Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Бірер уақытта білім ордаларында алғашқы қоңырау сыңғырлап, жазғы демалыстың қызығын артқа тастаған мыңдаған оқушы мектептеріне қайта оралады. Бірі балалықтың бал дәуренін артқа қалдырып, білім әлемінің алғашқы баспалдағына қадам басса, енді бірі жаңа оқу жылына тың мақсат, жаңа арман, асқақ үмітпен келмек.
Баршаға белгілі, қазіргі таңда білім беру саласы қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағын айқындайтын стратегиялық маңыз- ды бағыттардың біріне айналды. Заманауи білімнің басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, адалдықты ардақтайтын, жауапкершілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.
Білім – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыратын, мемлекеттің кемел келешегіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшыл Әбу насыр әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тағылымды сөзі бүгінгі күннің де өзекті ұстанымдарының бірі екені сөзсіз.
Бүгінде Тараз қаласында 330 білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның 142-сі мемлекеттік, 156-сы жекеменшікке тиесілі. Өткен оқу жылы шаһардағы білім ордалары үшін зор табыспен аяқталды. Бұл тұрғыдағы басты көрсеткіштердің бірі – оқушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында көрсетіп жүрген жетістіктері. Өткен оқу жылы қала оқушылары халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда 21 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 9 оқушы – алтын, 6 оқушы – күміс, 6 оқушы – қола медаль иегері атанды.
Ал республикалық деңгейдегі жарыстарда 74 оқушы жүлделі орынға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті. Оның ішінде 24 оқушы – алтын, 28 оқушы – күміс, 22 оқушы – қола медаль иегері атанды. Бүгінгі күнге қала оқушыларының халықаралық және республикалық деңгейдегі жүлдегерлердің саны 95-ті құрап, Жамбыл облысы құрама командасының І орын алуына өз үлестерін қосты. Жүлдегерлер саны өткен оқу жылымен салыстыр- ғанда 16-ға артты. Бұл – шәкірттеріміздің ғана емес, оларды дайындаған ұстаздардың да еңбегінің жемісі
Қаламыздағы екі мектеп респуб- ликалық «Ең үздік олимпиадалық 100 мектеп» қатарына еніп, өңір мерейін үстем етті. Бұл жетістік – жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың жоғары деңгейдегі білім сапасы мен жүйелі дайындықтарының айқын көрсеткіші. Олимпиадалық білім бәсекесінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы үздіктер қатарынан табылды. Бұл табыстар – педагогтердің кәсіби шеберлігі мен оқушылардың білімге деген ынтасының нәтижесі.
Жас дарындарға берілген мүмкіндіктер олардың білім жолындағы жаңа белестерге қадам басуына жол ашуда. «INFOMATRIX- ASIA 2026» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болған №41 гимназия оқушыларына Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті тарапынан үш білім гранты берілді. Ал ғылыми жобалар байқауында алтын медаль иеленген №49 мектеп-гимназиясының оқушысы Бақытжан Сырым Алматы қаласындағы СДУ университетінің 100 пайыздық оқу грантына ие болды. Мұндай нәтижелер оқушылардың білімдегі жетістігінің нақты мүмкіндіктерге ұласатынын көрсетеді.
Ұстаз жетістігі – білім сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Оқушы жетістігінің артында әрдайым ізденімпаз, білікті әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздың еңбегі тұрады. Сондықтан қала педагогтерінің кәсіби жетістіктері де білім саласының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып отыр.
Оқу жылында Тараз қаласының педагогтері халықаралық және республикалық кәсіби байқауларда 40 жүлделі орынға ие болып, көрсеткіш өткен жылмен салыс- тырғанда 19-ға артты. Бұл – ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен жаңашылдыққа ұмтылысының айқын көрінісі.
Педагогтердің кәсіби жетістіктерінің қатарында республикалық «Үздік педагог–2025» конкурсының жеңімпазы атанған №45 гимназияның тарих пәні мұғалімі Лаубай Тоғжанның жетістігін ерекше атап өткен жөн.
Сондай-ақ педагогтер республикалық «Олимп шыңы», «Алтын тұғыр» олимпиадалары, «Педагогикалық идеялар» фестивалі, «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Математикалық регата», «Үздік жыл психологі» конкурстарында жүлделі орындарға ие болды.
Бұл нәтижелер қала ұстаздарының өз пәндерін жетік меңгерумен қатар, заманауи білім беру талаптарына сай жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, тәжірибесін жетілдіруге ұмтылатынын аңғартады. Педагогтердің кәсіби дамуы – оқушының сапалы білім алуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор.
Білім мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілген облыс- тық рейтинг нәтижесі бойынша «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №45 бөбекжай-бақшасы, «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №8 бөбекжай-бақша марапатталса, облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының иеленуі де қуантарлық жағдай.
Биылғы оқу жылынан да күтеріміз өте мол. Қаладағы 300-ден астам білім беру ұйымының негізгі бөлігін мемлекеттік мектептер құрайды. Жаңа оқу жылында шаһардағы 115 оқу ордасына алдын ала болжам бойынша 9 759 бала 1-сыныпқа қабылданады. Яғни, мыңдаған бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басқалы отыр. Алайда, 1-сыныпқа қабылдау үдерісі тамыз айының 31-не дейін жалғасатынын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де арта түсетіні сөзсіз. Биылғы оқу жылында да білім сапасын арттыру, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту, ұстаздардың кәсіби әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Себебі бүгінгі мектептің міндеті – тек білім беріп қана қою емес, ел ертеңіне жауап бере алатын, ойы озық, талабы таудай, білімі терең ұрпақ тәрбиелеу.
Айгерім АЛТЫНБАЕВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы