Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет

0 28

Сыбайлас жемқорлықпен күрес — Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар ең алдымен кешенді заңнамалық базаға сүйенеді. Атап айтқанда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы мен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының тұжырымдамасы қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алуға бағытталған. Заңнамада жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын жою, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалған. Бұл құқықтық нормалар мемлекеттік аппараттың тазалығын сақтаудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты құралы болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру идеясының негізінде «Адал азамат» тұжырымдамасы жатыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өз сұхбаттарында мемлекеттік қызметшінің бойындағы ең басты қасиет — кәсібилік пен қатар, ішкі мәдениет пен адалдық болуы тиіс екенін жиі алға тартады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек қағаз жүзіндегі стратегия немесе құрғақ есеп емес, ол күнделікті табанды іс-қимылды және нақты нәтижелерді талап ететін үздіксіз процесс. Осы бағытта биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған ауқымды жұмыстар қоғамдық сананың трансформациялануына айтарлықтай серпін берді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен түрлі форматта 47 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2420-дан астам азамат белсенді қатысты. Бұл көрсеткіштер қоғамның дертіне айналған келеңсіздікпен күресуге деген бұқараның ынтасы жоғары екенін аңғартады.

Ведомствоаралық ықпалдастық мәселесі де басты назарда болып, Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың нақты жолдары мен тиімді тетіктері талқыланды. Әсіресе, қаржылық және әкімшілік тәуекелдері жоғары деп танылған білім беру, спорт және денсаулық сақтау салалары ерекше бақылауға алынды. Мұндай мақсатты жұмыстар бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалап, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде комплаенс-офицерлердің рөлі ерекше маңызға ие болып отыр. Оларды мемлекеттік орган немесе мекеме ішіндегі тәртіп пен тазалықтың сақшылары деп атауға толық негіз бар. 2026 жылдың басынан бері бұл мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған арнайы семинарлар жүйелі түрде өткізілуде. Мүдделер қақтығысын реттеу және ішкі талдау механизмдерін жетілдіру — мемлекеттік аппаратты бюрократиялық кедергілерден арылту және толық ашықтыққа қол жеткізудің басты алғышарты болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақтың рөлі зор. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бірі ретінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Болашақ прокурорлар» клубының мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен басқосуда жаңадан қабылданған Конституцияның негіздері, адалдық пен әділдік қағидалары тереңінен талқыланып, жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет қалыптастыру мәселелері басты назарға алынды. Бұл кездесу болашақ заңгерлердің құқықтық санасын шыңдап, кәсіби тазалыққа деген көзқарастарын бекіте түсті.

Интеллектуалдық талқылаулармен қатар, жастардың рухын көтеріп, бірлікке шақыратын бұқаралық шаралар да өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, киелі Тектұрмас тарихи-этно мәдени кешенінде «Әділдік пен адалдық – біздің ертеңіміз!» атты ауқымды флешмоб-челленджі өтті. Өңір жастары, еріктілер мен студенттік ұйым өкілдерінің басын қосқан бұл іс-шара қоғамда парасаттылық құндылықтарын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Осылайша, теориялық білім мен практикалық белсенділік ұштасып, жас буынның «Адал азамат» қағидатын серік етуіне жол ашылды.

Жыл соңына дейін өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясындағы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын болады. Бұл бағытта аймақтың белсенді жастарын, студенттер мен мектеп оқушыларын бір арнаға тоғыстыратын ауқымды форумдар, пікірсайыс турнирлері мен креативті волонтерлік жобалар сериясын өткізу көзделуде. Негізгі меже — жастарды тек тыңдаушы ретінде емес, қоғамдық бақылау мен парасаттылық құндылықтарын насихаттаудың қозғаушы күші ретінде жұмылдыру. Осындай жүйелі басқосулар арқылы біз жас буынның санасына адалдық пен заңға бағыну қағидаларын терең ұялатып, ертеңгі күннің әділетті қоғамын құрушы нағыз «Адал азаматтарды» тәрбиелеуге басымдық береміз.

Атқарылған жұмыстардың жиынтық нәтижесі бір ғана ақиқатқа тіреледі: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек құзырлы органдардың ғана міндеті емес, ол — әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Заңның үстемдігі мен «Адал азамат» қағидаты біртұтас ұғымға айналғанда ғана біз парасыз, ашық және әділетті қоғам құра аламыз. Мемлекеттік қызметтің абыройын асқақтату, халықтың сенімін нығайту және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу — Әділетті Қазақстанның мызғымас іргетасы деп білемін. Осы жолдағы ортақ жұмыс ертеңгі жарқын болашақтың басты кепілі болмақ.

Болат Көпдікбаев,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.