Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!
Ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерейлі мерекені еліміздің әрбір азаматы ерекше көңіл күймен қарсы алып, жеңімпаз аға буынға шексіз ризашылығын білдіреді.
Сұрапыл сұм соғыс халқымызға орасан зор қайғы-қасірет әкелді. Мыңдаған боздақ ұрыс даласында қаза тапты. Аналарымыз қайғыдан қан жұтып, балалар жетімдіктің ащы дәмін татты. Алайда біздің қаһарман жауынгерлеріміз рухын жасытпай, керісінше асқан ерлік пен батылдық танытып, Отан қорғау жолында аянбай күресті. Оның ішінде әулиеаталық сарбаздардың да қарасы қалың. Сондай-ақ қаншама жерлесіміз тылда тынымсыз тер төгіп, Жеңіс көктемін жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі арайлы ашық аспанымыз үшін олардың әрқайсысының алдында мәңгілік қарыздармыз.
Алапат қан майданнан аман-есен оралған ардагерлеріміз бейбіт күнде өңіріміздің дамуына да белсене атсалысты. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Бүгінде Тараз қаласында көзі тірі небәрі 3 майдангеріміз ғана қалды.
Қадірлі жерлестер!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ардагерлеріміздің ерлігін ұлықтап, лайықты құрмет көрсету – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл тұрғыда қаламызда кешенді шаралар кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Айталық, майдангерлерімізді әлеуметтік тұрғыдан қолдау, тұрмыс жағдайын жақсарту, денсаулығына көңіл бөлу – әрдайым басты назарымызда.
Осынау айшықты мерекеде баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақ-береке тілеймін! Еліміздің іргесі бүтін, керегесі кең, келешегі кемел болсын!
Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі