Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Есің болса, есірткіге елітпе!

Көне шаһарда қоғам дертімен күрес күшейтілді

0 46

Көптеген тағдырдың тажалына айналған нашақорлық бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, ересектермен қатар жастар арасында да нашақорлық және есірткі саудасымен айналысу фактілері өршіп келеді. Ресми дерек бойынша, әрбір бесінші жас есірткіге тәуелді болады екен.

Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға үлкен қауіп төндіретін індет. Сол себепті де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлтымызға қауіп төндіретін есірткімен күресті күшейтуді тапсырды.
– Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай еліміздің көлемінде, оның ішінде Тараз қаласында нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейтілген. Қоғам дертіне қарсы іс-қимылдар қатарында оқушылармен, студенттермен және жалпы жастармен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осындай шараның біріне Тараз мамандандырылған колледжі студенттері арнайы қатысты. Профилактикалық жиынды Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы, Жамбыл облыстық жастар денсаулығы орталығы мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл күні колледж студенттері облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімшелерін аралап, токсикологиялық зертхананың, алкогольдік және есірткілік масаңдық жағдайын медициналық куәландыру кабинетінің, сондай-ақ алғашқы психикалық көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары студенттерге есірткіге тестілеуден өту тәртібін көрсетіп, адам ағзасындағы есірткі заттарын анықтаудың заманауи әдістері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жастарға тыйым салынған заттардың кең ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін заманауи экспресс-тесттердің қолданылатыны түсіндірілді.
Кездесу барысында мамандар кең таралған есірткі құралдары, олардың адам денсаулығы мен психикасына тигізетін зияны, сондай-ақ тәуелділіктің қалыптасу қаупі туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар заңнама талаптарына ерекше назар аударылды. Студенттерге есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, дайындау, өткізу, тарату және жарнамалау үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік нормалары түсіндірілді. Қатысушылар талқылауға белсенді қатысып, мамандардың сұрақтарына жауап берді. Олар есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының артықшылықтары туралы жеткілікті хабардар екендіктерін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастыруға және жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға ықпал етеді.
Балалардың болашағын бақылауда, олардың өз өміріне балта шаппай, еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары атануы жолында ата-ана мен мектептің бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды. Осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыру мақсатымен Жамбыл облысында орналасқан 451 мектептің оқушыларының ата-аналарына арналған онлайн форматтағы облыстық ата-аналар жиналысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мәселесі болды. Шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, облыстық білім басқармасының өкілдері, психикалық денсаулық орталығының мамандары, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Жиын барысында мамандар ата-аналарға жасөспірімдердің есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына тартылу қаупі туралы кеңінен түсіндірді. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы «жеңіл табыс» ұсыну желеуімен кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту фактілеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар балалардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және шынайы өмірде де, цифрлық ортада да қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту мәселелерін талқылады. Мамандар ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға, араласатын ортасына көңіл бөлуге және интернеттегі белсенділігін бақылауға кеңес берді.
Жиынға қатысушылар ата-аналардың дер кезінде көңіл бөлуі, отбасындағы ашық диалог пен мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және қоғамның бірлескен жұмысы жастарды есірткі қатерінен қорғаудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 27 желтоқсанында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойған еді. Бұл заң 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Ал бұл заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Егер олар үшін Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар сол 297-бап бойынша, бірақ төмендетілген санкциялармен тартылатын болады. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек прекурсорлардың контрабандасы үшін көзделген. Аталған өзгерістер прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды, бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысу мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бос- тандығынан айыруға дейін қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Алина Сайлау,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.