Балалардың шат күлкісі мен бал дәурен балалығының мерекесіне айналған 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне де санаулы күндер қалды. Бұл – әр бүлдіршін асыға күтетін ерекше мейрам. Өйткені бала көңілі үшін мейірім мен қуаныштан асқан байлық жоқ. Балалық шақтың әр сәті жарқын естелікке толы болып, шаттық пен қамқорлыққа бөленсе, нағыз бақыттың өзі. Жыл бойы білім нәрімен сусындап, мектеп қабырғасында тәлім алған оқушылар үшін жаз мезгілінің де орны бөлек. Достарымен асыр салып ойнап, жаңа әсерге бөленетін бұл кезең балалардың асыға күтетін шағы. Ал олардың демалысы мәнді де мазмұнды өтіп, қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастырылуы – үлкендердің басты міндеті. Осы орайда, балалардың жазғы тынығуы қалай өткізілмек? Қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Зер салып, зерделеп көрсек…
Жазғы лагерге дайындық қалай?
Басқа-басқа, жазғы демалыс – бала атаулының асыға күтетін мезгілі. Дегенмен бұл перзенттері үшін алдағы үш айдың бос өтпеуін ойлап бас қатыратын ата-аналарға қосымша жүк, ерекше жауапкершілік жүктейтіні тағы бар. Қазіргі таңда балаңызға қызықты демалыс сыйлаудың көптеген мүмкіндіктері қарастырылған. Мәселен, балаңызды жазғы лагерьге жіберіп, жанын жадыратсаңыз болады. Баланы лагерьге жіберу – ата-ана үшін өте жауапты іс. Әрине, ата-аналар баласының демалыстан жақсы әсер алып қана қоймай, қауіпсіз және үлкендердің қатаң бақылауында болғанын қалайды, сондықтан мейлінше лайықты жерді таңдауға тырысады. Ал балалар лагері дәстүрлі сауықтыру, спорттық-туристік, театралды болып бірнеше топқа бөлінеді.
Облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныптағы 217 757 оқушының 208 235-ін (95,6%) қамту жоспарлануда. Оның ішінде 15 292 бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Олар негізінен көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
– Облыстағы 6 оқу-сауықтыру орталығы балаларды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы және мемлекеттік «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» мен жекеменшік «Берікқара», «Тау самалы» лагерьлері. Білім басқармасының Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының 90 тәрбиеленушісі 56 күн бойы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар биыл «Бетқайнар» және «Құлан» ауылшаруашылық колледждерінің базасында 1 200 оқушыны жазғы сауықтырумен қамту жоспарланып отыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «2026 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітіліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Оқу-ағарту министрлігі дайындаған әдістемелік ұсынымдар мен жұмыс алгоритмдері оқу мекемелеріне таратылып, семинар-кеңестер өткізілді.
Облыстық штаб мүшелері белгіленген кестеге сәйкес барлық оқу-сауықтыру орталықтарына мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ 407 мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлер 1 маусымнан жұмысын бастайды. Оларда әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан 31 967 баланы қамту жоспарланған.
Республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі байқаулар мен жарыстардың жеңімпазы болған 5-9 сыныптың 279 оқушысы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, ал көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығына жіберіледі, – дейді жалпыға міндетті білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Еркебұлан Таткеев.
Барлық білім беру ұйымдарында оқу жылы аяқталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс кезеңінде балалар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және жазғы демалыстың тиімді ұйымдастырылуы мен қауіпсіздік мәселесі туралы жан-жақты дайындық сараланыпты. Бұл жұмыстың барлығы балалардың қауіпсіздігін көздейді.
Әлем балалары әдемі демалады
Бұл ретте балалардың бос уақытын мағыналы өткізуге тырысатын тек біз ғана емес. Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, Еуропа мен Америка мектептері де балаларды саяхатқа апарып, қызықты нәрселер көрсетуге жазғы демалысты қолайлы мезгіл ретінде қарастыратынын көреміз. Сөйтіп, олар оқушылар үшін танымдық сапарлар мен экскурсиялар ұйымдастырады және оның ауқымы өте кең. Яғни, онда шетелдерге топтық турдан бастап табиғат аясына бір күндік саяхат та бар. Түрлі астаналарды, сол сияқты ірі қалаларды да көру, аралау үрдісі кең таралған. Міндетті болмағанымен, кейбір орындарға, мысалы, тарихи музейлерге, ұлттық парктерге бару өте қажет болып саналады. Мұның сыртында, анағұрлым қызықты турлар да кездеседі. Мәселен, Миссисипи штатында оқушыларға асшаян аулау және пісіріп жеу бойынша да экскурсия ұйымдастырылады екен.
