Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құрбан малдың бағасы қанша?

0 62

Биыл мұсылмандардың қасиетті мерекесі Құрбан айт 27 мамырдан басталады. Құрбандықтың мәні неде? Құрбандыққа қандай мал шалған жөн? Базардағы баға қандай? Ал ең бастысы биыл енген ерекшелік – онлайн құрбандық қалай жасалады? Зер салып, зерделеп көрсек…
Құрбан айт дегеніміз тек мал сою емес, рухани тазару мен ізгілікке үндейтін құлшылық. Бұл күні мұсылмандар Аллаға жақындау ниетімен құрбан шалып, етін мұқтаж жандармен бөліседі. Құрбандыққа кез келген мал жарай бермейді, шариғатта оның түрі, жасы мен денсаулығына қатысты нақты талаптар бар. Құрбандық еті отбасы мүшелеріне, туған-туысқа, көршіге және мұқтаж адамдарға таратылып, қоғамдағы ауызбіршілік пен қамқорлықты күшейтеді.

Құрбан сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, адам игі амалдар жасап, Жаратқанның разылығына ұмтылу арқылы Оған рухани тұрғыдан жақындайды. Исламда құрбан шалу – белгілі уақытта Алланың ризашылығы үшін арнайы шарттарға сай мал бауыздау ғибадаты.
Исламда Алла Тағалаға құрбандықтың қаны немесе еті емес, адамның ықыласы мен ниеті маңызды саналады. Сондықтан құрбандыққа шалынатын малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Бұл – мұсылманның Жаратушысына деген құрметінің белгісі.
Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, сиыр немесе түйе шалынады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынса, ірі қара мен түйені жеті адамға дейін бірігіп союға болады. Алайда олардың бәрінің ниеті құрбандық шалу болуға тиіс.
Малдың дені сау әрі айқын кемшілігі болмауы керек. Соқыр, қатты ақсақ, тым арық, ауыр дертке шалдыққан немесе дене мүшесінің басым бөлігі зақымданған мал құрбандыққа жарамсыз саналады. Ал мүйізі жартылай сынған, құлағы тесілген не піштірілген малды шалуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ мал белгілі жасқа толуы қажет. Қой мен ешкі – бір жасқа, сиыр – екі жасқа, ал түйе бес жасқа жетуге тиіс. Кей жағдайда ірі әрі қоңды тоқтыны да құрбандыққа шалуға болады, бірақ шариғатта белгіленген жасқа жеткен малды таңдау абзалырақ деп есептеледі.
Қайтыс болған адамның атынан сауап ниетімен құрбан шалуға рұқсат етіледі. Алайда шариғат бойынша өзіне құрбан шалу міндеттелген адам алдымен өз атынан құрбандық шалуы қажет.
Марқұмның атынан шалынатын құрбандық та Құрбан айт күндері орындалуы тиіс. Мұндай құрбандықтың етінен оны шалған адам да, өзгелер де дәм тата алады. Ал егер өмірден өткен адам көзі тірісінде арнайы өсиет қалдырған болса, онда оның атынан шалынған құрбандықтың етін мұрагерлері тұтынбайды. Бұл жағдайда ет толықтай мұқтаж жандар мен аз қамтылған адамдарға таратылуы керек.
Қазақстан діни басқармасында QURBAN 2026 арнайы Қазақстан бойынша жасалған қосымша ашылды. Сілтемеге кіріп құрбандық шалу әрі шалған құрбандығыңыз- дың соңына дейін орындалғаны жайлы ақпаратты немесе құрбандық етін алу туралы тапсырыс беру мен өтініш қалдыру таңдауларын таңдайсыз. Өзіңіз жайлы керекті ақпаратты жазып, Қазақстанның қай өңірінен екенін нақтылайсыз. Ақысын онлайн төлеп үйден шықпай-ақ құрбандық шала аласыз. Бастысы ішкі ниет болу керек.
Құрбан айт қарсаңында респуб- лика бойынша мал соятын арнайы орындар белгіленді. Бұл туралы 18 мамырда спикер Ермек Қасболатұлы мәлім етті. Оның айтуынша, құрбандық шалуға арналған орындар еліміздің барлық облыс орталықтарында қарастырылған. Астанада құрбандық шалатын арнайы орын ретінде «Big Shanghai» және «Жайлау» базарлары белгіленген. Спикер биылғы мал бағасына да тоқталды, «Қазір әр малшы өз жағдайына қарай нарықтық бағамен сатып жатыр. Облыстардан алдын ала сұратылған мәліметтерге сәйкес, мал бағаларын арнайы сайттан көруге болады. Сайттағы мәліметке сәйкес, Қазақстан бойынша бір қойдың орташа құрбандыққа шалу құны – 125 мың теңге, ірі қараны жеке атынан шалғысы келетін азаматтар үшін баға – 875 мың теңге, ал жеті адам бірігіп шалатын болса, әр адам 125 мың теңгеден төлейді. Айта кетейік, Құрбан айт күндері еліміз бойынша онлайн құрбандық шалу қызметі де қолжетімді болады» – деді спикер.
Жамбыл облысында да баға әртүрлі. Ірі қой бағасы 130-150 мың теңге аралығында. Тоқтыны – 100 мыңға алуға болады. Ал ірі қара мал бағасы 500 мың мен 1 миллион теңге аралығында саудалануда. Бұл енді әркімнің шама шарқына қарай таңдалатын дүние.
Құрбан айт 27 мамыр басталғанымен 26 мамыр Арафа күні жұртшылық құрбандыққа ниет етіп, иіс шығарып дайындалады. Сондай-ақ 26 мамырда ұстаған бір күндік оразаның сауабы таудай болады.
Сонымен қатар Бас мүфти кәсіпкерлерді Құрбан айт алдында мал бағасын көтермеуге шақырды. Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді Құрбан айт қарсаңында мал бағасын жасанды түрде өсірмеуге үндеді. Ол мерекенің тек діни емес, бірлік пен мейірімділіктің белгісі екенін айтып, бизнес өкілдерін халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, мал мен азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақыруда.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.