Күні бойы телефонға телміріп, өзгемен жарысу және үнемі үздік болуға ұмтылу заманауи жастарды ештеңе істемей-ақ іштей кеміруде. Бүгінгі мотивация мен тренингтер үрдісі бізді жетістікке жетелей ме, әлде жаппай күйзеліске ұшырата ма?
Қазір әлеуметтік желіде кең таралған «тұлғалық даму» бағытындағы түрлі бейнероликтерді сіз де көрген боларсыз. Мұндай дүниелерге еліктеген жастар өмірін бір күнде өзгерткісі келіп, үлкен құлшыныспен іс бастайды. Бірақ көп ұзамай алғашқы қиындықта-ақ сынып, қайтадан бұрынғы үйреншікті өміріне оралады. Бұл аз болғандай, өздері сәтсіздікке ұшыраған соң, жаңадан талпынып жүрген өзге жандардың да «бәрібір жүзеге аспайды» деп бетін қайтарып, жігерін құм қылады.
Жылдам нәтиженің тұзағы
Бұл жердегі басты мәселе — өзге адамның 4-5 жылдық төккен тері мен бейнетінің нәтижесіне бір сәтте қол жеткізуге тырысу. Мәселен, кәсіби спортшының көпжылдық еңбекпен қалыптастырған сымбатты денесіне олар бірнеше айда жеткісі келеді. Немесе білімді жанның жылдар бойы жинаған тәжірибесін бір-екі айлық курс пен 2-3 кітап оқу арқылы жинап алуды қалайды.
Осындай асығыстық пен «жылдам нәтиже» көргісі келу адамды бастаған ісінен тез жалықтырады. Шын мәнінде, мәселе мақсат қоя білуде емес. Жеңіске жеткеннің де, жеңілгеннің де мақсаты бір — биікті бағындыру. Бірақ нәтиженің әртүрлі болуы әрекет пен төзімділікке байланысты.
Бұл тығырықтан қалай шығамыз?
Жастарды іштей кемірген бұл мәселенің шешімін мынадай нақты қадамдардан іздеуге болады:
1.Қадамдардың жүйелілігі (аздан бастау). Бастапқы уақытта иыққа тым ауыр жүк артпау керек. Өмірінде кітап оқымаған адамның бірден 100 бетті оқуға бекінуі немесе спортпен мүлде айналыспаған жанның бірден ауыр зілтемір көтеруі — қателік. Ең алдымен, сол әрекетті орындауға ағзаны, сананы дайындау қажет. Күніне 20 рет отырып-тұру немесе бес бет қана кітап оқу жеткілікті. Фокусты үлкен мақсатқа емес, күнделікті жасалатын кішігірім іске бағыттаған жөн.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) бір хадисінде:
«Құдайға ең ұнамды амалдар – аз болса да, үздіксіз (тұрақты түрде) жасалатыны» деген екен.
2.Ортаны сүзгіден өткізу. Сізді жақсы істерден алшақтататын, «дос» кейпін жамылған жандармен байланысты үзу немесе арақашықтықты сақтау керек. Әлеуметтік желіде тек негатив шашып, өзгелердің өмірін сынап-мінеумен уақыт өткізетін парақшалардан бас тартыңыз. «Төрт ақылды адаммен аралассаң — бесіншісі сен боласың, екі ақымақпен аралассаң — үшіншісі сен боласың» деген тәмсіл бар. Ортаңыз — сіздің айнаңыз.
Әлеуметтік желіде өзгелердің өмірін бақылап, соған күйініп немесе біреудің қателігін іздеп уақыт жоғалтқанша, бүкіл назарды өз ісіңе аудару керек. Абай Құнанбайұлы бұл зағиптықты бір шумақ өлеңмен былай деп сипаттаған:
Біреудің мінін тергенше,
Жамандығын көргенше,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше.
Нағыз тұлғалық даму — сыртқы жылтырға еліту емес, ішкі «меніңді» тәрбиелеу, әрі өз кемшілігіңмен күресе білу.
Жетістік — бір сәттік секіріс емес, ұзақ қашықтыққа созылатын марафон. Бүгінгі «мотивация» мен жетістік культінің жалған ұрандарына алданбай, өз қарқыныңызбен, аз болса да тұрақты қадам жасау ғана сізді нағыз нәтижеге жеткізеді. Үздік болу — өзгеден озу емес, өзіңнің кешегі күніңнен ілгері болу.
Алибек Али