Айгерім АЛТЫНБАЕВА,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы
Қай кезеңде болсын табыстың басты кепілі – сапалы білім. Өйткені білімді ұрпақ – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын, қоғамның дамуына серпін беретін негізгі күш. Бүгінгі жаһандану дәуірінде бәсекеге төтеп беру үшін, ең әуелі, білім мен тәрбиеге басымдық беру қажет екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда «Ел болашағы – саналы ұрпақтың қолында» деген ұранды ұстанымның мәні мен маңызы жыл өткен сайын арта түсуде.
Қазір мемлекет тарапынан оқу-ағарту саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, өскелең ұрпақтың заман талабына сай білім алуына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалуда. Бұл бағытта Тараз қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып, жемісті жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай, шаһардағы оқу ордаларының желісі кеңейіп, өрендердің сапалы әрі қолжетімді білім алуға деген мүмкіндіктері арта түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», – деп атап өтіп, үш ауысымды мектептерді жою туралы нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президенттің осы тапсырмасы жүйелі жүзеге асырылып, соңғы 2 жылдың өзінде ішінде Таразда 4 жаңа мектеп пен 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқушы орнының тапшылығы мен үш ауысым мәселесі толық шешімін тапты. Бұл – білім саласындағы ірі жетістіктердің бірі. Сондай-ақ қалада тағы бір мектептің жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі білім беру жүйесін дамыту тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен ғана шектелмейді. Заманауи талаптарға сай білім беру үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту аса маңызды бағыттардың біріне айналды. Себебі саланың сапасы, ең алдымен, оқушы мен мұғалімге жасалған қолайлы ортаға, оқу кабинеттерінің жабдықталуына, заманауи технологиялардың қолжетімділігіне тікелей байланысты. Материалдық-техникалық базаның нығаюы мұғалімдердің де кәсіби жұмысын жеңілдетеді. Жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы педагогтар сабақты қызықты әрі мазмұнды өткізіп, оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға жол ашылады. Осы мақсатпен қаладағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту кезең-кезеңімен қолға алынуда. Ағымдағы оқу жылында оқу ордалары заманауи пән кабинеттерімен, компьютерлік құрылғылармен және интерактивті тақталармен жабдықталды. Бұл оқушылардың білімді терең меңгеруіне, ақпараттық технологияларды еркін пайдалануына және әртүрлі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетуіне мол мүмкіндік берді.
Биылғы 2025-2026 оқу жылын Тараз қаласында 323 білім мекемесі аяқтайды. Оның 142-сі – мемлекеттік, 181-і – жекеменшік білім ұйымдары. Шаһар аумағындағы мемлекеттік – 80, жекеменшік – 33, жалпы саны 113 мектепте 96 938 оқушы білім алуда. Оның ішінде 9-сыныпты – 8 442 оқушы, ал 11-сыныпты 5 620 түлек тәмамдағалы отыр. Осы ретте айрықша атап өтерлігі, ағымдағы оқу жылында 137 талапкеріміз «Алтын белгі» белгісіне үміткер болса, 220 түлек үздік аттестатқа үміт артуда. Бұл да қаладағы білім сапасының жоғары деңгейде екенін аңғартатын көрсеткіш екені сөзсіз.
Жоғарыда айтқанымыздай, ел болашағы – білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақтың қолында. Сондықтан бүгінгі таңда мектеп оқушыларының түрлі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, шығармашылық және зияткерлік сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болуы тек жеке жетістік қана емес, мемлекет дамуының маңызды көрсеткішіне айналды. Мұндай жеңістер жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын, ізденімпаздығын және еңбекқорлығын айқын көрсетеді. Білім бәйгелерінде оза шапқан оқушылар – еліміздің ертеңгі ғылым, медицина, техника, мәдениет және өзге де салаларындағы білікті мамандары. Олар әр жарыста өз білімдерін дәлелдеу арқылы туған жерінің ғана емес, тұтас елдің мерейін үстем етеді. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде, білім мен ғылым бәсекесі күшейген шақта мұндай жетістіктердің маңызы зор. Әрбір оқушының жеңісінің артында ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен ата-ананың қолдауы жатыр. Дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде көптеген жас өрен биік белестерді бағындыруда. Бұл өз кезегінде білім саласының сапасын арттырып, кейінгі буынға үлгі болады.
Биылғы оқу жылы тараздық жас дарындар үшін толайым табысқа толы болды. Озат өрендеріміз халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында, спорттық және шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, оқушыларымыздың халықаралық деңгейде – 20, республикалық деңгейде 66 жүлделі орынға ие болып, 23 алтын, 26 күміс және 17 қола медаль жеңіп алуы – біз үшін зор мақтаныш. Әсіресе, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобалау байқауы, «Ғылым әлемін ашамыз», «INFORMATRIX-ASIA-2026», «Fibonacci International Robot Olympiad» сияқты халықаралық додаларда, сондай-ақ республикалық интеллектуал- дық жарыстарда тараздықтар ерекше көзге түсті. Нақтырақ тоқталсақ, №1, 3, 5, 7, 8, 11, 15, 23, 24, 39, 40, 41, 45, 47, 49, 53, 64, 66, 67 мектептері, Б.Бесбаев атындағы, Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиялары, А.Макаренко атындағы орта мектеп оқушылары мен Техникалық шығармашылық орталығының білім алушылары жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.
Рухани-танымдық бағыттағы байқауларда да тараздық оқушылар құр алақан қалған жоқ. Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алу мақсатында өткен республикалық VIII «Абайтану» және Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаларда 4 оқушы жүлдегер атанды. Ал Маралтай және Ақберен оқуларында 5 оқушы жүлделі орын иеленіп, сөз өнерінің шеберлігін танытты. Жас зерттеушілер де өз білімдерін жүйелі түрде дәлелдеп келеді. Республикалық «Зерде» конкурсында 13 оқушы жоғары бағаға ие болып, жүлделі орындарды еншілегені – осы сөзіміздің айқын айғағы.
Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеп, ел ертеңін қалыптастыратын киелі шаңырақ. Ал сол мектептің жүрегі, тірегі әрі шамшырағы – ұстаз. Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен ізденісі, шығармашылығы мен жаңашылдығы білім сапасының артуына тікелей әсер етеді. Бүгінде елімізде педагогтардың мәртебесін көтеруге, олардың тәжірибе алмасуына және кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Соның жарқын көрінісі – түрлі деңгейде ұйымдастырылатын білім бәйгелері мен кәсіби байқаулар. Мұндай зияткерлік сайыстары педагогтардың өз тәжірибесін шыңдап, заманауи білім беру тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді. Сонымен қатар ұстаз жетістігі шәкірттерге де үлкен серпін сыйлап, білімге деген құштарлықты арттырады.
Биыл толайым табыстардан тараздық мұғалімдер де кенде қалған жоқ. Мысалы, қала педагогтары жыл ішінде халықаралық және республикалық кәсіби байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, 50-ге жуық жүлделі орынға қол жеткізді. Оның ішінде республикалық «Үздік педагог» атағына №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай ие болды. Сондай-ақ «Олимп шыңы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Алтын тұғыр», «Педагогикалық идеялар», «Математика регата» кәсіби конкурстарында 35 педагог жүлдегер атанды. Осының өзі білім саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі жоғары екенін айғақтайды.
Білім беру жүйесінің бүгінгі басты міндеті тек оқушыға теориялық білім беру ғана емес, сонымен қатар оны жан-жақты дамыған, рухани тұрғыдан бай, қоғамға пайдалы тұлға етіп қалыптастыру болып отыр. Осы орайда ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлудің маңызы күн санап артып келеді. Өйткені білім мен тәрбиенің бір-бірінен ажырағысыз екені – уақытпен дәлелденген ақиқат. Бұған әлемнің екінші ұстазы атанған атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген тағылымды тәмсілі дәлел болады. Оның үстіне, қазіргі жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың тек ақпараттық біліммен шектелмей, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі, адамгершілік қасиеттерді сақтауы, отансүйгіштік рухта тәрбиеленуі аса маңызды. Себебі тәрбиелі ұрпақ қана алған білімін дұрыс мақсатқа бағыттап, елдің дамуына үлес қосуға қабілетті. Сондықтан білім беру ұйымдарында оқу үдерісімен қатар тәрбие жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара байланыс нығайып, ортақ мақсатқа жұмыс істеген жағдайда ғана жас ұрпақтың бойында дұрыс құндылықтар қалыптасады.
Аталған мақсатпен осы оқу жылы барысында қалада «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында көптеген маңызды бастамалар мен түрлі жобалар жүйелі түрде іске асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты білім беру ұйымдарындағы тәрбие үдерісін күшейту, оқушылардың бойында адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру болды. Осы ретте мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру мәселесі де басты назарға алынып, ерекше мән берілді.
Осыған орай, балаларды ұлттық құндылықтарға баулу, олардың танымдық қабілетін дамыту және ойын арқылы тәрбиелеу мақсатында мазмұнды жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 1 000 ойын жаңартылып, олардың мазмұны қазіргі талаптарға сай жетілдірілді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мен сапалы дамуына бағытталған 264 ойыншық патенттеліп, педагогикалық тәжірибеде қолдануға ұсынылды. Одан бөлек, қала педагогтары тарапынан әзірленген «Ойын сиқырының құпиялары», «Дамытушы 1 000 ойын» атты әдістемелік жинақтар жарық көріп, республика көлемінде тәжірибе ретінде кеңінен таратылды.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауатын арттыру бағытында да жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Буллингтің, киберқауіптердің және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Цифрлық әлемге қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары қолға алынды. Мектептердегі тәрбие жұмыстары құқық қорғау, денсаулық сақтау және ішкі саясат салаларындағы мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланыста ұйымдастырылды. Осы өзара ықпалдастық нәтижесінде оқушылар мен ата-аналарға құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде, үздіксіз жүргізіліп отырды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға және алдын алу шараларының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік берді.
Отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға да ерекше көңіл бөлінді. Баланың тұлға ретінде қалыптасуында ата-ананың, әсіресе, әкенің рөлі маңызды екені ескеріле отырып, әкенің отбасындағы рөлін арттыру және әкелер институтының қоғамдағы беделін көтеру мақсатында барлық мектепте «Әкелер форумы» ұйымдастырылды. Бұл басқосуларға білім саласының мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ұрпақ тәрбиесіндегі әкелік өнегенің маңызы кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар оқу ошақтарында сынып жетекшілерінің кәсіби рөлін нығайту және тәжірибе алмасу мақсатымен «Тәжірибе мен кәсіби даму алаңы» атты форум өткізілді. Аталған жиында үздік сынып жетекшілері өз тәжірибелерін бөлісіп, тәрбие жұмысын жетілдірудің тиімді әдістерін ұсынды, сондай-ақ педагогтардың кәсіби дамуына жаңа серпін берілді.
Жасөспірімдерді патриотизмге, тәртіпке және заң талаптарын құрметтеуге баулу бағытында да нақты қадамдар жасалды. Нақтырақ айтсақ, шаһардағы 17 мектепте «Жас сақшы» сыныптары ашылды. Бұл сыныптар арқылы оқушылар құқық негіздерімен тереңірек танысып, полиция қызметінің қыр-сырын меңгеруге, тәртіп пен заңдылық қағидаларын тәжірибе жүзінде түсінуге мүмкіндік алып отыр.
Қорыта айтқанда, қаламыздағы әрбір оқушының сапалы білім және саналы тәрбиемен қамтамасыз етілуі үшін қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, білім саласы бұдан да биік белестерді бағындыра бермек.