Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелеріне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі базасында «Оңтүстік» аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Сәкен Ермекбаев, сондай-ақ прокуратура органдарының ардагерлері – Ерлан Сатыбалдиев, Хамит Сыдықов, Кулумбет Әбдіқұловтармен кездесу өтті.
«Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын кеңінен насихаттау, әскери қызметшілердің құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруды мақсат еткен шара «Сарбазға прокурорлық кеңес» жалпыреспубликалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында әскери прокурор әскери қызмет саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери тәртіпті сақтау және қызмет барысында заң талаптарын бұлжытпай орындаудың маңыздылығы атап өтілді. Әсіресе, әскери ортадағы құқықтық жауапкершілік пен тәртіптің сақталуы бөлімнің жауынгерлік қабілетінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екені айтылды.
Прокуратура органдарының ардагерлері өз сөздерінде көпжылдық қыз- мет тәжірибелерімен бөлісіп, әскери борышты абыроймен атқару, Әскери антқа адал болу, командирлердің бұйрықтарын мүлтіксіз орындау және жеке жауапкершілікті сезіну әрбір сарбаз үшін басты міндет екенін жеткізді.
Шара ашық диалог форматында өтіп, әскери қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарын еркін қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Қызмет өткеру ерекшеліктері, әлеуметтік кепілдіктер, құқықтық қорғалуы және әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау тетіктері кеңінен талқыланды.
Бұған қоса шара аясында қонақтарға әскери бөлімнің қызметі таныстырылып, қару-жарақ, әскери техника және әскери киім үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар бөлім музейіне экскурсия ұйымдастырылып, сарбаз тағамдары ұсынылды.
Кездесу соңында қызметте, жауынгерлік дайындықта және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында оң нәтижелер көрсеткен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.
Дархан БАЙПАҚ,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ
ұйымдастыру және жастар бастамаларын қолдау
секторының меңгерушісі