Ауыл шаруашылығы саласында техниканың орны ерекше. Қазіргі таңда егін және мал шаруашылығында тракторлар, комбайндар, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникалары, мелиорация- лық және жол-құрылыс машиналары кеңінен қолданылады. Бұл техникалардың барлығы өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына ықпал етуде. Алайда кез келген техниканы заң талаптарына сәйкес тіркеу, оның техникалық жағдайын бақылау және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету – аса маңызды міндеттердің бірі.
Осы бағыттағы негізгі жұмыстарды ауыл шаруашылығы бөлімінің техникалық инспекторлары жүзеге асырады. Олардың басты міндеттерінің бірі – тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды мемлекеттік тіркеуден өткізу.
Мемлекеттік тіркеу – техниканың заңды түрде есепке алынуын қамтамасыз ететін маңызды рәсім. Бұл жүйе арқылы әрбір техниканың иесі, техникалық сипаттамасы, шығарылған жылы және пайдалану жағдайы нақты бақылауға алынады. Тіркеудің басты мақсаты – техникаларды заңсыз пайдаланудың алдын алу, қауіпсіздікті сақтау және мемлекеттік бақылауды күшейту.
Техникалық инспекторлар тіркеу барысында техниканың құжаттарын тексеріп, оның техникалық сәйкестігін анықтайды. Сонымен қатар техника нөмірлері мен агрегаттарының заң талаптарына сай келуі мұқият қаралады. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы техникаларының бірыңғай дерекқорын қалыптас- тыруға және техникалардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларының саны артып келеді. Осыған байланысты техникалық инспекторлардың жұмысына жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Әсіресе заманауи техникалардың электрондық жүйелері мен жаңа технологияларын меңгеру – уақыт талабы. Сондықтан техникалық инспекторлар кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп, заңнамадағы өзгерістерді жіті бақылап отырады.
Мемлекеттік тіркеудің тағы бір маңызды қыры – қауіпсіздік мәселесі. Уақытылы тіркелген және техникалық талаптарға сәйкес келетін техника ғана өндірісте сенімді қызмет атқара алады. Бұл еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар техникалық инспекторлар техника иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау жөнінде кеңес береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Мөлдір Калмаханова,
Тараз қалалық ауыл
шаруашылығы бөлімінің
бас маманы