын дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Тараздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа қарқын алып келеді.

Жол – шаһар тіршілігінің күретамыры

Бүгінде қала тұрғындарының санының артуы мен көлік ағынының көбеюіне байланысты көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі – күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатпен Абай даңғылы бойында темір жол үсті арқылы өтетін жол мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылысы басталды. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба көлік кептелістерін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2023-2025 жылдар аралығында қаладағы жалпы ұзындығы 279,5 шақырымды құрайтын 474 көшеге асфальт төселген.
– 2024-2025 жылдары «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары мен 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас төселді. Ұзақ жылдар бойы шешімін күткен мәселелердің бірі болған «Бурыл А, Б, В» алқаптарындағы 75 көшеге және «Барысхан» алқабындағы 24 көше толықтай асфальтталып, жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 58,4 пайыздан 71,5 пайызға дейін өсті.
Биылға арналған жоспарға сәйкес, ұзындығы 34,7 шақырым болатын 42 көшеге жол салу және ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдарын жүргізу көзделіп отыр. Сонымен бірге Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді және А.Асқаров көшелері қайта жаңғыртудан өтуде, – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Кәріз жүйесін жаңғырту – уақыт талабы

Қаладағы экологиялық қауіпсіздік пен санитарлық жағдайды қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобалардың бірі – кәріз суын тазарту кешенінің құрылысы. Қазіргі таңда Тараздың кәріз суы Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақта орналасқан сүзгі алаңдарына құйылады. Алайда бұл алаңдардың шамадан тыс толуы Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупін туындатуда. Осы күрделі мәселені шешу үшін шаһардың кәріз суын тазарту кешенін салу жөніндегі арнайы Жол картасы әзірленген еді.
Жоба аясында Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нысанның тәуліктік қуаты 80 мың текше метр суды тазартуға жетеді деп жоспарлануда.
Кәріздік тазарту қондырғысы құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишевтің сөзінше, жоба аясында заманауи тазарту технологияларын енгізу, ағын суларды толық көлемде тазарту және қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайту көзделген.
– Қазіргі уақытта жоба аясындағы жұмыстар жоспарға сәйкес қарқынды түрде жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарланып отыр.
Аталмыш жоба толық іске асырылған жағдайда 2028-2040 жылдар аралығында 50 мыңнан 200 мыңға дейін жаңа абонентті кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар тазартылмаған ағын судың төгілу көлемі 100 пайызға қысқартылып, тәулігіне 80-100 мың текше метрге дейін тазартылған суды техникалық мақсаттарда пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар өңделген тұнбаны көгалдандыру жұмыстарына пайдалану және тазартылған суды 1 000-1 500 гектар алқапты суаруға бағыттау жоспарланған. Бұл өз кезегінде су ресурстарын тиімді пайдалануға және өңірдегі жасыл аймақтардың көлемін арттыруға оң әсерін тигізеді, – дейді жоба жетекшісі.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Шаһардағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінде Тараз қаласында тұрғын үй алу кезегінде 31 906 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 22 860 азаматты, ал 2024 жылы 23 724 азаматты құраған болатын. Тұрғын үйге деген сұраныстың артуына байланысты соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар да күшейтілді.
2023-2025 жылдары шаһарда 33 көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 1 945 пәтер тұрғындарға табысталды. Ал осы жылы бюджет қаражаты есебінен 62 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Айталық, «Ұлы дала» (15) шағынау- данында 11 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып, оның екеуі пайдалануға берілді. Қалған 9 тұрғын үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл үйлерде жалпы саны 698 пәтер болады. «Шапағат» (16) шағынауданында өткен жылдан өтпелі 4 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Онда 180 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар тағы 30 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, нәтижесінде 1 200 пәтер пайдалануға беріледі. Ал «Балауса» (14) шағынауданында 17 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы пәтер саны 600-ді құрайды.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2023-2025 жылдары бұл мақсатқа 16,1 миллиард теңге бөлініп, кезекте тұрған азаматтарға 1 128 пәтер сатып алынған. Биыл әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар үшін қосымша 180 пәтер сатып алуға 2,5 миллиард теңге қарастырылған.
Жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру
жұмыстары да жүйе- лі түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, 2023-2025 жылдары «Ұлы дала» (15) шағынауданынан – 170, ал «Шаңырақ» және «Қарасу» алқаптарынан 105 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілген. Сонымен қатар А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан – 46,4, «Хамукат» алқабынан 125 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін алынып, қажетті инфрақұрылымдар тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін «Хамукат» алқабынан – 524 және А.Асқаров көшесінің соңындағы аумақтан – 341 жер телімі тұрғындарға үлестіріледі.

Жаңғырған үйлер қала көркін ашады

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту да басты назарда. Бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1 103-інің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан астам уақыт өткен. Осыған байланысты 2011-2025 жылдар аралығында респуб- ликалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ қайтарымды қаражат есебінен 23,3 миллиард теңге бөлініп, 565 тұрғын үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы 73 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып, бұл мақсатқа бюджеттік өтінім ұсынылған.
Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Мысалы, 2024 жылы Төле би даңғылы бойындағы 12 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Өткен жылы Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үйдің сырт келбеті жөнделіп, қала көркін арттыра түсті. Осы жылы да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, Абай даңғылы, Желтоқсан және Ы.Сүлейменов көшелерінің бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттері жаңғыртылып жатыр.

Жаңарған жылу желілері жайлы тұрмыс қалыптастырады

Шаһарда жылу желілерін жаңғыр- ту жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Оның жарқын дәлелі – 2024-2025 жылдары Сыпатай батыр, Төле би және Қ.Тұрысов көшелері бойындағы «М-1» жылу магистралі қайта жаңғыртылып, 6 138 метр жылу құбыры ауыстырылды. Өткен жылы Жамбыл даңғылындағы «М-3» жылу магистралінің 650 метр бөлігі жаңартылды. Сонымен бірге былтыр «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы магистральдық және кварталішілік жылу желілерін кеңейту жұмыстары аясында 518 метр жылу құбыры ауыстырылды.
Биыл «М-3» жылу магистралінің құрылысын жалғастыруға және «Самал» (7) мен «Алатау» (8) шағынаудандарындағы кварталішілік жылу желілерін жаңғыртуға қазынадан тиісті қаржы қарастырылған. Нәтижесінде осы бойынша жеті жоба республикалық бюджетке ұсынылды. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі қазіргі 66,4 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді деп көзделіп отыр.
Түйіндей айтсақ, Тараз бүгінде тек тарихи мұрасымен ғана емес, заманауи даму қарқынымен де ерекшеленіп келеді. Шаһардың әр саласын қамтыған кешенді бастамалар тұрғындардың күнделікті өміріне оң өзгерістер әкеліп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін нығайтуда. Инфрақұрылымдық жобалар, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуы, коммуналдық жүйелердің жаңаруы мен қалалық ортаның көркеюі шаһарды ұзақ мерзімді даму жолына бастайтыны сөзсіз. Ең бастысы, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың сұранысы мен болашақ қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде Тараздың жайлы әрі заманауи қала ретінде дамуын одан әрі қамтамасыз етеді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.