Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді

0 17

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Кездесуде екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Түркияны Қазақстан үшін бауырлас әрі сенімді серіктес деп атап, екі ел арасындағы тарихи тамыры терең байланыстар халықтар достығын нығайтып отырғанын айтты.

Президенттің сөзінше, қазіргі таңда қазақ-түрік қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ мемлекетаралық, үкіметаралық және парламентаралық байланыстардың жоғары деңгейде екенін жеткізді.

– Түркия – Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі. Осы уақытқа дейін Түркиядан елімізге 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Ал Қазақстанның Түркияға салған инвестиция көлемі 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар Түркия – біздің негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да маңызы ерекше аталды. Мемлекет басшысы қос халық арасындағы рухани және мәдени байланыстарды қарым-қатынастың алтын арқауы деп бағалап, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларация қабылдайтынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұл құжат қазақ-түрік қатынастарына тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму жолында айтарлықтай жетістікке жеткенін де атап өтті.

– Сіздің салиқалы саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның халықаралық беделі артып келеді. Түрік елі қуатты экономикасы мен белсенді дипломатиясының арқасында Еуропа мен Азияны, сондай-ақ күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпірге айналды, – деді Қазақстан Президенті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.