Еуропа мен Америкада лагерьлердің көпшілігі ақылы. Ұзақтығы бірнеше күннен бастап 8 аптаға дейін созылады. Ұлдар мен қыздардың лагерьлері бірге немесе әрқайсысынікі бөлек те болады. Әдетте балалардың жазғы демалыс орындары белгілі бір бағытта, мысалы, спорт, көркемөнер немесе тіл үйрену мақсатына орайластырылуы ықтимал. Сондай-ақ онда біздегі сияқты, негізінен, балалардың таза ауада тынығуына басымдық беретін, ал қалған уақытта ән айтып, би билеп, сурет салып жарысып, мәдени-демалыс шаралары мен айналысуына жағдай туғызатын лагерьлер де бар.
Кейбір шетелдерде ірі университеттер жанынан ұйымдастырылатын академиялық лагерьлер де кездеседі. 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бұл демалыс орындарында балаларға өнерден бастап құқыққа дейінгі әртүрлі сала бойынша қысқа мерзімді оқу-ағарту бағдарламалары ұсынылады. Арасында ойын-сауықтық шаралар да өткізіліп тұрады. Негізінен, дәрістер мен семинардан, тәжірибе сағаттарынан тұратын мұндай курстар көп жағдайда балалардың ертеңгі мамандық таңдауына да септігін тигізетіні мәлім.
Шетелдерде «бала мектепке тынығып, күш жинап баруы қажет» деген түсінік басым. Мектеп жасындағы балалардың аптасына белгілі бір сағатқа дейін ғана жұмыс істеуіне рұқсат етіледі, онда да оларды кез келген жерге жолата бермейді, әсіресе алкогольді ішімдік қолданылатын кафе, барларға жасөспірімдерді даяшылыққа, тағы басқа жұмысқа алмайды. Балалар көбіне парктердегі ағаштар мен гүлдерге күтім жасау, фермаларда жеміс жинау сияқты маусымдық жұмыстарға тұра алады.
Жазда оқушылар да жұмыс істейді
Тұрмыстық жағдайларға байланысты бізде мектеп жасындағы балалардың көпшілігі жаз мезгілінде көбінесе қара жұмысқа жегілетіні жасырын емес. Ауылдағылар егістіктің арам шөбін отау, егін суару, шөп шабу, маялау, мал бағу сияқты дала жұмыстарына араласса, қаладағылар көлік жуу, базарда арба сүйреу, жүк тасу, дәмханаларда даяшы болу сияқты шаруаларға тартылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жасөспірімдерге қалай жұмыс табуға болатындығын айтқан еді.
– Enbek.kz порталынан «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы оқушыларға арналған бос жұмыс орындарын таба алады. Оларға театр, кино, цирк сияқты шығармашылық салаларда жұмыс ұсынылады. Сондай-ақ сауда, тамақтану және SMM, маркетинг секілді digital бағыттары бар. Айта кететін жайт, кәмелет жасына толмағандар тек жеңіл жұмыспен қамтылады. Материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге қабылдауға болмайды. Заң бойынша 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Яғни, күніне 4,5 сағаттан аспауы керек. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат.
Сондай-ақ 14 жаста еңбек шартына жасөспірімнің өзі ғана емес, ата-анасы да қол қоюы міндетті. 15 жаста негізгі орта білім алған жасөспірімдер ресми жұмыс істей алады. 16 жастан бастап еңбек шартын өзінің жасауына құқық беріледі. Жалақы 85 мың мен 127 мың теңге көлемінде болуға тиіс, – деді министрлік өкілдері.
Десе де, министрлік жұмыс іздегенде сақ болуға шақырады. Еңбек шарты міндетті түрде жасалғанын талап ету маңызды. Өйткені шарт жүйеде тіркелсе, жасөспірімнің еңбек өтілі ресми есептеліп, құқығы заңмен қорғалады екен. Бізде осы хабарламаны алға тартып өңірдегі «Мансап» орталығына хабарласып, «жұмыс берушілер бар ма?» деген сауалды қойдық. Алайда біздің өңірде оқушыларды жұмысқа қабылдауға арнайы жұмыс берушілер өтінім қалдырмағанын айтты. Тек «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыс беретіндігін жеткізді. Айта кететін жайт, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп дамуына өз үлестерін қосуда.
– Бүгінгі таңда «Жасыл ел» еңбек жасақтарында 191 адам жұмыс істеп жатыр. Әр жас 1 ай маусымдық жұмыс атқарады. Ал оқушыларға келер болсақ, жасы 16 жастан асқан болса болды. Жалақысы 85 мың теңге міндетті алымдарды алып тастағанда 70 мыңдай жалақы алады. 6 күндік жұмыс уақытысы күніне 6 сағат жұмыс атқарады, – дейді Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Азамат Лесбек.
Қалай болғанда да, жасөспірімдердің еңбек етуі олардың қауіпсіздігі мен құқығы сақталған жағдайда ғана пайдалы болмақ. Сондықтан ата-ана мен қоғам баланың жазғы демалысы тек табыс табумен емес, тынығу мен рухани дамуға да бағытталуын естен шығармағаны жөн. Осы орайда психолог Ержан Мырзабай да бала психологиясы мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін айтады. Маманның сөзінше, демалыс кезеңі – баланың тек тынығып қана қоймай, рухани және эмоционалдық тұрғыдан дамитын маңызды уақыты. Сондықтан жасөспірімдердің еңбекке араласуы олардың денсаулығы мен психологиялық жағдайына кері әсер етпейтіндей деңгейде болуы тиіс.
– «Үш айда мынаны үйренуің керек» деп алдына мақсат қойсаңыз, баланың зейіні соған ауады. Мысалы, бала тіл курсына қатысып, тігін, гитара, домбыра, шахмат үйірмелеріне барса, суда жүзіп, атқа мінуді үйренсе, оның қалауы, бұрын байқамай жүрген қабілеті ашылады. Ал ауыл балаларының демалысы қалай өту керек? Бірнеше ата-ана бірігіп, балаларды лагерьге жіберсе болады. Ал үйде мал ұстап, бақша егетіндер баласын еңбекке баулиды. Бірақ еңбек баланың бүкіл уақытын алмауы керек. Баланы шектен тыс жұмысқа салу оның балалығын жоғалтады, тез есейіп кетеді, оқуға құлшынысы төмендейді. Баланы жұмыс күші ретінде қарастырған дұрыс емес. Оның ойнауына, демалуына, жаңа бір дағды үйренуіне көмектесу керек. Ауылда бұған жағдай жоқ деп уәж айтатындар да табылар. Бірақ қазір интернет дамыған заманда онлайн оқу тиімді болып отыр. Мысалы, ауылда отырып-ақ онлайн түрде ағылшын тілін оқуға, ораторлық қабілетті дамытуға болады. Біздің қоғамда бір қызық парадокс қалыптасқан. Баланы 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін мектеп тәрбиелейді, оқытады, білім береді. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс басталып, балаға жауапкершілік тікелей ата-анаға ауған кезде баланы ата-әжесіне жібереді. Сонда ата-ана қашан баласымен айналысады? Қашан баланың қолынан ұстап, таңғы асты бірге ішіп, әңгімелесіп, сырласып, әр күнін жоспарлап, қалауын тыңдайды? Бұл ойланарлық мәселе. Мүмкін күнкөрістің қамы деп өзімізді ақтап алармыз. Алайда баланы өмірге әкелген соң, оның алдындағы жауапкершілікті де ұмытпаған абзал, – дейді психолог.
