Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Біз неге өзгенің ойымен өмір сүреміз?

0 22

«Мынаны салсам, не дейді екен? Осы киім маған ұнайды, бірақ жұрт күлмей ме? Осы мамандықты таңдағым келеді, бірақ ата-анам мен туыстарым не ойлайды?» Осындай сұрақтар саған таныс па? Егер жауабың «иә» болса, сен жалғыз емессің. Қазіргі таңда көп жастар өз қалауы мен арманының арасында емес, өзгенің пікірі мен өз ойының арасында қалып қояды.

Бір қызығы, біз кейде өзімізді еркін адам санаймыз. Бірақ шын мәнінде көптеген шешімдерімізді өзіміз үшін емес, басқалар үшін қабылдаймыз. Әлеуметтік желіге сурет салғанда лайк санын күтеміз, жаңа нәрсе бастасақ жұрттың бағасын ойлаймыз, тіпті кейде өзімізге ұнаған нәрседен бас тартамыз. Неге? Себебі біз бағаланғымыз келеді. Адамдарға ұнағымыз келеді. Бұл  қалыпты нәрсе. Бірақ мәселе сол ұнауға тырысамын деп өзімізді жоғалтып алуымызда.

Қазір әлеуметтік желі өмірдің бір бөлігіне айналды. Біреу шетелде демалып жүр, біреу қымбат телефон ұстап жүр, енді біреу жетістігін көрсетіп жатыр. Экраннан бәрінің өмірі керемет көрінеді. Ал біз өз өмірімізді солармен салыстырып, көңіліміз түсіп кетеді. Бірақ ешкім камераның ар жағындағы қиындықтарын көрсетпейді ғой.

Ең өкініштісі – көп адам өз армандарынан бас тартады. Біреу блогер болғысы келеді, бірақ «ұят» дейді. Біреу ерекше стильде киінгісі келеді, бірақ «жұрт күледі» деп қорқады. Біреу өз пікірін айтқысы келеді, бірақ сыннан қорқады. Осылайша біз өз өмірімізді емес, өзгелердің күткен өмірін сүре бастаймыз.

Бірақ бір нәрсені түсіну керек: адамдардың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Сен қандай жақсы болсаң да, сені сынайтын адам табылады. Сондықтан өміріңді басқалардың пікіріне бейімдеп өткізудің мәні жоқ. Бір күні өзіңе мына сұрақты қойып көр: «Егер мені ешкім сынамайтын болса, мен не істер едім?» Сол жауап сенің шынайы қалауың болуы мүмкін.

Өмір – лайк жинау жарысы емес. Өмір – өз жолыңды табу. Сондықтан кейде «Олар не дейді?» деген сұрақты қоймай, «Мен не қалаймын?» деген сұрақты қойған дұрыс. Мүмкін, дәл сол кезде ғана сен өзгенің ойымен емес, өз өміріңмен өмір сүре бастайсың.

Қаржаубай Анель

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.