Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Меркі жастарының мұраты – биік, мақсаты – айқын

0 82

Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық ресурсы, қоғамның қозғаушы күші және кемел келешектің кепілі. Сондықтан жастарды қолдау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, жұмыспен қамту, құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық рухын нығайту және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

Осы орайда Меркі ауданында жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың әлеуетін дамытуға және қоғамдағы белсенділігін арттыруға басымдық берілуде. Айталық, бүгінде аудан халқының жалпы саны – 87 324 адам болса, оның 24 921-ін 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл – жалпы халық санының 28,5 пайызы.
Жастарды жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы бағытта Меркі ауданында жастарды жұмыспен қамтуға, олардың білім алып, кәсіп меңгеруіне, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына және еңбек нарығында өз орнын табуына жан-жақты жағдай жасалуда. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында аудан жастарын жұмыспен қамту бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде 172 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 22 жас – «Жастар практикасы» бағдарламасына, 83 жас – бос жұмыс орындарына, 18 жас – «Бастау Бизнес» жобасына, 47 жас – қоғамдық жұмыстарға, ал 2 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.
Сонымен қатар аудандық «Мансап» орталығымен бірлесіп 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 150-ге жуық тұрғын мен жұмыссыз жастар қатысты. Жәрмеңке барысында 89 бос жұмыс орны ұсынылып, нәтижесінде 34 жас тұрақты жұмысқа орналас- ты. Сондай-ақ 3 жас кәсіби оқыту курстарына жіберілсе, 2 жас жастар тәжірибесі бағдарламасына жолдама алды. 110 жасқа түрлі бағытта кеңес берілді.
«Жастарға кеңес» жобасы аясында аудан жастарын ақпараттандыру мақсатымен 4 кеңес беру алаңы өткізіліп, оған 200-ге жуық жас пен тұрғын қатысты. Нәтижесінде 12 жас – «Жасыл ел» бағдарламасымен, 4 жас – «Жастар практикасы» бағдарламасымен және 3 ауыл тұрғыны ақылы қоғамдық жұмысшы ретінде екі қолға бір күрек тапты.
Жастар арасында құқық- бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауатты арттыру бағытындағы жұмыстар да тұрақты жалғасуда. Айталық, «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жылдың алғашқы 4 айында 44 іс-шара өткізіліп, оған 1 700-ге жуық жас қамтылды. «Жастар және қылмыс», «Құқықбұзушылық және заңдық жауапкершілік», «Жасөспірімдердің қауіпсіздігі», «Қауіпсіз мектеп» тақырыптарында кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен акциялар ұйымдастырылды. Бұған қоса «Қоғам сақшысы» жобасы аясында полиция қызметкерлері мен білім бөлімінің мамандары бірлесіп 18 түнгі рейдтік зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыс- тар апта сайын жалғасып келеді. Айта кету керек, 2025 жылы құқық бұзушылық жасаған жастар саны 27 болса, қазір бұл көрсеткіш 17-ге дейін төмендеген. Бұл профилактикалық жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Әсіресе, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, олардың табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі саналады. Өйткені қоршаған ортаның тазалығы мен табиғи байлықтардың сақталуы – келер ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.
Меркі ауданында да жастар аталған ауқымды акцияны кеңінен қолдап, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысуда. Олардың табиғатқа деген жанашырлығы мен қоғамдық жауапкершілігі ауданның көркеюіне және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Нақтырақ айтсақ, биылғы 4 айда аталмыш акция шеңберінде 59 іс-шара өткізіліп, оған 1 180 ерікті жас қамтылды. Оның ішінде жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған 1 кездесу өткізілді. Сонымен қатар аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 5 тал отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Тазалық пен қоршаған ортаны қорғау бағытында саябақтарда, ауылдық округтер мен қоғамдық орындарда 51 тазалық акциясы өткізіліп, қоқыстар тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен тарихи орындар аумағында 2 арнайы тазалық акциясы ұйымдастырылып, жастар тарапынан құрмет көрсетілді.
