Қазіргі әлем физикалық және әлеуметтік жағынан мобильді болуды талап етеді. Толыққанды ғұмыр кешу үшін адам өмір сүру аймағында да, қоршаған ортада да жайлы жағдай болуы шарт. Себебі серуендеу үшін, ауруханаға, дүкенге, білім алу үшін, әртүрлі қызмет түрлерін пайдалану үшін үйден шығып, діттеген жеріне оңай жету, жалпы еркін жүріп-тұру әр адамға қолжетімді емес. Өйткені өмірдің әр кезеңі өзінің ерекшеліктерімен бірге жүреді. Кейбіреулер үшін қауіпсіз және қолжетімді орта қажет.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен халықтың басқа да мобильділігі төмен топтары үшін кедергісіз (қолжетімді) орта қалыптастыру – мүгедектерге кеңістікте еркін жүріп-тұруға және жайлы өмір сүруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік беретін объектілер мен көліктің дизайнына, инфрақұрылымына қойылатын талаптар мен шарттардың үйлесімі.
Кедергісіз орта:
— ғимараттардың кіреберісінде және ішінде пандустар мен тұтқаларды пайдалану;
— көлбеу және тік қозғалыстағы көтергіш-көлік құралдарын орнату;
— информатор-құрылғыларды орнату (персоналды шақыру түймелері, персоналды хабарлағыштар және электрондық тактильдік-дыбыстық информаторлар) болған кезде ғана қалыптасады.
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатымен Таразда әлеуметтік инфрақұрылымның 247 нысаны толықтай бейімделді.
«АМАNАТ» партиясының Жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 320 нысанды бейімдеу көзделген. Жыл сайын нысандардың 20 пайызы бейімделіп отырады.
Осы жылдың соңына дейін қала бойынша 32 нысанды бейімдеу жоспарланған. 2026 жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша 25 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жалпы нысандардың 77 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта бейімдеуден өткен, мүгедектігі бар барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді 247 нысанның:
— денсаулық сақтау нысандары – 19;
— білім беру нысандары – 85;
— мәдениет нысандары – 3;
— мемлекеттік –16;
— өзге де нысандар – 124.
Қалада мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар кезең-кезеңімен қалыптастырылып келеді. Инфрақұрылым нысандары заманауи талаптарға сәйкес бейімделуде, ал кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер тұрғындардың өтініштерін ескеріп, кіреберіс топтары мен ішкі кеңістіктердің қолжетімділігін жақсартуда.
2024 жылы қала әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпқабатты тұрғын үйлерге еркін кіріп-шығуына жағдай жасау мақсатымен «Ұлы дала» шағынауданы мен «Арай-2» алабындағы көпқабатты тұрғын үйлерге көтергіш (подъемник) орнатылды. Бұл көтергіштер электрондық жүйемен қамтамасыз етілген.
Тараз қаласындағы жалпы саны 154 бағдаршам болса, оның 107-сіне ескертуге арналған дыбыс белгілері орнатылған. Сондай-ақ қалада қызмет көрсететін 502 қоғамдық көліктің 191-і мүгедектігі бар адамдарға арналған пандус- тармен жабдықталған.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні қалада көздері нашар көретіндер үшін 26 сигналды бағдаршам жұмыс істейді.
– Бұрын қалада қозғалу қиындау болатын, ал қазір жағдайдың жақсарып келе жатқаны байқалады. Көптеген ғимараттар ыңғайлы бола түсті, пандустар мен басқа да қажетті элементтер пайда болды. Әсіресе, сауда орталықтарының қолжетімді бола бастағаны қуантады. Мысалы, «МАРТ» сауда-ойын-сауық орталығына кедергісіз кіріп, еркін қозғала аламын. Бұл біз үшін өте маңызды», – дейді I топтағы мүгедектігі бар Эльмира Ибраева.
Кедергісіз орта құру үшін тұрғын үй объектілері мен инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін, білім алу мен жұмыс орындарын, объектілер арасындағы кедергісіз жолды ұйымдастыру қажет. Халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімді орта жасай отырып, онда тұратын әрбір адам үшін ыңғайлы болады.
Гаухар Олжабаева,
Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы