Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тарих – ұлт жадының тірегі

0 464

Тарих – адамзат қоғамының өткенін зерделейтін, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды ғылым саласы. Ол халықтың бастан өткерген тағдырын, әлеуметтік, саяси, мәдени дамуын баяндай отырып, бүгінгі күннің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. «Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген нақыл сөз тарихтың маңызын айқын аңғартады.

Тамыры терең тарихи орындар

Тарихи орындар мен құнды жәдігерлер – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы, ұлттық болмысының айнасы. Әрбір тарихи мекен мен көне бұйым өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, ұрпақ санасында елдік пен бірліктің қадірін ұғындырады. Қазақстан жері – ежелгі өркениеттердің ізі сайрап жатқан қасиетті өлке. Осы Ұлы даладағы тарихи орындар туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында арнайы тоқталып: «Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы Вознесенск кафедралы шіркеуі де айрықша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады», – деген болатын.
Әрине, Президент атап өткендей, еліміздегі Түркістан, Отырар, Сарайшық, Сығанақ сынды көне қалалар халқымыздың мәдениеті мен өркениетінің жоғары деңгейде болғанын айғақтайды. Әсіресе, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – күллі түркі жұртының рухани орталығы саналып, ғасырлар бойы ел бірлігінің символына айналды.
Сол бай мұраның жарқын көрінісі Жамбыл облысының аумағында да молынан сақталған. Атап айтқанда, бүгінде облыс орталығы саналатын Тараз – Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ежелгі қалалардың бірі ретінде тарихта ерекше орын алады. Мыңдаған жылдар бойы бұл шаһар сауда мен мәдениеттің, ғылым мен өркениеттің орталығы болған. Бүгінде Тараз қаласында және оның маңында орналасқан Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері ортағасырлық сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері ретінде ел мақтанышы саналады. Бұл тарихи ескерткіштер халқымыздың рухани дүниесі мен сәулет мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын айқын көрсетеді.
тасқа таңбаланған тылсым

Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сәулет кешені – әлі күнге дейін жұмбағы толық ашылмаған, әлем ғалымдарының назарын аударып отырған бірегей тарихи нысан. Ал Меркі өңіріндегі көне түркі мүсіндері мен балбал тастар түркі дәуірінің мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді.
Мемлекет басшысы кезекті құрылтайда тас мүсіндер өркениетке бастар алғашқы қадамдардың айқын көрінісі екенін ерекше атап өтті. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы өңірде сақталған петроглифтердің бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға ықпал етеді.

– Заманында бабаларымыз елге, туған жерге, Отанға қатысты мәселелерді құрылтайда бас қосып шешіп отырған. Сол тарихи дәстүрді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңғыртып отыр. Президент өз сөзінде руханиятта болып жатқан жағымды жаңалықтарға тоқталды. Оның: «Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын», – деген сөзі өңіріміздегі Қарасай шатқалындағы петроглифтердің бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден мүмкін деген үмітімізді үкіледі, – дейді Сауран Қалиұлы.
Археолог-тарихшы Сауран Қалиев айтып отырған бұл нысан Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы Қарасай шатқалында. Петроглифтер қола және ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш саналады. Сондықтан да 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған. Ал 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖШС экспедициясы есепке алып, жинаққа енгізген.
Экспедиция кезінде ғалымдар суреттердің кейбірі шатқалдың орта тұсындағы биік жартастарға, аздаған бөлігі қырдағы тастардың тегіс бетіне салынғанын байқаған. Мұнда негізінен адам бейнесімен бірге тауешкі, бұғы, елік, түйе, бұқа сынды жануарлардың сұлбасы қашалған. Бұқалар мен түйелердің бейнелері ірі көлемде және нүктелеу тәсілімен салынған. Басқа да аңдардың нобайлы бейнелері білінеді. Қарасай шатқалындағы тастардың беттерінен отыздан аса бейне анықталған.
Аталған петроглифтердің ішінде күн басты Сібір бұғысының бейнесі ерекше көзге түседі. Тарихшылар мұндай бейненің ежелгі қола дәуірінде көптеп салынғанын мәлімдейді. Аң стилінде салынған суреттердің арасынан ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кезіктіруге болады. Бұл жылқы малы қолға үйретілген энеолит кезеңінде салынған бейнелер болуы мүмкін.
Жалпы, Қарасай петроглифтерінде адамдардың аңшылық іс-әрекеттері сомдалған. Ал кей бейнелерде тауешкілерді асқан шеберлікпен бейнелеу сол қоғамда бұл аңның киелі аңдар қатарына жатқызылғанын айғақтайды. Жартастағы суреттердің арасында кейде түйе бейнелері де кездеседі. Әрі суреттерден ерте заманнан түз тағылары мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары байқалады. Бұл наным-сенімдер қазақ халқының дәстүрлі ғұрпында күні бүгінге дейін сақталған. Өйткені қазақ халқы әлі де төрт түлік малды қасиет тұтады. Жалпы, қола дәуірінен бізге жеткен теңдессіз мәдени мұра арқылы бүгінгі ұрпақ сол дәуірдегі тас қашаушы шебер суретшілердің сол кездегі өмірге көзқарасын, таным-түсінігін тани алады.

Тарихты түгендеудің түрлі жолы бар

XXI ғасырда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) тарих ғылымының дамуына жаңа серпін берді. Бұрын тарихи деректерді зерттеу тек архивтер мен кітапханалардағы қолжазбалар арқылы жүзеге асса, қазір технологияның арқасында деректерді жинау, сақтау, өңдеу және талдау әлдеқайда жеңілдеді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында арнайы тоқталып: «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе», – деген болатын.
Сондай-ақ ел Президенті халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдайтынын жеткізді.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қажеттігін ерекше атап өттім. «Ұлттық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ өз сөзінде Президент еліміздің соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеткенін айтып, биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталатынын тілге тиек етті.
«Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көпсериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет. Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады.
Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге де баса мән береміз. Қыркүйекте ресейлік әріптестерімізбен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде алдағы күндері Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығатынын жеткізді.
«Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл тарихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЮНЕСКО-ның төрінде тұратын мұралар

Қазақстан – бай тарихи-мәдени мұрасы бар ел. Ұлы Дала төсінде ғасырлар бойы түрлі өркениеттер өмір сүріп, әлемдік тарихқа өлшеусіз үлес қосқан. Алайда бұл байлықтың әлемдік деңгейде дұрыс таныстырылуы үшін ЮНЕСКО-ның адамзаттық мәдени мұра тізіміне еліміздің тарихи нысандары мен хатқа түскен материалдардың көптеп енуі аса маңызды. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарихи орындарымыздың сақталуына, олардың ғылыми зерттелуіне және қалпына келтірілуіне ерекше назар аударып ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу жұмыстары бойынша нақты қадамдар жасау қажеттігін айтты.
«Бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілді. Соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, Президент бастамалары арқылы тарихи мұраларымыздың халықаралық деңгейде танылуы, ЮНЕСКО тізіміне енуі және цифрлық форматта сақталуы еліміздің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы көтеріп отырған мәселені қоғам болып қолдау – ұлттық мүддеге сай, болашаққа бағытталған дұрыс шешім.
Қорыта айтқанда, тарих – өткеннің естелігі ғана емес, ұлттың рухани өзегін қалыптастыратын, болашаққа бағыт-бағдар беретін темірқазық. Ұлы даланың әрбір қыры мен тасы, әрбір тарихи орын мен көне жәдігері халқымыздың сан ғасырлық тағдыры мен жасампаздық рухынан сыр шертеді. Оларды сақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа аманат ету – бүгінгі буынның басты міндеті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.