Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қалалық жерде құрбан шалу мәдениеті

0 59

Құрбан айт – мұсылман үмбеті үшін ұлық әрі рухани мәні терең мерекелердің бірі. Бұл күндер – Алла Тағалаға жақындау, шүкіршілік ету, қайырымдылық жасау және қоғамдағы мейірімділікті арттыру кезеңі. Қазіргі таңда, әсіресе қалалық ортада, бұл мерекені өткізу тек діни рәсімді орындаумен шектелмей, оны мәдениетті, жауапкершілікпен және қоғамдық талаптарға сай ұйымдастыру маңызды болып отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде құрбан шалатын орындарды дайындау, қауіпсіздік пен тазалық шараларын сақтау, сондай-ақ қасапшыларды оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл құрбан шалудың тек діни ғана емес, қоғамдық маңызы зор екенін көрсетеді.
ҚМДБ тарапынан жыл сайын ұлық мереке қарсаңында барлық өңірлерде арнайы брифинг өткізіліп, жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде құрбан шалуға арналған орындар белгіленеді. Қалада арнайы белгіленген орындарда мал сою – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай жерлерде санитарлық талаптар сақталып, ветеринарлық бақылау жүргізіледі және қалдықтарды жою жүйесі жолға қойылған.
Ал көпқабатты үйлердің аулаларында немесе бейімделмеген жерлерде мал сою – қоғам талабына да, Ислам әдебіне де қайшы. Бұл әрекеттер басқа тұрғындарға қолайсыздық туғызып, қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін. Сондықтан әрбір мұсылман осы мәселеге саналы түрде мән беріп, белгіленген орындарды таңдауы тиіс.
Исламда тазалық мәселесі үнемі бірінші кезекте. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», – деген. Сондықтан қалалық жерде құрбан шалу барысында тазалық мәселесі ерекше маңызға ие. Қан, ішек-қарын және басқа да қалдықтарды бейберекет тастауға болмайды. Олар міндетті түрде арнайы орындарға жиналып, тиісті тәртіппен жойылуы қажет. Бұл – тек санитарлық талап емес, шариғаттың да маңызды қағидаларының бірі.
Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау – әрбір мұсылманның міндеті. Қалдықтарды дұрыс жоймау экологиялық зиян келтіріп қана қоймай, қоғамда Ислам дініне қатысты теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан тазалықты сақтау – біздің дініміздің көркемдігін көрсетудің бір жолы.
Құрбан шалу кезінде малды қинамау, оны азаптамай сою – шариғаттың негізгі талаптарының бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар. Алдын ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар», – деген.
Құрбан шалынғаннан кейін оның етін дұрыс үлестіру – шариғаттағы маңызды амалдардың бірі. Сүннет бойынша ет үш бөлікке бөлінеді: бір бөлігі – өз отбасына, екіншісі – туыстар мен көршілерге, ал үшінші бөлігі – мұқтаж жандарға беріледі. Мұқтаж жандарға құрметпен қарап, олардың абыройын сақтай отырып көмек көрсету – Ислам әдебінің көрінісі.
Айт күні отбасымен бірге дастархан басында жиналу, үлкендердің батасын алу, туыстар мен көрші-қолаңды зиярат етіп, бір-біріне ізгі тілек айту – мерекенің одан әрі шырайын ашып, сауабын еселейді.
Алла Тағала ниеттерімізді қабыл етіп, жасаған ізгі амалдарымызға береке берсін!

Ерболат ЖҮСІПОВ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.