Цифрлық технологиялардың дамуы мен жасанды интеллектінің өмірдің барлық саласына енуі мектептегі оқыту үдерісіне де жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе, еліміздің шалғай ауылдарындағы шағын жинақты мектептер үшін бұл өзгерістердің маңызы ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды ұлттық дамудың маңызды басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынып, білім беру саласы осы үдерістің негізгі бағыттарының біріне айналды.
Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты ауылдық мектеп педагогтарының кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде. Институттың 2026 жылға арналған жоспарына сәйкес, облыстағы шағын жинақты мектептердің 50 педагогы «Шағын жинақты мектептерде біріктіріп оқытуда цифр- лық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырады.
Бұл бастаманың өзектілігі уақыт талабынан туындап отыр. Өйткені шағын жинақты мектептердің ерекшелігі – оқушылар санының аздығы, біріктірілген сыныптар, көппәнді мұғалімдердің жоғары жүктемесі және ресурстық мүмкіндіктердің шектеулілігі. Мұндай жағдайда әрбір мұғалім бір мезетте бірнеше жастағы оқушылармен жұмыс істеп, оқу сапасын қамтамасыз ету үшін жаңа әдістер мен технологияларды меңгеруі қажет.
Жаңа бағдарлама дәл осы қажеттіліктерге жауап береді. Курс барысында педагогтар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект көмегі арқылы біріктірілген сыныптарға арналған сабақтарды жобалауды, оқушылардың білім деңгейіне қарай тапсырмаларды саралауды, мультимедиялық білім беру ресурс- тарын әзірлеуді және оқу нәтижелерін талдауды үйренеді. Сонымен қатар жасанды интеллектінің көмегімен сабақ жоспарларын дайындау, оқу материалдарын іріктеу, қалыптастырушы бағалау жүргізу және кері байланыс ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылады.
Бағдарламаның тағы бір маңыз- ды ерекшелігі – цифрлық этика, академиялық адалдық және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуы. Себебі жасанды интеллект дәуірінде технологияны тиімді пайдалану ғана емес, оны жауапкершілікпен қолдану мәдение- тін қалыптастыру да маңызды.
Курстың тәжірибеге бағытталған мазмұны семинарлар, кейс-стади, микрооқыту және практикалық жұмыстар арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде педагогтар көпдеңгейлі сыныптарда тиімді сабақ ұйымдастыруға, цифрлық ресурстар қорын қалыптастыруға және әр оқушының оқу жетістігін деректер негізінде талдауға мүмкіндік алады.
Бүгінде ауыл мектебі – ел болашағының алтын бесігі. Сондықтан шағын жинақты мектептерді қолдау тек білім беру ұйымдарының емес, тұтас қоғамның стратегиялық міндеті болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда, «Өрлеу» БАҰО филиалының Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты жүзеге асырып отырған жұмыстар мемлекет саясатының маңызды бағыттарымен үндесіп, ауыл педагогтерінің кәсіби дамуына жаңа серпін беруде.
Цифрлық дәуірде білім сапасын арттырудың басты кепілі – үздіксіз ізденетін, жаңа технологияларды меңгерген мұғалім. Ал мұндай мұғалімдерді даярлау мен қолдау – ауыл мектебінің болашағына салынған ең құнды инвестиция.
Жамбыл облысының барлық аудандарынан іріктелген педагогтардың қатысуы өңірлік білім беру кеңістігінің біртұтастығын нығайта түседі. Бұл бастама шалғай ауылдағы мұғалімнен бастап аудан орталығындағы әріптесіне дейін кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Лаура БИЖИГИТОВА,
Төлеген Тоқтаров атындағы
орта мектептің педагог-тәлімгері.
Жамбыл ауданы