Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіподақ ұйымы – ұжым ұйытқысы

0 110

Кәсіподақ – бір мекемеде еңбек ететін қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құрылған ұйым. Ол – еңбек адамының сенімді тірегі, қиын сәтте қолдау көрсететін, бірлік пен ынтымаққа үндейтін орта. Кәсіподақтың басты мақсаты – қызметкерлердің лайықты еңбек жағдайына, әділ жалақыға және әлеуметтік қорғалуына қол жеткізу. Сондықтан кәсіподақтың қоғамдағы орны мен маңызы әрдайым ерекше.

Бүгінде спорт саласында да кәсіподақ ұйымының алар орны айрықша. Жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлер кәсіподақ ұйымына сеніммен мүше болып, оның жұмысына белсенді араласады. Мен үшін кәсіподақ – жай ғана қоғамдық ұйым емес, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған үлкен мектеп. Бұл – адамдармен етене жұмыс істеу, олардың сенімін ақтау, мұң-мұқтажына ортақтасу деген сөз. Ал біздің басты күшіміз – бірлікте.
Біздің ұйымда барлық кәсіподақ жұмыстары бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Ұжымдық шарт жасалып, оның орындалуы үнемі бақылауда ұсталады. Бұл құжаттың маңызы зор, себебі онда қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты барлық мәселелер қамтылып, қосымша жеңілдіктер де қарастырылған. Әсіресе, мекеме басшысының кәсіподақ ұйымын қолдауы – ұйым жұмысының нәтижелі болуына үлкен ықпал етеді. Біздің спорт мектебінің әкімшілігі кәсіподақтың барлық бастамалары мен игі істеріне әрдайым қолдау білдіріп келеді.
Еңбек ұжымымызда 40-қа жуық қызметкер бар. Әрқайсысының өзіндік мінезі, өмірлік ұстанымы мен мәселелері болады. Осындай үлкен ұжымда туған күндер мен мерейтойлар жиі аталып өтеді. Біз әріптестерімізге ерекше көңіл бөліп, мерекелік шараларды есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруға тырысамыз.
Ұйымымызда ақпараттық жұмыстарға да ерекше мән беріледі. Облыстық кәсіподақ комитетінен келіп түскен барлық жаңалық пен маңызды ақпарат ұжым мүшелеріне уақытылы жеткізіліп отырады. Бұл бағытта кәсіподақ бұрышы мен әлеуметтік желілер тиімді пайдаланылуда.
Мен кәсіподақ ұйымына он жылдан астам уақыт төрағалық етіп келемін. Осы жылдар ішінде кәсіподақ маған көп нәрсе үйретті. Ең алдымен, кәсіподақ жетекшісі жауапты, сауатты, әділ әрі адал болуы керек екенін түсіндім. Сонымен қатар ол принципшіл, табанды, өз көзқарасын қорғай алатын және қажет кезде кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үшін аянбай еңбек ететін тұлға болуға тиіс. Нағыз көшбасшы өз ісін шын жүрегімен жақсы көріп, әр адамның жан дүниесін түсіне білуі қажет. Мен үшін кәсіподақ өмірімнің маңызды бір бөлігіне айналды.
Әріптестеріміздің еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, лайықты жалақы алса екен деймін. Себебі еңбек адамының әлеуметтік жағдайының жақсы болуы оның денсаулығына, шығармашылық қабілетіне және өмірге деген құлшынысына тікелей әсер етеді.

Нұрсипат БАЙЖИЕНОВА,
№13 облыстық мамандандырылған
балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.