Расында, баланың жазғы демалысы тек уақыт өткізумен өлшенбеуі керек. Бұл – оның жаңа қабілетін танып, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін маңызды кезең. Психолог айтқандай, еңбек тәрбиесі қажет болғанымен, ол балалық шақтың орнын алмастырмауы тиіс. Себебі баланың алаңсыз ойнап, қызығушылығын дамытып, ата-анамен етене жақын қарым-қатынас орнатуы – оның болашақ өміріне үлкен әсер етеді.
Қазіргі қоғамда балаға материалдық жағдай жасап беру басты міндет секілді көрінгенімен, рухани қолдау мен бірге өткізілген уақыттың орны әлдеқайда маңызды. Сондықтан жазғы демалыс кезінде әр ата-ана баласының қалауын тыңдап, бірге уақыт өткізуге, оның арман-мақсатына бағыт беруге көңіл бөлсе, бұл баланың жан дүниесіне жасалған үлкен қамқорлық болар еді. Осы пікірге ата-аналар не дейді?
– Биыл жалғыз ұлымды Алматы қаласындағы «Tau Camp» жазғы лагеріне жіберуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бағасы қымбат. Бірақ бала үшін сапалы демалысқа қаржы аямауға тырысамыз. Қазір балалардың қауіпсіз ортада болып, жаңа достар тауып, тіл үйреніп, спортпен айналысқаны маңызды деп ойлаймын. Лагерь бағдарламасымен танысқан кезде түрлі шығармашылық және танымдық бағыттардың қамтылғаны ұнады. Бала телефонға телміріп отырмай, уақытын пайдалы өткізсе екен дейміз. Оның үстіне өз бетінше ортаға бейімделіп, жауапкершілікке де үйренеді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айсұлу Талғатова.
Иә, бүгінде жекеменшік жазғы лагерьлердің жарнамасы әлеуметтік желілерде қаптап жүр. Түрлі бағдарламалар мен жайлы жағдайды ұсынатын мұндай демалыс орындарының бағасы да арзан емес. Мәселен, кей лагерьлердің 10 күндік жолдамасы 150 мың теңгеден басталады. Бұл – ең төменгі бағаның бірі ғана. Ал бір отбасында екі-үш баласы бар ата-ананың мұндай қаражатты көтеруі оңай емес.
Сондықтан бүгінде сапалы әрі қауіпсіз жазғы демалыс көпшілік үшін қолжетімсіз дүниеге айналып бара жатқандай. Бірі баласының болашағы үшін қаржысын қиса, енді бірі тұрмыстық жағдайға байланысты ондай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отыр.
– Біздің отбасымызда үш оқушы бар, одан бөлек екі балам балабақшаға барады. Әрине, ана болған соң балаларымның жазғы демалысы мені де қатты алаңдатады. Барлығының жазды жақсы әсермен, пайдалы әрі қызықты өткізгенін қалаймын. Қазір түрлі лагерьлердің жарнамасын көріп қызығасың, балаңды жібергің келеді. Бірақ бағасы өте қымбат. Бір баланы жіберудің өзі оңай емес, ал бірнеше баланы қатар ақылы лагерьге беру кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан қолдан келгенше балалардың уақытын тиімді өткізуге өзіміз жағдай жасауға тырысамыз. Әр ата-ананың ең үлкен арманы – баласының ештеңеден таршылық көрмей, алаңсыз балалық шақ кешкені ғой, – дейді көпбалалы ана Жанерке Тоқтамысова.
Тілші түйіні
Қарап отырсақ, балалар демалысын ұйымдастыру мәселесінде ескі ұстанымдар мен қасаң қалыптан шығып, жаңаша жол іздейтін уақыт жетті. Қазір талап та, заман ағымы да басқа. Әрине, «күні бойы қараусыз қалмасын» деп, баланы мектеп жанындағы лагерьге бере салған оңай, бірақ бұл бәрібір толыққанды демалыс емес. Әрі ол ары кетсе 14 күннен аспайды. Ал қалған 76 күнде не істейміз? Балалардың демалысты пайдалы әрі қызықты өткізіп, денсаулығын нығайтып, жақсы демалуына жағдай жасау керек. Бұл әр ата-ананың өз қолында. Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық – елдің ертеңіне салынған инвестиция іспеттес. Ал сіз балаңыздың жазғы демалысын жоспарладыңыз ба?