Биылғы Халықаралық еріктілер жылы аясында аудан жастары волонтерлық қызметке де белсенді қатысып жатыр. Осы мақсатпен Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Merki eriktileri» еріктілер қозғалысы 15 бағыт бойынша 277 іс-шара өткізіп, оған 5 200-ден аса ерікті жас тартылды. Атап айтқанда, «Жануарларға волонтерлік қызмет» бағыты бойынша – 8, «Этноволонтерлық» бағыты бойынша – 21, «Білім беру саласы» бағыты бойынша – 13, «Нашақорлықтың және басқада тәуелділікітің алдын алу» бағыты бойынша – 12, «Медицина» бағыты бойынша – 11, «Қарттар мен жалғыз басты адамдармен жұмыс» бағыты бойынша – 45, «Көпшілік кеңістіктерді дамыту» бағыты бойынша – 2, «Гуманитарлық-әлеуметтік көмек» бағыты бойынша – 21, «Экология» бағыты бойынша – 57, «Төтенше жағдай» бағыты бойынша – 15, «Медиаволонтер» бағыты бойынша – 12, «Өнер саласындағы волонтерлық» бағыты бойынша – 36, «Ерекше қабілеттігі бар балалар» бағыты бойынша – 6, «Спорттық және салауатты өмір салты» бағыты бойынша 18 іс-шара өткізілді.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жыл басынан бері түрлі бағытта 467 іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңнан астам тұрғын мен жас қамтылды. Оның ішінде рухани-адамгершілік бағытта – 101, әскери-патриоттық – 19, спорттық – 18, мәдени-шығармашылық – 49, құқықтық – 65, діни – 33, психологиялық-танымдық – 42, жастарға кеңес беру – 57, экологиялық мәдениет – 59, этносаралық келісім – 16, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 8 іс-шара ұйымдастырылды.
Сондай-ақ жастарды еңбекке баулу және олардың маусымдық жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатымен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 100 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Осы жылдың сәуір айында 35 жас еңбек жасақтарына тартылды. Нәтижесінде аудан аумағындағы жалпы көлемі 9 700 аумақ тазаланып, 18 тонна күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар гүлзарларға гүл егіліп, ағаштар отырғызылды.
Ауданда қайырымдылық пен жанашырлық мәдениетін дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Игі іс» қайырымдылық жобасы аясында 69 іс-шара өткізіліп, оған 850-ден астам белсенді жас қамтылды. Нәтижесінде аз қамтылған және жағдайы төмен 21 отбасыға Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен еріктілер тарапынан азық-түлік түріндегі көмек көрсетілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеу- лі 5 жасқа азық-түлік беріліп, 43 жалғызілікті қарияға үй шаруасына көмек көрсетілді.
Жасөспірімдерге рухани тәрбие, өмірлік бағдар мен ақыл-кеңес беру мақсатымен ауданымыздың ардагерлері мен жастардың арасында тәрбиелік байланысты нығайтуға бағытталған «Бабалар салған ізбенен» жобасы іске асырылып отыр. Жоба аясында ауданға еңбегі сіңген қариялар мен ардагер ұстаздар, аналар кеңесінің төрайымы және аудандық билер кеңесінің мүшелерінің қатысуымен жалпы 11 кездесу өткізіліп, оған 200-ден астам жасөспірім қатысты. Аталмыш жоба аясында жастарға рухани құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді насихаттау, тәлім-тәрбие беру арқылы олардың сана-сезімін, мәдени жауапкершілігін және азаматтық ұстанымдарын нығайту көзделіп отыр. Мұндай кездесулер жас буынның ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, үлкен буын мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Меркі ауданында жастарды қолдау, олардың құқықтық сауатын арттыру, жұмыспен қамту, еріктілік мәдениетін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Бұл – жастардың болашағына жасалған маңызды инвестиция әрі ел ертеңіне деген сенімнің айқын көрінісі. Бүгінде аудан жастары қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, еңбек пен білімге ұмтылу, еріктілік қызметті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытында өз үлестерін қосып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жүйелі ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде жастардың мүмкіндіктері кеңейіп, олардың қоғамдағы рөлі арта түсуде.
Алдағы уақытта да өңірде жастар саясатының негізгі бағыттары бойынша жұмыстар қарқын алып, жас ұрпақтың әлеуетін толық ашуға, олардың бастамаларын қолдауға және ел дамуына үлес қосатын белсенді азаматтарды қалыптастыруға бағытталған жобалар мен бағдарламалар үздіксіз жүзеге асырыла береді.

Нұрбек ЖҰМАНАЗАРОВ,
Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.