Жылу желілерін жаңғырту қарқынды жүруде
Қазіргі таңда қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында «Самал» және «Алатау» шағынаудандарында ішкікварталдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Жөндеу жұмыстары барысында ескі, тозығы жеткен жылу құбырлары толықтай ауыстырылып, заманауи талаптарға сай жаңа желілер тартылып жатыр.
Осыған байланысты аталған шағынаудандардағы 100 көпқабатты тұрғын үйде ыстық су уақытша өшірілген болатын. Уақытша шектеу — тұрғындарға болашақта сапалы қызмет көрсету үшін жүргізіліп жатқан қажетті техникалық шаралардың бірі.
Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталуға жақын. Соған сәйкес, жөндеу толық біткен аумақтардағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су да кезекпен қайта беріле бастайды. Бұл туралы бүгін жаңғырту жұмыстарымен танысқан қала әкімі Бақытжан Орынбеков атап өтті.
Шаһар басшысы құрылыс барысында тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне барынша қолайлы жағдай жасау маңызды екенін жеткізді.
Бұл жоба толық аяқталғаннан кейін аталған шағын аудандардағы инженерлік жүйелердің тозу деңгейі төмендеп, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасы едәуір жақсарады деп күтілуде.