Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ел дамуының негізгі бағыттары айқындалып, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, ғылым мен білімді дамыту мәселелері кеңінен қамтылды.
Мемлкет басшысы өз Жолдауында жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру қажеттігін де ерекше тілге тиек етті. Себебі қазіргі дәуір – білім мен технологияның дәуірі. Жасанды интеллектіні меңгерген ұлт қана әлемдік бәсекеде алдыңғы қатардан көріне алады. Президент атап өткендей IT саласына қызығушылығы танып нәтижеге жеткен жастар аз емес. Солардың бірі – Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Арнұр Артықбай.
Ол жақында әлемдегі ең беделді мектеп оқушыларына арналған STEM байқауларының бірі саналатын АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF-2026 халықаралық ғылыми-инженерлік жобалар байқауында әлемнің 70-ке жуық елінен қатысқан 1 700-ден астам жас ғалым мен өнертап- қыштың ортасынан оза шауып Special Award санаты бойынша бірінші орын жеңіп алды.
Жерлесіміз байқаудағы жеңісінен бөлек, Сауд Арабиясындағы King Fahd University of Petroleum and Minerals университетінің толық білім грантын, сондай-ақ 400 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.
Аталған жобаны халықаралық қазылар алқасы жұмыстың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын жоғары бағалады. Сарапшылардың пікірінше, зерттеу деңгейі көптеген мектептік жобалардан едәуір жоғары.
Жалпы Арнұр ұсынған ғылыми жоба «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты анықтау жүйесі» тақырыбына арналды. Жас ғалымның ғылыми жобасы жасанды интеллект технологиялары арқылы медициналық кескіндерді талдап, қатерлі ісік белгілерін автоматты түрде анықтауды көздейді. Жүйе рентген және басқа да медициналық суреттердегі өзгерістерді сараптап, дәрігерлерге ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.
Ерекше атап өтерлігі, биылғы Regeneron ISEF байқауында Арнұр Артықбайдың жобасы Қазақстан атынан марапатқа ие болған жалғыз жұмыс атанды.
Арнұр – тек өз мектебінің емес, бүкіл елдің мақтанышы. Ол өзінің еңбексүйгіштігі мен табандылығының арқасында алдағы күндері де биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Жансая ӘЛІМБЕТ,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті